Алқалы жиында Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик Ақылбек Күрішбаев ауқымды баяндама жасап, отандық ғылымның дамуы мен ғылыми ықпалдастық, жас ғалымдарды үйлестіру саласындағы маңызды істерге тоқталды.
«Қазір Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, әлемдегі 20 жетекші академия тәжірибесін талдай отырып, алдағы 10 жылдық даму стратегиясын индикаторлармен айқындаған нақты үлгі жасадық. Оған бар ресурстарды пайдаланып, қандай нәтижелерге қол жеткізуге болатынын зерттедік. Бұған дейін ғылым саласындағы орын алған олқылықты анықтап, басымдықтар айқындалды», деді А.Күрішбаев.
Баяндама барысында ҰҒА басшысы алғаш рет ғылымды дамытуға негізделген форсайт-зерттеулер, отандық ғылымның нақты жай-күйін бағалайтын талдау орталығының жұмыс нәтижесі туралы айтты. 2025–2027 жылдарға арналған ғылыми-техникалық тапсырыс барысына сараптама жасалды. Министрліктерге салалық ғылымды дамытуда нақты кеңестер беріліп, түйткілді мәселелері бойынша академия президиумы көшпелі отырыс өткізді. Мұндағы мақсат – аймақтардағы жергілікті билік тарапынан да ғылымды қолдауға жарқын бастамалардың болғаны маңызды. Осы жұмыстардың нәтижесінде аналитикалық жазбалар, жол картасы дайындалды. Биыл алғаш рет академия жанынан «Жас ғалымдар» кеңесі құрылды. Оның құрамына 20-дан астам жетекші жас ғалым енген. Кеңес құрамындағы омбудсмен жас ғалымдардың мәселелеріне ұсыныс беріп отыратын болады.
Сондай-ақ елімізге белгілі ғалымдар Серікбек Дәукеев, Әбдірасыл Жарменов, Кәрімбек Құрманәлиев, Асқарбек Құсайынов, Бақытжан Жұмағұлов, Рахман Алшанов, Вячеслав Локшин, Нұрлан Рыспанов және тағы да басқа ғалымдар академия президентінің баяндамасына қатысты ойларын ортаға салып, мақсат-міндетіне байланысты ұсыныс айтты. Әсіресе жас ғалымдарды қолдау, оларға әлеуметтік жағдай жасау, зертханаларды заманауи жабдықтау, орта білімнің сапасын арттыру сияқты бір-бірінен бөле жарып қарауға болмайтын келелі мәселелерді аға ғалымдар нақты дәлелдермен жеткізді. Осы бағытта халықаралық бірлескен жобалардың маңызына иек артқан абзал.
Бүгінде Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы мен Қытай, Америка, Түркия, Ресей, ТМД елдерінің жетекші ғылым академиялары арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған. Сонымен бірге Германия, Оңтүстік Корея және Қытаймен бірлескен 3 халықаралық орталық құрылды. Жетекші 8 академияның тәжірибесі негізінде ғылыми этика кодексі – ғылыми зерттеулерді жүргізу стандарты дайындалды. Фальсификацияны, плагиаты, мүдделер қақтығысын және жалған бірлескен авторлықты анықтаудың қағидаттары бекітілді.
Алдағы уақытта Ұлттық ғылым академиясы мен ғылыми бірлестіктіктер бірлесіп жұмыс істеуге даяр. Әсіресе жас ғалымдарға көп қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар ғалымдар ғылыми технологиялық даму мақсатында қол қойылған меморандумдарға сәйкес жол картасы аясындағы жұмыстарын жалғастыра береді.
АЛМАТЫ