Конференцияны Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев ашып, Қаратай Тұрысовтың 90 жылдық мерейтойы Парламентте, Алматыдағы Қаныш Сәтбаев атындағы Ұлттық техникалық университетте, Жамбыл облысында салтанатты түрде аталып өткенін, еңбек жолын қарапайым геолог болып бастап, кеңес одағы деңгейінде лауазымды қызметтер атқарған тұлғаның өнегелі ғұмыры ғибратқа толы екенін жеткізді.
Мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов «Ел ағасы» деген тақырыпта баяндама жасап, еліміздегі тәуелсіздікке дейінгі һәм тәуелсіздіктен кейінгі саяси үрдістерді Қаратай Тұрысовсыз елестету мүмкін еместігін, қарапайым ғана ауыл баласының кеңес одағының астанасы Мәскеуге барып оқып, Қаныш Сәтбаев секілді геолог болып оралғаны, жер қойнауында жатқан байлықты ел игілігіне жаратуға бар күш-жігерін жұмсағаны туралы өнегеге толы әңгімесін айтты.
«Қаратай Тұрысов ағамыздың бүкіл өмірі – ұрпаққа өнеге. Ол кісінің өмірден озғанына жиырма жыл болса да, елі бір сәтке ұмытып, есінен шығарған жоқ. Қарекеңнің есімі мемориалдық тақталарда жазылып, бірнеше қаланың көшелеріне, жоғары оқу орындарының кафедраларына аты беріліп жатыр. Неге? Қаратай ағамыз – Қаныш Сәтбаевтан кейін 3 мың шақырым жолды жаяу кезіп, Жезқазған даласын шарлап шыққан геолог. Ол кісінің сол еңбегін бүкіл Арқа жұрты біледі. Торғай даласының халқы ағамызды қалай құрметтейтініне талай мәрте куә болдық», дейді Қ.Сұлтанов.
Жиын спикерлері Қаратай Тұрысов геология саласындағы өнімді еңбегі арқылы көзге түсіп, 29 жасында Қаражал қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы болып саяси қызметке келгенін, қайраткер тұлға сатылай өсіп, Торғай облыстық партия комитетінің хатшысы, Республика өнеркәсіп бақылау комитеті төрағасы, Қазақстан кәсіподақтары төрағасы, Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті өнеркәсіп хатшысы, Бүкілодақтық кәсіподақ комитетінің хатшысы қызметтерін абыроймен атқарғанын, сол кездегі республика басшысы Дінмұхамед Қонаев Тұрысовтың білімі мен білігін жоғары бағалағанын, Бүкілодақтық кәсіподақ комитетінің хатшысы қызметінде жүріп, Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінен кеңес одағының атынан сөйлеген тұңғыш қазақ та осы Қаратай Тұрысов екенін жеткізді.
Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қаламгер Сауытбек Абдрахманов «Қаратай Тұрысов – мемлекет қайраткері» тақырыбында баяндама жасады. Баяндамада қаламгер Қаратай Тұрысовтың тұлғасын кең масштабта бағалау керектігіне тоқталды. Қаратай Тұрысов 250 миллион халқы бар, әлемнің 1/6 бөлігін алып жатқан кеңес одағы атты социалистік мемлекеттің саяси тұлғасы болғанын, Қаратай Тұрысов кеңес одағы деңгейінде лауазымды қызмет атқарған Тұрар Рысқұловтан кейінгі екінші қазақ екенін, мұндай лауазымға түркі баласынан санаулы азаматтар ғана қол жеткізгенін, Қаратай Тұрысовтың іскерлігіне әділ бағаны экономика ғылымдарының докторы, КСРО Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары Леонид Абалкиннің бергенін айтты.
«Қазақ баласы үшін Қаратай Тұрысовтың 1987 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы мінберінен сөйлегенде, жер тағдырын, экология кесапатын, ядролық полигон мәселесін көтергені, сол жылы АҚШ пен КСРО арасында өткізілген алғашқы телекөпір жүздесуде коммунистік министрлер ауыз аша алмай қалған сәтте Кеңес одағы Жоғарғы кеңесінің депутаты ретінде америкалық конгрессмендермен пікірталасқа түсіп, өз ойынан тайсақтай ашық айтқаны бұл күнге аңызға айналған. Туған халқы үшін маңдай терін төгіп, артында аңыз қалдырған саяси тұлғаның есімін ұлықтау ұрпаққа міндет деп білеміз», дейді қатысушылар.
Қаратай Тұрысов Қазақ елінің тұңғыш Туризм, дене шынықтыру және спорт министрі, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының, Парламент Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы болған жылдардағы еңбегі хақында мемлекет және қоғам қайраткері Қылышбек Ізбасқанов, Халықаралық телевидение және радио академиясының академигі, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, қоғам қайраткері Махат Садық, Дене шынықтыру және спорт бойынша республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығының директоры Қыдырбек Рысбек сынды азаматтар мағыналы естелік айтты.