Әдебиет • Бүгін, 08:20

Өлең алысқа шақырады

15 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Өзектегі өз несібем өлеңмен, Лифтісіз үйге қайтып келем мен». Ақын баспалдақ санап бара жатпағаны анық шығар. Басқан сайын діңкелеткен, мезі болса да міндетті қалыбынан танбаған бетонға тиген өкшенің үні де қызықтыра қоймас. Бірақ запы қылса да, оның да дауысы бар емес пе? Жоғарыға көтерілген сайын атқақтаған жүрегінің үнін тыңдап, соған үңілумен барады десек, әңгіме бөлек. Мүмкін, жүректің шамын жоғарыдағы миға түсіру керек шығар, кім біліпті. Ол үшін Абайға жүгінуге тура келеді. Ақыл, қайрат, жүрек үшеуі таласа келе ғылымға бас ұратыны бар еді ғой.

Өлең алысқа шақырады

Фото: kulturarb.ru

«Ақ пен қара – жолдарымның жолағы,

Жолағы да уақыттың қонағы.

Дос деген сол – үш-ақ әріп кей кезде:

Туыс деген төрт әріптен жоғары»

деген Руслан Нұрбай еді бұл. «Әріп пен ұғым» аталатын осы өлеңін кезінде тойда оқымаған асаба аз шығар. Кейінде ғой, тойдың көбі «болымсыз ыржаң, орынсыз қылжаңға» құрылған шоуға айналып кеткені. Жаңа ғасыр басында Төлеген Айбергенов жырымен басталып, жыраулар поэзиясы оқылып, Жүрсін Ерманның «Түнгі таксиі» мен «Әйелі», арасында Руслан Нұрбайдың «Әріп пен ұғымы» жүретін. Той-думанның тұздығына айналған мұндай құндылықтардың ақы­рына жарнама мен шоу жетіп тынуға аз қалғанда, бір бүйірден сопаң етіп жасанды интеллект шыға келген жоқ па? Сөйтсек ақын мұны да алыстан сезгендей жатсына жырлағаны байқалады. «Сөзде сиқыр, өлеңде даналық бар» делінеді екен киелі кітаптарда. Бәлкім, ақынның көреген түйсігі шығар.

«Өзектегі өз несібем өлеңмен, Лиф­ті­сіз үйге қайтып келем мен» деп басталар қарағандылық ақын Руслан Нұрбайдың «Құлтемір» аталатын өлеңі 2000 жыл­дардың басында жазылған болуы ­керек. Өйткені ақынның осы жылдар­дың басында жарық көрген «Ыстыбұ­лақ» атты жыр кітабында жариялан­ған. Бір қарағанда, «лифтісіз үйге қайтқа­ны» бір түрлі естіледі. Лифтіге не зымыран­ға отыра сала бірден «көтеріліп» кеткен­ді айтқысы келгенін кейінгі шумақтар­дан жақсы түсінуі тиіс оқырман. Жо-жоқ, бұл жерде кедейлік пен материал­дық байлықты айтпайды.

Жасанды интеллект деген ғажа­йыптың төбесі қылтия қоймаған уақыт болса да, ақын мынадай тұспал айтады. Өлеңнің эпиграфы былай: «Ұйқастар жинақтап, өлең формасына түсіретін, жаңадан компьютерлік бағдарлама пайда болыпты», келешектегі қияли газеттен», дейді.

«Өмір де бұл темірге құл – түсінгем.

Ойларыңды компьютер пісірген.

Аялдама – алты сағат тұрмын-ау,

Алпыс қадам жерге бару үшін мен».

Өмірді темір, дүние жеп бара жат­қан заманның сұрқай түсі ыржияды шу­мақтардың әр жағынан. Ойлап тап­қаны өзіне жау адамзат соның жетегінде кетпегі де қылаң ұрады. Компьютерді былай қойғанда, алақандай смартфон билеп кеткелі қашан саналарды. Және бұл жасанды интеллект жалауын көтергенде, қалыпты жағдайға айналып барады. Желіге жіпсіз байланғалы алыс­тың жақындағаны, жақынның алыс­тағаны айдан анық. Мұның бәрін жиып қойғанда, «ойларыңды компьютер пісір­ген» деген жолдар жан түршіктірер болудан қалғаны.

Осы саламен айналысатын ғалымдар өз арасында боттарды «бетімен жіберіп», қандай әрекетке барарын сынаған ғой. Олардың адам ақыл-ойы мен қабілетінің шегінен асып кеткені сонша, бұған дейін адамзат естімеген тілде сөйлесіп, өз ортасын жасай бастаса керек. «Ілімі шексіз ібіліс» қана деуші еді. Компьютерде пісіп-жетілген бұлардың мүмкіндігі оны да жолда қалдыруға бар. Тегінде, адам баласы әлімсақтан бері темір адамнан именуші еді. Санасында сондай үрей бары ертегілерден анық көрінеді. Жезтырнақ, мыстан кемпір (мыстан құйылған адам) сияқты кейіпкерлерден.

Әрине, жалғыз-ақ осы өлеңімен ақын қазіргі жағдайды егжей-тегжейлі жеткізе білген деуден аулақпыз. Біз ақынның мұндай тақырыпта өндіртіп жазғанына назар аударғымыз келеді. Әулие демей-ақ қояйық, алысқа қарап, шалғайды болжаған өлеңдер қазақ әдебиетінде қай заманда болсын төбе көрсетіп отырған. Бұл да соның бірі. Уақытынан бұрын, озып жырлаған сөз құдіреті мен түйсік тұспалы кімді болсын қайран қалдырмай қоймайды.

«Темір – Fe» өлеңінде ақын: «Ит маржанды не қылсын», темір деген, ол – адамды, ал оны пенде жепті», депті. Әуелі не «сұмдықтың» елесі қиялда қылаң беріп, әдебиетте сұлбалана­тыны белгілі. Темірге жем болудан сақтасын.