Байқаудың ережесі бойынша оқушылар алдымен шешендік сөзді ағылшын тіліне аударып жіберді. Оны бірнеше сарапшы алдын ала қарады. 2-кезеңде қатысушылар байқауға ұсынған ғибратты әңгімені әуелі қазақ тілінде қатесіз, сауатты, мәнерлеп жатқа айтып берді. Одан кейін сарапшылар аудармамен алдын ала танысып, оқушының айту шеберлігіне мән берді. Соған сай жүлделі орындар анықталды.
Қысқасы, сайысты бағалаушылар қатысушылардың шешендік сөздерді түсіну деңгейіне, аударманың түпнұсқаға жақындығына, сапасы мен айту шеберлігіне, сауалдарға қазақша, ағылшынша жылдам және сауатты жауап беруіне маңыз берді. Жоба авторы, республикалық Абай мектебінің «Шешендік өнер» пәнінің мұғалімі, «Ділмар» шешендік өнерді дамыту клубының негізін қалаушы, журналист Жарқын Сәленұлының айтуынша, байқаудың басты мақсаты – бабалар мұрасын өзі жете, терең түсіне отырып, оны ағылшын тілінде сауатты насихаттай алатын жаңа буынды қалыптастыру.
Сайыстың ашылуында сөз алған Абай атындағы республикалық мамандандырылған мектеп-интернатының директоры Жеңіскүл Темірханқызы сайыстың маңызына тоқталып, қатысушыларға жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ танымал кәсіпкер, «Assyltas» қоғамдық қорының құрылтайшысы Дулат Тастекей қазақ би-шешендерінің даналық сөздерінде қаншама ғибрат алар тағылымды ой жатқанын айтып, оқушыларды шабыттандырды.
Сонымен, байқау қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан облысындағы Абай мектебінің оқушысы Гүлім Мүбәрак топ жарып, бірінші орынды иеленді. Екінші орын – республикалық Абай мектебінің оқушысы Айсымбат Тақылбекқызы мен Шымкент қаласындағы 90-гимназияның оқушысы
Альбина Бердіханға бұйырды. Ал қалған 6 оқушы үшінші орынды қанағат тұтты. Сайысқа М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің доценті, PhD Нұрлыбек Срайылұлы қолдау көрсетті. Жоба авторы келер жылы қолдаушылар мен демеушілер табылса, байқауды жалпы республикалық деңгейде өткізуге ниетті екенін жеткізді.