Аймақтар • 13 Желтоқсан, 2024

Қармақшыдағы «Руханият орталығы»

211 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл Сырдағы «Руханият жылы» аясында мәдени-көпшілік шаралармен қатар, ауқымды жобалар жүзеге асырылды. Жыл басында 1000 орындық «Өнер орталығы» ашылып, жаңадан симфония оркестрі, инклюзивті театр, Жастар театры, заманауи би және хор ұжымдары жасақталды. Ежелі жыр сарынын сақтаған өлкедегі биылғы жаңалықтың тағы бірі – «Жыраулар үйі».

Қармақшыдағы «Руханият орталығы»

Жыл шеңберінде барлық ауданда «Руханият ор­­талықтарының» іргесі қа­ла­нып, Тәуелсіздік күні қар­саңында Қармақшы ауданында осы ор­та­лықтың ашылу рәсімі өтті. Жұрт­­шылықты жаңа нысанның ашылуымен құттықтаған облыс әкімі Нұр­лыбек Нәлібаев әлеуметтік-экономикалық ба­ғыттағы же­тістіктерге тоқ­тал­ды.

«Бүгін – ғасырлардың үнін жаңғыртып, халқымыздың қазынасын еселеген Сыр руханияты үшін айтулы күн. Ең алдымен, баршаңызды мыңжылдықтардың мұраты, Алаштың асқақ арманы болған Тәуелсіздік күнімен шын жү­ректен құттықтаймын!

Биылғы «Руханият жылы» аясында барлық 7 ауданда құны 11 млрд 500 млн теңге болатын, ішінде неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі бар «Руханият орталықтары» салына бас­тағанын білесіздер. Осы арқылы түрлі бағытта қызмет көрсететін мекемелерді бір орталыққа біріктіріп, бюджет қаражатын тиімді басқару, әкімшілік шығындарды азай­туға болады. Жыл соңына дейін тағы 5 ауданда «Руханият орталығы» жұмысын бас­тайды. Қалған 2 орталық келесі жылдың наурыз айында ел игілігіне беріледі» , деді облыс басшысы.

Жиында белгілі ақын Шәкизада Әбдікәрімов ай­мақ­тың руханият сала­сын­­дағы ауқымды жұмыс­тарға тоқталса, мемлекет және қо­ғам қайраткері Бақ­берген Дос­мамбетов бата берді. Салтанатты рәсімде аудан­ның өсіп-өркендеуі жолын­да еңбек еткен ардагерлер мен орталықты салған құры­лыс­шыларға көп алдында құр­мет көрсетілді.

 

Қызылорда облысы,

Қармақшы ауданы