01 Мамыр, 2015

«Бұл Қазақстан халқының тұтастығын танытқан сайлау болды»

341 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
26 сәуір күні өтіп, халқымыздың бірлігі мен ынтымағының келісті көрінісіндей болып тарихта қалған Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауы осы оқиғаға куә болған және сырттай бақылаған көптеген шетелдік саясаткерлер мен сарапшылар шолулары мен талдауларының толымды бір тақырыбының өзегіне айналуда. Олардың көпшілігі сонда осынау ел өміріндегі аса маңызды оқиғаның өте бір көтеріңкі көңіл-күй жағдайында, бүкілхалықтық мереке сипатында өткендігін, соның арқасында оның электораттың қатысуы жағынан бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткішке – сайлаушылардың 95, 22 пайызы келуі қамтамасыз етілуіне қол жеткізе алғанын бір ауыздан әңгімеге арқау етіп жатыр. Біз бүгін сол сөздер мен пікірлердің бірқатарын оқырман назарына ұсынамыз. Урбан РуснакУрбан РУСНАК, Энергетика хартиясының бас хатшысы (Бельгия): – Қазақстандағы кезектен тыс сайлаудың барысын оның өтетіні туралы ақпар жарияланған уақыттан бері бақылап отырдық. Біз мұны күллі әлемдегі қазіргідей аумалы-төкпелі заман туып отырған жағдайдағы халықтың саналы түрде барған батыл қадамы деп бағаладық. Мұның барлық демократиялық принциптер негізінде пайда болып, одан әрі өрістегені де ешбір күмән тудырмайды. Әлбетте, жер-жаһанды қаржы дағдарысы барған сайын терең құрсаулап, оның шарпуы күшейіп тұрған шамада сайлау науқанын өткізу тіпті де оңай шаруа емес. Әйткенмен, оның іс жүзінде осы айтылып отырған дағдарысқа қарсы шараның ең серпінді де қуатты түрлерінің бірі екенін де жоққа шығара алмасақ керек. Бұл бір жағынан осы дағдарыстың одан бетер тереңдеп кетпеуінің алдын алу мақсатында жасалып отыр. Екінші жағынан, осы сайлауды өткізуге алғаш ұсыныс білдірілгенде, оның қазіргі таңдағы әлемде қалыптасып отырған экономикалық дағдарыстан бөлек, күрделі халықаралық жағдайға байланысты өтуі тиіс екені де ашып айтылды. Несі бар, бұл тараптағы басты қадам жасалды. Ендігісін алдағы уақыт көрсетеді. альбер фишлерАльбер ФИШЛЕР, профессор (Франция): – Мен бұған дейін екі рет Қазақстанда өткен Президент сайлауының байқаушысы болып едім. Сондықтан, бұл елдегі аталмыш науқанның сипатынан толық хабарым бар. Дегенмен, Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынуымен өткізілген биылғы сайлаудың жөні біршама бөлек. Соның бастысы – қазіргі уақыт басқа. Осы уақыттың ертеңге ұласар жүгі мен мұрасының реті басқа. Бұл бізге сайлаудың позитивті жағына баса назар аударуға басты себепші болады. Бірінші кезекте бұл елдің осы тұстағы ішкі міндеттерін шешіп алуға жұмылудың өте жақсы мүмкіндігін жасап береді. Тұтастай алғанда, Қазақстанның экономикалық жағдайы дәл қазір де жаман емес. Ол нарыққа өте тез бейімделіп келеді. Сондықтан, республика халқының тұрмыс жағдайлары осы дағдарыс басталған кезден төмендеп кете қойған жоқ. Мұны елдің өзі де біліп отыр. Бұдан басқа Қазақстанның барлық тұрғындары тұрғысынан, барша қазақстандықтар позициясынан қарағанда, елдегі экономикалық ахуал күн өткен сайын төмендеп емес, керісінше тұрақты сипат танытып, бірте-бірте көтеріліп келеді. Міне, сондықтан халық үшін бұл сайлаудың маңызы да жоғары болды. Ол ертеңгі күннің еңсесін көтеріп алу жолында дұрыс бағыт ұстау үшін де керек. Ал сайлау демократиялық сипатта өтті. Бұған оның барысында еш жерде атап өтерліктей заң бұзушылықтың болмағаны да айғақ бола алады. Михаэль ЛаубшМихаэль ЛАУБШ, Eurasian Transition Group то­бы­ның жетекшісі: – Біріншіден, мен Қазақстанда үстіміздегі жылы Президент сайлауын өткізу жөніндегі бастаманың өзі ақылдылық болған деп есептеймін. Бұл, әсіресе, қазіргідей әлемде халықаралық жағдайда көптеген өткір мәселелер туындап жатқан кезде керек-ақ. Бұлардың қатарында кең ауқымды қаржы дағдарысы, мемлекеттердің қауіпсіздігі секілді мәселелер бар. Ал сіздердің мемлекеттеріңіз алға қойып отырған бағдарламаны шешіп алу үшін Президентке жаңа мандат керек. Сондықтан, сайлауды алдағы жылдан биылға ауыстыру оңды шешім болған деп санаймын. Өзім дұрыс қадам есебінде баға беріп отырған осы сайлауға мен байқаушы болып қатыстым. Сонда оның шынында тереңнен ойластырылып жасалған шешім екеніне көзім жете түсті. Қазақстан халқы мен Парламентінің кезектен тыс Президент сайлауын өткізу жөніндегі шешімі бүгінгі күннің нақты көрінісі тұрғысынан қарағанда оңды қадам болғанына енді ешбір күмәнім қалмады. Бұл – уақыт алға тартқан міндет. Мұны қазіргі Еуропа мен Азиядағы экономикалық және саяси ахуалдардың өзі талап етті. Бұл сайлау тек Қазақстандағы ғана емес, сонымен қатар тұтастай алғанда осы аймақтағы тұрақтылықты одан әрі қамтамасыз ету жолында қолға алынған бағытты сенімді жалғастыру үшін де керек. Меніңше, Қазақстан халқы мұны тап осы дәрежесінде ұғып-білген. Олар бұл сайлаудың елдің келешегі үшін керек екенін жақсы сезінді. Сол себепті де электорат сайлауға мерекеге келгендей болып келіп жатты. бертольд ханс фридрихБертольд Ханс-Фридрих фон ПЛЕТЦ, халықаралық сарапшы (Германия): – Қазақстандағы Президент сайлауы барлық халықаралық стандарттарға сай ашық та мөлдір қалыпта өтті. Сонымен бірге, біз кез келген сайлауға өте мұқият та тыңғылықты дайындалу керек екенін жақсы білеміз. Ол көптеген ұйымдастыру шараларымен бірге, айтарлықтай мөлшерде қаржы жаратылуын да қажет етеді. Ал Қазақстандағы сайлау өте қысқа мерзім ішінде дайындалып өткізілді. Бұған тек риза болуға болады. Біз куә болған учаскелердің бәрінде сайлау өте жоғары ұйымдасқан деңгейде өтті. Бұлардан асығыстық пен асып-сасуды көрген жоқпыз. Біз осы сайлауға келер алдында Қазақстан Республикасындағы «Сайлау туралы» Заңмен жақсылап танысып алғанбыз. Шынын айтқанда, өте мұқият танысып шықтық. Астанаға келгеннен кейін сайлау учаскелерінің біразын арнайы аралап көрдік. Науқан басталған кезде бәрін електен өткізіп отыруға күш салдық. Бірақ, ауыз толтырып айтатындай кемшілік пен мін таппадық. Сайлау барлық жерде таза да мөлдір сипатта өтті. Тәртіп бұзушылық пен кереғар әрекеттерді көрмедік. Бәрі ашық жүріп жатты. Осы кезеңдегі бұқаралық ақпарат құралдарының үйлесімді жұмыстарын да байқап отырдық. Олар жедел ақпарат беріп тұру мен сайлаудың өту барысын көрсетуде жылдамдық танытты. Бір сөзбен айтқанда, бұл Қазақстан халқының тұтастығын танытқан сайлау болды. Ханна ПарагХанна ПАРАГ, Еуропалық Одақ­тың халық­аралық мәселелер жө­нін­­дегі же­текші ғылыми қызмет­кері: – Соңғы жылдары Қазақстан күл­­лі әлемді өзінің тұрақтылығымен және экономикасы белсенді дамуымен таңғалдырып отыр. Қазіргідей уақытта мемлекеттік инфрақұрылымды дамытуға, экономикаға инвестиция тартуға айрықша көңіл бөліп отырудың маңызы зор. Мұны бүгіні берекелі, ертеңінен үміті зор елдер ғана жасай алады. Мен сондықтан да Қазақстан халқының Президент сайлауын мерзімінен бір жылдан астам уақыт бұрын өткізу жөніндегі ұйғарымына үлкен түсіністікпен қарадым. Бұл, бәлкім, кейінгі кездердегі қабылданып, жүзеге асырылған ең бір ұтымды да пайдалы шешімдердің бірі шығар. Мұның ақырында осы кезге дейін қалыптасып, бір жүйеге түскен еңбек ырғағын, экономикалық өрлеуді жоғалтып алмай, сол екпінімен жалғастыра түсуге бағытталған жақсы ниет жатқанын да мен түсініп отырмын. Қазақстан жұртының өз Президентіне, республиканың Бірінші тұлғасына деген сенімінің деңгейі де бізге белгілі. Ал мына өткен сайлау сол сенімнің шегенін бұрынғыдан бетер бекітіп берудің керемет мүмкіндігі мен тәсілі болды. Бұл сайлаудан кейін елдің басшысының халық алдындағы беделі бұрынғыдан да асқақтай түсті. Мұның өзі қазіргідей алмағайып уақытта өте-мөте керек нәрсе. Ол ең алдымен сол елді құрап отырған халық үшін пайдалы. Роберт ВесклерРоберт ВЕСКЛЕР, халықаралық сарапшы (АҚШ): – Мені ең алдымен бұл сайлауға жұрттың ертелі-кеш ағылып келіп жатулары қатты қайран қалдырды. Осының өзінен керемет жақсы әсер алдым. Сайлаушылар сайлау учаскелеріне тіпті таң қараңғысынан келе бастады десе де болады. Содан кейін кәдімгідей кезек қалыптасып қалды. Осының өзі бұл сайлаудың жұрт үшін аса маңызды болғанын көрсетеді. Шыны керек, мен дәл мұндай белсенділікті Құрама Штаттардың сайлауларында көрген жоқпын. Расында да бұл керемет нәрсе ғой! Ал сайлаудағы дауыс берудің қорытындысына келсек, ол Президент Назарбаевтың ел халқының алдындағы аса зор беделі мен оның жұрт үшін қаншалықты маңызды тұлға екенін айқын көрсетеді. Мұның басқаша өлшемі жоқ. Біз халық пен оның басшысының бір-бірлеріне етене жақын екендерін осы жолы анық көрдік. Мені тағы бір таңғалдырғаны, сайлауға келушілердің барлығы – жастар да, қарттар да, жұмысшы да, студент те – бәрі бірдей өз елдерінің бүгіні мен ертеңіне өте зор сенімде болды. Олар бір жерде жаңбыр жауып, тағы бір жерде жел соғып жатқандарына қарамастан, тайлы-таяқтары қалмай, сайлау учаскелеріне дүмеп келіп жатты. Адам нөпірінде есеп болған жоқ. Мұны аз десеңіз, мен осының бәрін көріп тұрғасын, жасы келген бір қариямен пікір алмасып көрмекші болып, сайлауға қатысты ашық сұрақтар қойып көрдім. Сонда әлгі әңгімешім не айтты дейсіздер ғой? Ол менің жұрттың неге мұнша қаптап келіп жатқаны туралы сауалыма: «Бұл сайлау – сайлау емес, бұл – Қазақстанның осы кезге дейін жеткен жетістіктері мен ілгері басқан қадамын тойлау», деп жауап берді. Сөз жоқ, мен мұндай жауап күткен жоқ едім. Алайда, осыны естігеніме қуандым. Бұл – бүгініне берік, ертеңіне сенімді адамның ғана айта алатын сөзі. Сондықтан да олар мұнда ертеңі үшін дауыс беруге келген болып шықты. Рикардо МильориРиккардо МИЛЬОРИ, халықаралық сарапшы (Италия): – Мен әңгімені былай деп айтайын: Қазақстандағы бұл сайлау АҚШ-тағы президент сайлауынан да әлдеқайда мөлдір, яғни ашық болып өтті. Мен мұны өзімнің 2012 жылы Құрама Штаттарда өткен сайлаудағы тәжірибеме қаратып жеткізіп отырмын. Мен Азия және Жерорта теңізі елдері институтының парламентаралық ынтымақтастық мәселелері жөніндегі президенті ретінде осындай көптеген елдердегі науқандарға қатысып келемін. Нақтысын айтсам, 30 сайлауда мониторинг жүргізіп көрдім. Дәл қазір солардың бәрімен салыстырып қарағанның өзінде, Қазақстандағы Президент сайлауының анағұрлым таза да мөлдір болғанын батыл баяндай аламын. Соның ішінде осыдан үш жыл бұрын Вашингтонда көргенім де мұның жолында қалады. Онда АҚШ президенттігіне таласқа 4 кандидат түсті. Бірақ америкалықтар солардың екеуін – Барак Обама мен тағы бір үміткерді ғана білді. Мен осымен бірге біздің мониторинг жасауда орасан зор тәжірибеміз бар екенін де айтқым келеді. Жоғарыдағыдай қорытындыларды сондықтан да бере аламыз. Тап осы қисыннан қарағанда, Қазақстанда өткен сайлауға өте разы болғанымызды да атап өткім келеді. Әлемде өзін ең демократияшыл ел деп бағалайтын АҚШ-та дәл мұндағыдай ашықтық бола қойған жоқ. Юрий СолозобовЮрий Солозобов, РФ Ұлт­тық стратегия инсти­тутының  халық­аралық бағдар­ламалар бо­йынша директоры: – Қазақстанда Президент сайлауын болсын, Парламент сайлауын болсын, кезектен тыс өткізу жөнінде бірқатар тәжірибелер қалыптасып қалды. Ал бұл жолғы Президент сайлауы елде жаңа қоғамдық шындықтарға сәйкес саяси дизайн жасаудың кезі келгендігінен өткізілді. Мұны уақыттың өз талабы тудырды деуіміз керек. Мен бұдан ешқандай сөкеттік көріп тұрғаным жоқ. Қайта мұның қажеттілігі әлдеқайда басым еді. Міне, осыны дер кезінде ұғынып, қолға алған ел тек ұтысқа шыққалы тұр. Мен бұл республиканың жағдайын да өте жақсы білемін. Сондықтан, Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа мерзімге елдің басшылығына баруға шешім қабылдауы бірден бола салмаған асығыс қадам емес екенін жақсы ұғынамын. Бұған белгілі бір жағдайда Украинада қалыптасып отырған саяси дағдарыстың әсері болғаны да анық. Мемлекет басшысы күллі әлем мен айналасында не болып жатқанын анық байқап, тура біліп отыр. Ол жоғарыда айтылған мәселелермен байланысты туындап отырған үн қатулар мен белгісіздіктерге назар аудара отырып, қайтадан атқа қонғанның жөн болатынын жақсы ұғынды. Өткелде ат ауыстырмайды. Ал бұл өткелде Қазақстанның да, Ресейдің де өзіндік орындары бар. Осыны анық сезінген көреген басшы елдің тізгіні сенімді қолда қала беруі үшін осындай сайлауға саналы түрде барды. Мұның дұрыс болғанын науқанның барысы мен қорытындысы анық көрсетті. Онда халық өз лидері төңірегіне топтаса түскендерін байқатты. Иә, халықаралық сарапшылардың бір легі осылай дейді. Олар Қазақстанда өткен Президент сайлауының демократия принциптерінің барлық талаптарына жауап беретінін ашық та батыл айтып отыр. Сеніммен айтып отыр. Бұған қоса, олар бұл жолғы сайлаудың бүкіл Қазақстан халқы үшін нағыз мерекеге айналғанын да жазбай танығандарын байқатты. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан».