Судың да сұрауы бар
Бұл мәселені ушықтырып отырған бірнеше негізгі себеп бар. Ауыл шаруашылығындағы су тасымалы кезінде шығын 50%-ға дейін артады. Тұрмыста судың шамадан тыс пайдаланылуы, тарифтің төмен болуы суды үнемдеу мәдениетінің қалыптасуына кедергі келтіреді. Сол себепті елде су ресурстарын тиімді басқаруға бағытталған бірнеше мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырып жатыр. Мысалы, «Ауыз су», «Ақ бұлақ» бағдарламасы ауыл мен қаланы сапалы сумен қамтамасыз етуге бағытталған. Бірақ бұл шаралар мәселені толық шеше алмайды.
Су ресурстарын басқару және инфрақұрылымдық жобалар саласында 10 жылдық тәжірибесі бар сарапшы маман Асхат Майлиннің айтуынша, IT-жобалардың суды басқарудағы рөлі ерекше. Жергілікті және халықаралық тәжірибе көрсеткендей, цифрлық технологиялар арқылы су шығынын азайтуға, ресурстарды тиімді бөлуге, суды бақылау үдерісін оңтайландыруға болады. Сондықтан бұл мәселені шешуде кешенді амалдар мен заманауи технологияларды қолдану – уақыт талабы. Елімізде су үнемдеу мәдениетін қалыптастырып, су ресурстарын басқаруда инновацияларға бет бұру арқылы ғана жағдайды жақсартуға болады. Су ресурстарын басқарудағы IT-жобаларға инвестиция салу – болашаққа жасалған қадам. Смарт-технологиялар су есептегіштерінің тиімділігін арттырып, су жүйелеріндегі ақауларды жедел анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар деректерді талдау арқылы су ресурстарын басқарудың нақты жоспары жасалады. Сарапшы еліміздің алдағы жылдары осы бағытқа басымдық беруі маңызды екенін атап өтті.
Ақылды су есептегіштер мен мониторинг жүйелері суды тұтынуды бақылауға, ақауларды дер кезінде анықтауға, шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар су тұтыну көрсеткіштерін бақылап, автоматты түрде деректерді жібереді.
2023 жылы Алматы қаласында Beeline Қазақстан мен «Алматы Су» компанияларының қанатқақты жобасы аясында көпқабатты үйдегі 24 пәтерге «NB-IoT» технологиясымен жабдықталған ақылды су есептегіштер орнатқан. Жоба барысында су шығындары анықталып, тұтыну көлемі азайтылды. Астанада да осыған ұқсас тәжірибе «Ақылды аудан» жобасы аясында жүзеге асқан болатын. Мұнда 103 пәтерге ақылды есептегіш орнатылып, нәтижесінде су тұтыну 40%-ға азайған.
Шымкент қаласында 6000 жалпыүйлік су есептегіш «NB-Fi» модемдерімен жабдықталды. Бұл құрылғылардың көмегімен қаланың су тұтыну картасы жасалып, инфрақұрылымды басқару тиімділігі артты. Жобалар ақылды технологиялардың суды үнемдеуге әрі ресурстарды басқаруды жақсартуға үлкен үлес қосатынын көрсетті. Ақылды есептегіштерді жаппай енгізу тек шығындарды азайтып қана қоймай, су тапшылығы мәселесін шешуге де ықпал етеді. Еліміз үшін бұл – су ресурстарын ұтымды басқарудың маңызды қадамы.
Ауыл шаруашылығында да су үнемдеудің тиімді жолдарының бірі – ақылды суару жүйелерін енгізу. Бұл жүйелер «IoT» технологиясына негізделіп, топырақтың ылғалдылығын, ауа райын, өсімдіктердің қажеттіліктерін ескеріп, суаруды автоматты түрде реттейді. Нәтижесінде, су ресурстары үнемделіп, өнімділік артады. Мысалы, алқапқа арнайы ылғалдылық датчиктері орнатылады. Олар топырақтың жағдайы туралы мәліметті орталық компьютерге жібереді. Компьютер алынған деректерді талдап, өсімдіктерге қажетті суды дәл мөлшерде және уақытында береді. Түркістан облысындағы фермерді мысалға алсақ, бұрын ол кесте бойынша суарып, өсімдіктердің нақты қажеттілігін ескермейтін. Ақылды суару жүйесін орнатқаннан кейін су шығынын 20-30%-ға азайтып, өнімді сол деңгейде сақтап, тіпті артығымен алған. Яғни мұндай технология ауыл шаруашылығын тиімдірек етіп, суды үнемдеуге айтарлықтай көмектеседі.
Әлем тәжірибесі
Су тапшылығы – еліміздің ғана емес, бүкіл әлемнің басты мәселелерінің бірі. Әлем елдері де су тапшылығының алдын алуға инновациялық технологияларды қолдануды қолға алған. Мысалы, Израиль бұл салада көш бастап келеді. Мұнда теңіз суын тұщыландыру кеңінен дамыған. 2022 жылы Израильдегі ауызсудың 85%-ы дәл осы әдіспен өндірілген. Сонымен қатар арнайы датчиктер мен деректерді талдау арқылы су құбырларындағы ақауларды жылдам анықтап, шығындарды азайтуға мүмкіндік беретін жүйелер қолданылады.
Сингапур да су ресурстарын тиімді пайдалану үшін заманауи технологияларға инвестиция салып жатыр. Елде «NEWater» технологиясы ағынды суларды ауызсу деңгейіне дейін тазартуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта бұл технология Сингапурдың ауызсу қажеттілігінің 40%-ын өтеп отыр. Алдағы жылдары бұл көрсеткішті 55%-ға дейін арттыру жоспарланған.
Қытай да алдыңғы қатарда. Мысалы, Гулин қаласында су жүйелерін басқаруға арналған цифрлық технология енгізілген. Бұл жүйе су шығындарын азайтып, оны тиімді пайдалануға көмектесіп отыр.
Ал Берлин техникалық университетінде сорғы стансасының цифрлық көшірмесі жасалды. Бұл жүйе апаттардың алдын алуға әрі оларды болдырмауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар техникалық қызмет көрсетуге кететін уақытты 30%-ға, шығындарды 25%-ға азайтады. Цифрландырудың басты артықшылығы – автоматтандыру арқылы жүйелерді жаңа талаптарға жылдам бейімдеу және инженерлік жұмыстарға кететін уақытты 68%-ға қысқарту.
Әлем елдерінің тәжірибесі цифрлық технологиялардың су ресурстарын тиімді басқаруда үлкен рөл атқаратынын дәлелдеп отыр. Мысалы, Халықаралық су қауымдастығы (IWA) «Цифрлық су» бағдарламасын іске қосты. Бұл бағдарлама су саласында цифрлық шешімдерді енгізіп, елдер арасында тәжірибе алмасуға бағытталған.
Басымдық беретін бағыт
Асхат Майлиннің пікірінше, елімізді сумен тұрақты қамтамасыз ету үшін жаңа технология, мемлекеттік саясат, бизнес пен ІТ саласының ынтымақтастығын қамтитын кешенді жоспар қажет. Бұл мәселеде ІТ мамандары маңызды рөл атқарады. Олар су тапшылығын шешіп қана қоймай, экономиканы дамытуға да септігін тигізе алады.
«Ақылды су есептегіштер жасап шығаратын стартаптарды көбейту қажет. Бұл құрылғылар инфрақұрылымды бақылау жүйесімен бірігіп жұмыс істейді. Олар судың қанша жұмсалғанын ғана көрсетпей, жасанды интеллект арқылы ақауларды, судың артық шығынын анықтайды. Осылайша, коммуналдық қызметтер суды үнемдеп, шығынды азайта алады. Фермерлер үшін де мұндай технология тиімді болар еді. Ақылды жүйе ауа райын, топырақтың жағдайын және өсімдіктердің қажеттіліктерін ескеріп, суаруды оңтайландырады. Бұл суды үнемдеп, өнімділікті арттырып, табысты көбейтуге көмектеседі. Сонымен қатар тұрғындарға арналған мобильді қосымшалардың да болашағы зор. Мұндай қосымшаларда шығынды азайту бойынша кеңестер беру, көршілермен суды қанша жұмсағаныңызды салыстыру мүмкіндігі қарастырылуы мүмкін. Бұл адамдарды суды ұқыпты пайдалануға ынталандырады, ал әзірлеушілерге жаңа табыс көзін ашады», дейді сарапшы.
Қазіргі таңда су жүйелерін басқару үшін заттар интернеті (IoT және IIoT) кеңінен қолданылады. Бұл технологиялар су жүйелерін автоматтандыруға, деректер жинауға және су пайдалануды бақылауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жасанды интеллект пен машиналық оқыту технологиялары да су ресурстарын басқаруда маңызды рөл атқарады. Бұл технологиялар деректерді талдап, су жүйелерінің жұмысын оңтайландырып, ресурстарды үнемді пайдалануға көмектеседі. Су тұщыландыру әдістері де су тапшылығын шешуде маңызды орын алады. Кері осмос және көпсатылы флэш-дистилляция әдістері теңіз суын немесе ластанған суды тұщы суға айналдыруға болады. Сонымен қатар ағын суларды өңдеу мен қайта пайдалану үшін заманауи технологиялар, оның ішінде мембраналық фильтрация мен ультракүлгін дезинфекция, су ресурстарын үнемдеуге әрі экологиялық жағдайды жақсартуға ықпал етеді.