Суреттерді түсіргендер: Ерлан Омар, Игорь БУРГАНДИНОВ
Аттану
Иә, сіздің қолыңызға дайын өнім барады. Жалпақ тілмен айтқанда, қанттай қаттаманы буын бұрқыратып қойып, парақтай жөнелесіз. Көз тоқтатып, оқып қойып ой жібересіз кей тұсына. Исін айтсаңызшы газеттің. Ал мына жақта (редакцияда) сол өнім сізге жеткенге дейінгі «алатопаннан» бейхабарсыз, мүмкін естіген де шығарсыз.
Журналист деген жауынгер халықтың бір қасиеті – жылдамдығында. Уақытпен жарысады, кейде көреген мақалалары арқылы алдына түсіп кетуі мүмкін уақыттың. Оның үстіне жарықтың жылдамдығындай ұшыртып ақпарат тарататын сайттар шыққалы жауапкершілік екі есе артты. Сөйтсе де болған оқиғаны «қаны» тамып тұрғанда суытпай жазып, газет бетіне буын бұрқыратып баса қойғанға не жетсін? Жалаң ақпарат қана емес, мәтін арасында маман пікірі мен уақыттың үні қоса жүрсе олжа емей не? Алайда мұның бәрі айтқанға ғана оңай.
Есігіңізден «Егемен» кірсе, онымен бірге ұшан-теңіз еңбек қоса енді дей беріңіз. Таң атысымен жанталас басталады тілшілер үшін. Таңертеңгі сағат тоғыз-ондарда редакциядағы басшылық құрам бүгін басылып, ертең шықпақ нөмірді жоспарлауға бас қосады. Бұл уақытта кей тілші кеше берілген тапсырма бойынша, қаланың бір түкпірінде немесе аймақтағы меншікті тілші сонау шалғайдағы бір аудандағы іс-шараның ортасында жүруі мүмкін. Түске дейін материал әзірлеп жіберуі үшін. «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлының орынбасары Қамбар Ахметтің кабинетіндегі жоспарлауда бас редактор Ғабит Мүсіреп пен орынбасарлары, жауапты хатшы кешегі мен бүгінгіні бағдарлап, нөмірге баратын өзекті тақырыптарды саралайды, олардың назарынан қоғам өмірі тыс қалмайды. Ондайда бас редактордың шығармашылық ұжымның күш-қуатын бағыттаудағы талғам-таразысы алға озады. Күллі ғұмырын қазақ баспасөзіне арнаған Ғабит ағаның біліктілігі мен тәжірибесі қамшы салдырмасын айтып жатпаймыз. «Егеменді» екпіндетіп келе жатқан нағыз дәстүрлі журналистиканың майталманы ұтымды тұсын тауып, қиюы кетіп тұрғанды қиыстыра біледі.Қоржында қандай мақала жатыр, кешеден не қалып қойды, бүгін қандай дүние өтпекші, ертеңгі іс-шараға кімді бекіткен жөн деген сияқты сауалдар бағдарланады. Азанда бекіген бағдар кей жағдайда түпкілікті бола бермейді бірақ. Енді кірісе бергенде, Ақорда яки министрлікте аяқ астынан бейресми жиын өтіп қалуы мүмкін немесе ұлт ісіне қатысты отырыс делік. Мұндайда Саясат бөлімінің бір тілшісі бес қаруын сайлап, тұра шабуы кәдік. Болмаса бұлардан бөлек қоғамдық сипаттағы қарбалас қылаң ұрса, таңғалмаңыз. Оқиға түске дейін белгілі болса жақсы ғой. Түстен кейін табан астында сопаң етіп шыға келсе, күні бойғы жоспарланған макеттің күл-талқаны шығады. Жасала бастаған, әлде жасалып қойған бет бұзылады. Кезек күттірмес маңызды уақиғаның баяны түсуі керек газет бетіне. Оған қатысып келген тілші қазір шайымды ішіп алайын деп сораптап отырмайды. Барып көрді ме, тез арада нөмірге әзірлеу керек материалды. Мақала бүгін салына ма, жоқ ертеңге қала ма, онда жұмысы шамалы. Дер кезінде әзірленуге тиіс. Себебі алда басқа дүние күтіп тұруы бек мүмкін. Тағы да шапқылап кетуі кәдік немесе бұрыннан дайындап жүрген сұхбат кейіпкеріне әлде жазып жатқан сараптамасына маман пікірін алу керек дегендей. Тіпті олай болмаған жағдайда әзірлемек тақырыбын көзбен көріп, қолмен ұстау үшін белгілі бір жерге баруы керек қой. Кез келген уақытта барып сұхбат ала салу, әйтпесе маманнан сауалға жауап беруін талап ету жоқ. Алдын ала келісіледі. Ол кісі келіскен соң ой қорытып барып, уақытын белгілейді. Жұрттың бәрі қарбалас уақытта өмір сүріп жатқандықтан, жұмыс кестесі сәйкесе бермеуі – қалыпты жайт. Сондықтан журналистің көріп-білгенін қағазға түсіруі істің бір жағы ғана, қанша біліп тұрса да, кәсіби маман пікіріне сүйеніп, спикер таппайынша әрі тағы бір тарап көзқарасын алмайынша мақала піспейді.
От жағу
Таңертең сағат онда басталған кеңес не жиын он бір жарымда аяқталысымен бір сағатта кабинетіне келіп, енді осындай уақытта жазып бітіргенімен, ол материал газет бетіне бірден түсе салмайды. Әуелі бөлім меңгерушінің сүзгісінен өтеді. Ол бір оқып, қабілетінше қатесінен арылтып, бас редактордың орынбасарына апарады. «Қылшықтады, шайқады, тұзын татып байқады» деуші еді малта езіп, май шайқаған қазақ. Тап солай бір шайқауы кем болса, бас редактор орынбасары кем-кетігін түзеп, жетілдіреді. Қатесін шығарып, қанарын қампитады. Тілші жіберген олқылықты, бөлім басшысы байқамаған әтеген-айларды толықтыруға тиіс осы орынбасарлар. «Жаман редактор күзейді, жақсы редактор түзейді» деген қанатты сөз бар. Мақала меймілдеп арнасына толып тұрғанымен, тақырыбы келіспей қалса, оқырман назар аудара бермейді. Бір қарап өтіп кетеді. Күні бойғы немесе апта бойы ізденген еңбек далаға кетті деген сөз. Редактордың орынбасары «қылшықтайды, шайқайды, тұзын татып байқайды» дегенім сол. Бұл жағынан келгенде, бас редактордың Мәдениет және әдебиет, Білім және ғылым бөлімдері бойынша орынбасары, белгілі журналист Талғат Батырханның білігі мен тәжірибесін айтпай кетуге болмайды. Бөлім басшысының елегінен өткен материалдың түзетуін енгізіп апарсаң, «жарайды, тастай сал» деп алып қалады да, доғал тұсын ұштап, қопал тұсын әдіптеп, тыстап жібереді. Тұтығып тұрған тақырыбың да сайрап шыға келеді.
Қатталу
Сөйткен дүние жауапты хатшы Амангелді Қияс бастаған секретариат қазандығына түседі. Мұны таңертең жоспарланған бетке салып, әдіптеп орналастыру – Бет қаттау бөлімінің жетекшісі Қонысбай Шежімбай бастаған қаттаушылардың табандаған еңбегі. Қотаннан қуалап жүріп қойды ұстап, суға тоғытып, қол-аяғын буып, күйіп-пісіп отырып қырқып, қайыра қотанға кіргізіп жібергендей жұмыс бұл да. Сондықтан ол кісілердің еңбегі де журналистің ізденіп жүріп сараптамалық мақала жазғанынан кем түспейді. Материалды қалай болсын солай тастай салмайды газет бетіне. Электронды нұсқа келіп, жұмыс компьютерде істеледі дегенімізбен, машақаты жетіп артылады. Мазмұнына орай суреттермен әрлеп, келістіріп киіндіреді жалаңаш мәтінді. Кейде газеттің оқылуын арттыру үшін поэтикалық дүниелер жарияланады. Олардың мазмұнын ашатын фото табыла бермейді. Мәдениет және әдебиет бөлімінің тілшілері жазған шеңберге сыя бермейтін тақырыптарға коллаж жасауға тура келеді. Беттеуші-дизайнерлер болмаса, «құрғақ қасық ауыз жыртады» дегендей, жалаңаш мәтін де жар ұрады...
Бақ табу
Қоғамдық-саяси газет саналғанымен, «Egemen Qazaqstan» оқырман талабын қанағаттандыру мақсатында ептеген арқасы бар мақалаларға орын бермей қалмайды. Сықиған саяси репортаждар мен едірейген экономикалық, әупірімдеген әлеуметтік беттердің арасынан ұлт сана-сезімі мен адамзат ізгілігін арқау еткен рухани дүниелердің исі шықпаса, бас басылым атына сын емес пе? Газет басшылығы мұны бірінші кезекте ескереді. «Атан өлсе сойылар, атаң өлсе қойылар, қазақтығың өлмесін» дегендей, ресми, ағымдық дүниелермен қатар, ұлт пен рухтың сөзі сөйленбей қалмақ емес. Талғат Батырхан жетекшілік ететін бөлімдерде журналист-жазушы Жолдыбай Базар, ақын әрі аудармашы, қазақ тарихын Америка кітапханаларынан іздестіруші ағылшын тілінің білгірі Дүйсенәлі Әлімақын, күндіз-түні кітап кеміруден жалықпайтын ақын Батырхан Сәрсенхан, тіпті Саясат бөлімінің өзінде республикаға танымал жазушы Қанат Әбілқайыр, Экономика және өндіріс бөлімін белгілі жас прозаик, детектив жазушы Абай Аймағанбеттің тізгіндеуі, Әлеумет және спорт бөлімінде екі-үш прозалық жинақтың авторы, жазушы Бақытбек Қадырдың тілші болуы тегін дейсіз бе? Бұл – бүгін ғана қалыптасқан үрдіс емес. Ел газеті «Егемен» болмай тұрып босағасына біткен қасиет деуге де келеді. Себебі о баста «Ұшқын», «Еңбек туы» кезінде газетте Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллиндер шығарушы редактор болғанын білеміз. Алаш арысы Смағұл Сәдуақасұлының басшылық еткені бар, тәуелсіздік тұсында мұндай жақсы үрдіске жан берген бірден-бір редактор Шерхан Мұртаза екені қазір тарихқа айналып үлгерді. Кейін осы игі бастаманы Дархан Қыдырәлі жаңғыртты. Белгілі ақындар Ерлан Жүніс, Мирас Асан сынды, тағы басқа таланттарды топтастырды. Қазірде кенде емес ұжым. Осындағы ақын-жазушыларды түгендеп жіберсе, Жазушылар одағының бір бөлімі болып шыға келеді. Белгілі этнограф Бекен Қайратұлының өзі неге тұрады?
Хат бағу
Түстен кейін бір мәрте газет беттерінің әуелгі нұсқасы үш-төрт тиражбен шығады. Бас директор мен бас редактор және орынбасарына, кезекші редакторға және корректорларға жөнелтіледі. Бөлім меңгерушісі мен бас редактор орынбасары сүзгіден өткізген ірілі-уақты материалдардың үстінен енді аталған басшылар қарап, корректорлар әріптік қатесін шығарады.
Газеттің қатесіз шығуы, сауаттылығы корректорлардың кәсіби шеберлігіне байланысты ғой. Елдегі басқа басылымдар «Егеменнің» сөз қолданысымен, сауаттылығынан өнеге алып жатса, онда егемендік корректорлардың еңбегінің арқасы. Бұл уақытта тілшілер материалын өткізіп тастап демалады деген сөз емес. Ертеңгі шығатын газет бетіне ақпараттар жинап, алдағы жоспарлы сараптамалары мен жілікті мақалаларының қамымен жүреді. Әлдебір іс-шараға, сұхбат алуға, тіпті кешкі сағат 18:00-ден былай театрдағы қойылымға, тағы басқа маңызды шараларға кетуі мүмкін. Тілшілік қызмет таңғы сағат 9.00-ден кешкі сағат 18:00-дің арасында кабинетте отырып кететін біркелкі жұмыс емес. Құрығанда редакцияға түскен авторлардың материалдарын қорытып, газеттің тіл-стиліне икемдеумен, әдеби нормаға сәйкестендірумен болады. Хат қорыту – редакцияның табандап істейтін қара жұмысы. Әдеби нормаға мүлде сәйкеспесе де, газет бетіне салынуға тиіс сүйегі мықты жазбалардың кейбірін тілшілер өңдеп, қырнап-жонып жазып шығатын кездер де аз емес. Бұл – ізденіп тапқан, аяғымен барып, зерттеп жазған мақалаларының сыртындағы есіл еңбек. Оның үстіне «Егемен» аптасына бес мәрте 16 не 24 беттен күн сайын шығатын жалғыз басылым екенін ескерген жөн.
Иә, тілшілер түстен кейін хат қорытсын, тінтініп шығармашылығымен кетсін, дәл осы тұста газет басшылары мен қаттаушы, дизайнерлер тапжылмай отырып беттердің әуелгі нұсқасын қайта-қайта қарап, кемшіліктерін жетілдірумен кемі кешкі сағат 8–9-ға дейін тыным таппайды. Дүниеде ой еңбегі азабының дәмін татқандар ғана сезінер бейнет бұлар. Ал кешкісін құзырлы орындарда шұғыл іс-шара туындап жатса, шетелде іссапарда жүрген Президент хабарын газетке салу керек болса, ұжым көрер таңды жұмыста атырады. Себебі бүгінше қоя тұрайық, ертең де күн бар ғой дейтін емес, газет түнде басылып, таңертең елдің қолына тиюі керек. Осы орайда Орынбек Өтемұрат жетекшілік етіп отырған Саясат бөлімінің табанды еңбегін атап өткен жөн. Арасында АҚШ-та «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген Гүлнар Жолжанның шетелдік газеттерге шолуы, ондағы талдамалық материалдарды аударып беретіні өз алдына бөлек әңгіме. Бас редактордың үш орынбасарының әрқайсы екі бөлімге жауаптанса, жалғыз-ақ Бану Әділжан Саясат бөліміне жетекшілік ететіні – жұмыс салмағын безбендейді.
Ақтару
Газеттің Экономика және өндіріс, Әлеумет және спорт бөлімдерін үйлестіруші, бас редактордың орынбасары Қуат Әуесбай – бұған дейін бірнеше республикалық газетті басқарып келген білікті маман. Елдегі толғақты тақырыптардың дені осы бөлімдерге тиесілі. Әлеуметтік сала, тұрмыстық ахуал, денсаулық – халықтың негізгі тіршілігінің басты қуат көзі. Аталған бөлімді меңгеріп отырған Жомарт Оспан мен сұрмерген тілшілерінің материалдары алдыңғы беттен түспейтінін айтса да жеткілікті шығар.
Анығында, газет өлуге айналды дегендер оңбай қателеседі. Тіршіліктің тамыры соғуын тоқтатқанда, мүмкін газет те тоқтауы мүмкін. Газет тұрмақ, біздің дәуірімізге дейін пайда болған тасқа қашап жазу мәдениеті әлі күнге адамзатпен бірге жасап, өлгендерге қызмет етіп тұр ғой. Өлгендердің басына барған тірілерге де. Ал басылым сол алғашқы жазулардың өркениет тудырған нұсқасы, қай ұлт адамдары баспасөзді көп оқыса, сол ұлт интеллектуал, анағұрлым зиялы екенін дәлелдеу артығырақ шығар. Бұған бүгінгі сайттардағы материалдар мен ең құнды фотолардың көбі газеттер мен журналдардан көшірілгенін неге айтпаймыз?
Заманауи талаптарға сәйкес, қазір газеттер де форматын өзгертіп, ақпарат көздерінің қай-қайсына болсын беріспей, таласып келеді. Осы орайда – бас директор Дихан Қамзабекұлының мұндағы бір қолтаңбасы – жаңадан Білім және ғылым бөлімін ашуы. Белгілі журналист Азамат Есенжол жетекшілік ететін бөлім тілшілері ұйымдастыратын «Digital», «Жасанды интеллект» беттеріне лупамен үңілгендей, әбден тоқталып оқитын материалдар шығатынын өрелі оқырман білсе керек. Назарбаев университетінің жас ғалымдары ашқан, тек қана микроскоппен көре алатын жаңалықтардың неше атасын осы бөлімнің тілшілері материалдарында.
«Егеменнің» фототілшісі Ерлан Омар түсірген сәтті суреттер еліміздің БАҚ көздерін аралап көшіп жүргенін талай көрдік. Шапқан аттан еңкейіп теңге ілуге шақ қалған қазақ жігітінің фотосын көрнекілікке қолданбаған сайт, газет қалмаған шығар. Газетіміздің соңғы бетіндегі «Көзайым» сынды жалт қарататын жып-жылы фотолары бүгіннің ғана емес, ертеңнің де мұрасы. Газет осындай сарбаздары мен сардарларының арқасында уақытты «тоқтатып» қояды. Оны оқығанның әуелі танымы кеңіп, көзқарасы өседі. Осы күнге дейін сайттан оқып, жадыңызда өшпестей тоқылып қалған құндылық болса, есіңізге түсіріп көріңіз.
«Егемен» елге жеткенше алас-күлестің көкесі штатта ғана емес, аймақтың әр түкпірін қамтиды. Әр меншікті тілші – сол өңірдегі «Егеменнің» елшілері дерлік құрметті өкілдер. «Отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын» бір-бір сардар, әкім-қарамен редакцияның атынан сөйлесіп, келіссөзге келе беретін өңірдегі филиал есебінде. Ал Алматы қосыны ауыр артиллерияға пара-пар әскер. Небір жайсаң тұлға, жазушы мен тісқаққан қаламгер, журналистер «Егемен» арқылы елдің сөзін ол жерде де ұстап отыр.
* * *
Жылқы мен қойдың соңынан ығып, ақыры адасып қара түнде далада қалғанда, құлағын қайшылап тастап, желе жортып отырып жол табатын арда Күрең аттай сергек ойлы газет қайдан шығады? Ымыраласып іс қылатын ынталы һәм талантты жастар топтасқан күні. «Егемен» жылнамасына көз тіккен жан Алаш арыстарының ізі қалған басылымда бүгінге дейін біртуар тұлғалар қызмет еткенін көреміз. Босағасына біткен құтынан шығар, о баста Алаш деп атқа қонған азаматтардың қай-қайсысы болсын, «Ұшқыннан», «Егемен Қазақстанға» дейін ақыл-ой мен ұлт парасатының мінбері мен алаңына айналдырыпты. Ахмет Байтұрсынұлы көтерген ұлт, жер мәселесі газет тігіндісінде көктеулі. Сондықтан мұнда адасып жүрген қазақ бола бермейді, қалайда қызмет етем деп асығып жүргендер десек, әңгіме басқа.