Ғылым • 11 Желтоқсан, 2024

Жаңа заң қалай жұмыс істеп жатыр?

60 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Биыл 1 шілдеде «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң қабылданды. Бұл құжатты ғылыми қауымдастық көптен күтті, талқылауларына да белсене қатысты, қазір қолданыстағы құжатта олардың ойы, көзқарасы көрініс таба алды ма? Жалпы, заң отандық ғылымның дамуына, ғалымдарымыздың жұмысын жетілдіруге қажетті деңгейде, жеткілікті жағдайда ықпал етіп отыр ма? Тиімді тұстары қандай, әлде әлі де кемшін тұстары бар ма, толықтырулар кезінде нақты нені кезек­ күттірмей енгізген жөн? Сан сауалға жауап іздеп көрдік.

Жаңа заң қалай жұмыс істеп жатыр?

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Біраз норма алынып тасталды

Осы тақырып бойынша журна­лис­тік зерттеу барысында біраз ға­лыммен тілдестік. Көбі аты-жөнін ашық көрсетіп, пікірін жа­рия­лауға қарсылық танытты. Сол рес­понденттердің бәріне дерлік ортақ бір жауап кездесті, бұл – «Біз айтқан біраз ой заңға енгізілмеді» деген мазмұндағы сөз.

Заңды әзірлеумен тікелей айна­лысқан Ғылым және жоғары білім ми­нистрлігіне қарасты Ғылым комитеті­нің төрағасы Ғалымжан Жан­қуатов осы мәселеге: «Заңды әзір­леу барысында жұмыс тобы құ­рылып, ғылыми, сараптамалық, биз­нес-қоғамдастықтар өкілдері­нің қатысуымен талқыла­нып, ұсы­ныстары ескерілген еді. Алайда мемлекеттік ұйымдармен, Парла­мент­те келісу барысында біраз норма алы­нып тасталды. Сонымен қа­тар қазіргі уақытта Парламент Мәжі­лісінің қарауына «Ғылым және техно­ло­гиялық саясат мәселелері бо­йын­ша кейбір заңнамалық актілерге өз­герістер мен толықтырулар ен­гізу туралы» заң жобасы алынды. Аталған заң жобасы аясында заңға енгізілмей қалған нормалар қайта қаралып, ғылыми қауымдастықпен талқыланады», деп жауап берді.

 

Тиімді тұстары

Комитет төрағасы заң жобасын тал­қылауларда айтылған көп ой енгі­зіл­мегенімен, қазір қолданыстағы құ­жатта ғылыми жұртшылыққа, отан­дық ғы­лымды дамытуға арналған өте орын­ды бап­тар бар екенін атап көр­сет­ті. Соның бірін­шісі – «Ғылым және тех­нологиялық саясат» заңы­ның 28-бабы. Бұл бапта ғылыми қызметті ынталандыру және ғалымдардың әлеу­меттік қорғалуын қам­тамасыз ету, сондай-ақ елдің жетекші ғалымдарын әлеуметтік қолдау деңгейін арттыру үшін «қауымдастырылған профессор (доцент)» атағы үшін 25 есеге дейін айлық есептік көрсеткіш көлемінде, «профессор» атағы үшін республика­лық бюджеттен ғылыми-зерттеу және тәжі­ри­бе­лік-конструкторлық жұмыстарды орындайтын жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамына, ғы­лыми қызметкерлерге 50 есеге дейін айлық есептік көрсеткіште қосымша ақы белгілеу көзделген.

«Заңның 29-бабында ғылыми жұмыс­тарды аяқтау үшін ғылыми ұйымдар мен жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының өз қаражаты есебінен жетекші ғалымдарға бір жылға дейін ақылы шығармашылық демалыс беру құқығы енгізіледі. 30-бабында ғалымдарға тұрғын үй сатып алуға немесе тұрғын үй жағдайын жақсартуға құқық берілді. Ал 39-бапта ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қыз­мет субъектілеріне ғылыми-зерт­теу, ғылыми-техникалық, тә­жіри­белік-конструкторлық жұ­мыс­тарға арналған шығыстар бойын­ша салықтық жеңілдіктер мен са­лық шегерімдерін беру бойынша мемлекеттік ынталандыру шаралары қарастырыл­ған. Шаралар ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жеке инвестицияларды тартуға, ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нә­ти­желерін коммерцияландырудың өсуіне бағытталған», деді комитет басшысы. Ғ.Жанқуатовтың жауабында жазылған­дай, екінші тиімді тұсын заңның 16-бабы­нан табуға болады. Онда мемлекеттің ғылы­ми-технологиялық және экономи­ка­лық саясатының өзара байланысы мақсатында идеядан сериялық өндіріске дейінгі ғылыми зерттеулерді іске асыруға ұсынылатын негізділік пен технологиялық әзірлікті (TRL) бағалаудың жаңа тетігі (TRL – экономикалық ынтымақтас­тық және даму ұйымы елдерінде пайдаланылатын технологиялық әзірліктің деңгейлері) енгізілді. Осылайша, дамы­ған елдердің тәжірибесі негізінде Қазақ­станның ғылыми-технологиялық саясаты әлемдік технологиялық көшбас­шыларға қатысты инновациялық алшақ­тықты қысқартуға бағытталады. Үшін­ші. Заңда ғылым және технология­лар саласындағы бағдарламалар бойын­ша бірыңғай терезе болатын және инно­вациялық инфрақұрылымды (бизнес-инкубаторларды, коммер­ция­ландыру орталықтарын, техно­парк­тер мен кон­с­трукторлық бюро­лар­ды құру және вен­чурлік қаржы­лан­дыруды тарту жөніндегі жеке бас­тамаларды қолдауды) жүзеге асы­ра­тын Ғылым қорының функцио­нал­­дығы күшей­тілген жеке 45-бап бар.

«Төртінші. Заңнамалық деңгейде Заңның 24-бабында ғылыми жетістік­терге, инновациялар нарығына және жаңа технологияларға мониторинг жүргізу мақсатында ғылыми-техника­лық ақпаратты жинау, өңдеу, талдау жө­ніндегі тетік айқындалған әрі осы жұ­мысты жүзеге асыратын ұйымды айқын­дау көзделген. Ғылыми-техника­лық ақпараттың мониторингі ғылы­ми үдерісті ақпараттық-талдамалық сүйе­мелдеуді қамтамасыз етуге мүм­кін­дік береді, бұл сөзсіз ғылым мен инно­ва­циялар дамуының тұрақтылығына ық­пал етеді, сондай-ақ елдегі ғылымды бас­­қарудың тиімділігін арттырады, ғы­лыми саланы цифрлық экономиканың то­лыққанды сегментіне айналдырады», деді Ғ.Жанқуатов.

 

Ғалымдардың құқықтық мәртебесі жүйеленбеген

Биыл қабылданған осы заңда Ұлт­тық ғылым академиясына арналған арнайы тарау, баптар қарастырылды. 3-тараудағы 11-баптың 3-тармағында Академияны жалғыз жоғары ғылыми ұйым деп көр­сетсе, 4-тараудың ­15-бабы «Қазақстан Рес­публикасының ұлттық ғылым академиясы» деп аталады. Сол бапта, осы­ған дейін біраз сарапшы айтқандай, ака­демия­ның құзыреттері кеңейтілген, нақтылан­ған. Осыған қарамастан, Ұлт­тық ғылым ака­демия­сы жанынан құрыл­ған Жас ғалымдар кеңесінің омбудс­мені, құқықтану бо­йынша PhD Мүсілім Хасенов атал­­ған заңда әлі де кемшіліктер мен жетіс­пеушіліктер бар екенін жеткізді.

«Ғылым және технологиялық сая­сат туралы» заңда ұлттық ғылы­ми жүйе­нің жұмыс істеуі мен даму тетіктері құ­рылған. Дегенмен заңда ғалым­дар мен ғылыми қызмет­керлердің құ­қықтық мәртебе­сіне арналған жеке тарау жоқ, олардың құқықтары жекелеген нормаларда айтылады, бірақ жүйеленбеген және кепілдіктермен қамтамасыз етілме­ген, құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың институционалдық те­тігі енгізілмеген. Айталық, ТМД дең­гейінде 2008 жылы ТМД-ға қа­тысушы мемле­кеттер­дің Пар­ла­ментаралық ассамблея­сы қабылдаған «Ғалым және ғылыми қызметкердің мәртебесі туралы» модель­дік заң бар. Онда ғалымның мемлекет пен қоғам үшін ерекше маңызы мен рөлі аталады. Бұл ретте білім туралы арнайы салалық заңның болғанына қарамастан, «Педагог туралы» заңның қабылдан­ға­ны жақсы мысал бола алады. Қазақстан ғылымында түйінді түйткілдер бар. Мұн­да ең алдымен, тек шетелге ғана емес, жалпы мамандықтан да кадр­лар­дың кетуін өзекті үлкен деуге болады. Ғылымды дамыту Тұжы­рымдамасына сәй­кес, кейінгі 30 жыл­да ғалымдар саны екі есеге (1991 жылы­­ 40 800-ден 2021 жылы 22 600-ге дейін) қыс­қарды, бұл ғалымдардың тұ­­рақ­сыз және төмен жа­лақысына бай­ланыс­ты. Сол себептен де жастар ғылымға бет бұра бермейді, осыдан да ғылым саласына кадр тартудың төмен үрдісі сақталып отыр, сондықтан да кадрлардың «қартаюы» қазірге дейін күн тәртібінен түспей тұр. Міне, осыдан ғалымдар мен ғылыми қызметкерлердің құқықтық мәрте­бесін нығайту қажеттілігі туындайды. Қазақстан ғалымдарының өз заңды өкілі болуы қажет», дейді профессор М.Хасенов.

Оның ойынша, Қазақстан ғалым­­дарының өз заңды өкілі болуға заң шең­берінде ерекше мәр­те­бе­ге ие болған, жо­ғары ғылыми ұйым­ға айналған Ұлттық Ғылым ака­демия­сы өте қолайлы, бірақ ғы­лы­ми қызметкерлердің құқықтары мен бостандықтарын тиісті қорғау­ды қамтамасыз ететін нақты тетік­тері жоқ. Бүгінде академия тек консуль­тативтік мәртебеге ие, ұйымның өкі­леттіктеріне сараптама мен тал­дау, зерттеулер жүр­гізу және ұсыныс­тар әзірлеу, журналдар шығару, кон­курстар өткізу кіреді. Алайда ака­демияның мемлекеттік ор­ган­дар­дан тәуелсіздігіне кепілдік жоқ (қар­жы­ландыруды ХҚКО Ғылым комитетіне қызмет көрсету аясында алады) және ғылыми қоғамдастықтың мүдделерін, сон­дай-ақ ғалымдарды қорғауға өкі­лет­тігі жоқ. Ғалымдар мен ғылыми қыз­меткерлердің құқықтарын қорғау тек бұзушылықтардың едәуір бөлігін алатын еңбек құқықтары ғана емес, бұл – зияткерлік құқықтар, ака­демия­лық бостандықтар, ғылыми бай­қауларға қатысты мәселелер, бас­­қаша­ айтқанда, ғалымдар мен ғылы­ми қызметкерлердің заңды өкілінің мандаты кәсіподақтарға қарағанда әлдеқайда кең және ауқымды.

«Осыған сүйене отырып мәселені шешу үшін, біріншіден, ғалымдар мен ғылыми қызметкерлердің құқықтық мәр­тебесі туралы жеке заң немесе «Ғы­лым және технологиялық саясат тура­лы» қол­­даныстағы бейіндік заң­ға жеке та­рау ен­гізуді ұсынамын. Бұл үшін аталған заң мем­лекеттік ше­шімдер қабылдаудың ғы­лыми негіз­ділігі, академиялық еркін­дік және ака­­де­миялық адалдық қағидаты­мен то­лық­­тырылуы керек, онсыз ғылым­ның то­­лыққанды дамуын елес­тету мүм­кін емес.

Мұнда ғылыми, ғылыми-тех­ника­лық кадрлардың әл-ауқатын, олардың әлеу­меттік, экономикалық, құқықтық қорға­луын қамтамасыз ету; ғылыми әзірлеме­лер мен идеяларды сақтап жалғастыра­тын ғылыми мектептерді қалыптастыру және дамыту жолымен ғылыми кадр­ларды даярлауда са­бақтастықты қамтама­сыз ету; ғы­лыми және ғылыми-техника­лық қыз­метті көтермелеу, талантты жас ғалым­дар­ды іріктеу, көтермелеу жүйе­сін құру секілді маңызды міндеттер бел­гіленуі қажет. Жоғарыда аталған қағи­даттар мен міндеттерді енгізу ғылым сала­сын­дағы мемлекеттік саясаттың негіз­де­рін нығайтуға, ғалымдардың беде­лін арт­тыруға ықпал етеді», деді омбудсмен.

М.Хасеновтің айтуынша, заңда Ұлт­тық Ғылым академиясының жанынан жұмыс істейтін арнайы лауазымды тұлға – ғалымдар мен ғылыми қызметкерлер­дің құқықтары жөніндегі уәкіл (ғылы­ми омбудсмен) болуы керек. Қазақстан­да омбудсмен институты оң нәтижелер көрсетті, бұл – балалар омбудсмені, әлеу­меттік омбудсмен, бизнес-омбуд­смен, инвестициялық омбудсмен, сақтан­дыру омбудсмені және басқалар. Осы қатар­ды ғылыми омбудсменмен толықты­ру ғалымдар мен ғылыми қызметкерлер­дің жағда­йын жақсартады, мемлекеттің осы кәсіп өкілдеріне деген қамқорлығын көрсетеді.

 

Комитет жобаларды қаржыландырмауы керек

Ал ғалым, Nazarbayev University қа­уым­дастырылған профессоры Қуа­ныш Ерғалиев «Ғылым және технология­лық саясат туралы» заңының дер ке­зінде қабылданғанын айтады. Оның ойынша, бұл құжат ғылым саласын дамытуда, еліміздің бәсекеге қабі­лет­тілігін арт­тыруда өте маңызды. Жаңа заң­ды қабылдайтын уақыт келген еді, өйт­кені бұрынғы заң 10 жылдан аса уақыт бұрын жазылған. Қазіргі таңда ғы­лымға көзқарас өзгерді. Ғылыммен айна­лы­судың да әдіс-тәсілдері жаңарды.

«Аталған заң ғылыми жетістік­тер­­дің нәтижелерін енгізу жөнін­дегі техно­логиялық саясатты іске асы­руға, сон­дай-ақ ғылыми қызмет­тің стратегия­лық, кәсіби, әлеу­мет­тік мәселелерін шешуге ба­ғыт­талған. Технологиялық дайындық­ты (TRL) бағалаудың жаңа тетігі ғылыми-өндірістік цикл мен ком­мерцияландырудың барлық кезеңін қолдаумен қамтамасыз етуге мүмкін­дік береді. Әрине, бұл мәселеге қатысты ғалымдар түрлі пікір айтып жатыр. Ғылыми зерттеулер, ма­қалалар қазір бірден нәтиже бер­меуі мүмкін, бірақ бағыт-бағдар беруде бұл өте маңыз­ды. Сонымен қатар Ұлттық ғылыми-техни­калық ақпарат орталығын құру мәселесін де біраз уақыттан бері көтеріп келеміз. Өйткені қазіргі таңда ғылым саласында аналитика жасау аса маңызды. Ғылыми жетістіктерді, инновациялар мен жаңа технологиялар нарығын мониторингтеу мақсатында ғылыми-техникалық ақ­паратты жинау, өңдеу және талдау бойын­ша жаңа механизм енгізілді. Ғылыми-техникалық ақпараттың мониторин­гі ғылыми үдерісті ақпараттық-талдамал­ық сүйемелдеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», деді Қ.Ерғалиев.

Сарапшының пікірінше, жаңа заңда Ғылым қорының технологиялар­ды ком­мер­цияландыру жөніндегі ұлттық агент­тік ретіндегі мәртебесі кеңейтілді. Қор ғы­лым және технологиялар сала­сын­да­ғы бағдарламалар бойынша бір­ың­ғай терезе болып, инновациялық ин­фра­құ­рылымдарды қолдауды жүзеге асы­ра­ды, сонымен қатар венчурлік қаржы­лан­дыруды тартатын болады. Жал­пы, Ғы­лым және жоғары білім ми­нистр­лігі, Ғылым комитеті ғылыми жоба­ларды қар­жы­ландырумен айналыспауы керек. Яғни ми­нистрлік заңдармен, саясатпен айна­лысса, ведомствоға қарасты ұйым әкім­шілік жұмыстармен айналысуы қажет. Мұндай идеяны біз бұрыннан айтып келе­міз, бұл халықаралық тәжірибеде бар. Алдағы уақытта заңға сәйкес 90-нан аса заңнамалық акті, бұйрықтар қабыл­данады. Осы ретте айтарым, Ғы­лым және жоғары білім министрлігі, Ғылым ко­митеті заңнамалық актілерді, ережелерді қоғаммен, ғалымдармен бір­лесе дайындап, академиялық орта өкілдерінің де ойын есепке алуға тиіс. Биыл грант­тық қаржыландыруға қа­тысты ережелер қабылданғанда оған дейін ғалымдар­дың пікірі еске­рілмегендей болды. Сондық­тан қоғам­ның ойын, сала сарапшылары­ның пікірін ескеру маңызды.