Полиция деректеріне сәйкес, 2024 жылдың 10 айында Алматыда әйелдерге қатысты 7705 қылмыс тіркелген, бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8,1%-ға кеміген.
Құқық қорғау органдары отбасындағы озбырларға қарсы қандай әрекет жасап отыр деген сауалға Алмалы аудандық полиция басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің аға инспекторы, полиция майоры Айгерім Құласбекова: «Биыл отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу амалдарын күшейттік. Профилактикалық есепке 6800-ден астам адам қойылды, 6200-ден астам қорғаныс ұйғарымы шығарылды. Бұл шаралар әлімжеттіктің алдын алуды ғана емес, зәбір көргендерге көмек көрсетуді, күш көрсетуге бейімдермен жұмыс істеу жолдарын қарастырады. «Серіктестік – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу құралы» қанатқақты жобасы аясында 105 озбыр психокоррекциялық бағдарламаларға жіберілді», деп жауап берді.
«Дағдарыс орталықтары одағы» ЗТБ басқарма төрағасы Зульфия Байсақова биыл сәуір айында заңнамаға өзгерістер енгізілгеннен кейін отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары құзырлы мекемелерге жиі жүгіне бастағанын айтады. «Ең бастысы, зәбір көргендер мемлекет тарапынан қолдауды сезініп, өз құқықтарын қорғаудың нақты тетігін қолдана бастады» дейді З.Байсақова.
Тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына көңіл бөлініп, оқу орындары мен ұйымдарында 160 дәріс, тренинг мен кездесу өткізілді. Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторлар 776 әйелге кеңес берсе, 150 әйел дағдарыс орталықтарына орналастырылып, 9 әйел «Аналар үйі» баспанасынан қолдау тапты. Алдағы уақытта осы мәселеге азаматтық қоғамды барынша тартуға, ODARA тәуекелін бағалау әдістемесін қоса алғанда, халықаралық тәжірибені енгізуге баса назар аударылатын болады. «ODARA» деп отырғанымыз – Канаданың Онтарио қаласында жасалған тұрмыстық зорлық-зомбылық қаупін бағалаудың халықаралық құралы. Бұл бастама әлімжеттік мәселесін шешуде озбырды міндетті түрде бас бостандығынан айыруды емес, оның тәубесіне келіп, қателігін түзеп, жәбірленуші тараппен татуласуын көздейді. Үйінде күш көрсетіп жүргендерді қайта тәрбиелеу мәселелері азаматтық қоғам өкілдеріне жүктеледі.
Өз кезегінде үкіметтік емес ұйымдардың отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестегі рөлін жоққа шығармау керек. Сол тұрғыда Әлеуметтік кодекстегі соңғы өзгерістерге сәйкес олардың сапасын арттыруға бағытталған қызметтерді лицензиялау үдерісі жүріп жатыр.
«Қазір ҮЕҰ өзінің материалдық-техникалық базасын нығайту мен оқытудан өтіп жатқан мамандардың біліктілігін арттыру бағытында белсенді жұмыс жүргізіп, сондай-ақ лицензия алу үдерісіне қатысып келеді. Бұл өзгерістер отбасылық-тұрмыстық әлімжеттікті азайтуға, жалпы қауіпсіздікті қалыптастыруға оң әсерін тигізеді деп үміттенеміз», деді З.Байсақова.
«Жан-Сая» дағдарыс орталығының заңгері Гүлшара Сапарова былтырғы он айда дағдарыс орталықтарынан 2657 адам пана сұраса, биыл 1 қарашада бұл көрсеткіш 2279 болғанын алға тарта келе, жазаны қатаңдату шаралары өз алдына, қоғамның зорлық-зомбылыққа деген жалпы көзқарасын өзгерту маңызды екенін атап өтті.
Көтеріліп отырған мәселеге орай халықаралық ұйымдар да бірлескен нақты іс-әрекеттерді қолға алып жатыр. Жақында Алматыда Орталық Азия елдері тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы әрекет ету тәсілдерін талқылау мақсатында бас қосты. «Гендерлік зорлық-зомбылыққа белсенді қарсы әрекет ететін 16 күн» жаһандық науқаны аясында ұйымдастырылған «Орталық Азиядағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы әрекет ету жүйесі: агрессорларды түзету бағдарламалары» атты халықаралық жиынды Фридрих Эберт атындағы қордың Қазақстандағы өкілдігі мен «Дағдарыс орталықтары одағы» ЗТБ Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар кеңсесімен бірлесіп өткізді.
Сексеннен астам сарапшыны бір алаңда жинаған конференцияда Парламент депутаттары, Қазақстан мен Қырғызстан ішкі істер министрліктерінің, Қырғыз Республикасы Жогоргу Кенешінің, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, Тәжікстан Республикасы Үкіметі жанындағы Әйелдер және отбасы істері жөніндегі комитеттің, Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы психикалық денсаулық ғылыми-зерттеу орталығының өкілдері, зерттеушілер, азаматтық қоғам өкілдері сөз алды.
Алқалы жиында отбасындағы әлімжеттік әр қырынан талқыланып, заңнамалар мен құқық қорғау органдарының жұмысы талданып, озбырлықтың қайталануы мен қатері сарапталды. Агрессорларды түзету бағдарламаларына шолу жасалып, үйдегі зорлық-зомбылыққа куә болып, содан жәбір көрген балаларды қолдау шаралары қарастырылды. Отбасындағы қасіретті жағдайларға қоса, кибер зорлық-зомбылықпен күресу мен алдын алуда ІТ технологияларды қолданудағы табысты кейстер талданды. Мәселеге қатысты БАҚ рөлі мен ықпалы да назардан тыс қалған жоқ.
Конференцияда баса назар аударылған проблемалардың бірі тиімділігі халықаралық деңгейде дәлелденген агрессорларды түзету бағдарламалары болды. Неміс зерттеушілерінің тұжырымына сүйенсек, түзету бағдарламаларына қатысқандар 8-9 айдан кейін кез келген зорлық-зомбылықтан сап тыйылған. «Агрессорларды түзету бағдарламаларын енгізу зорлық-зомбылықпен күреске жүйелі көзқарас ұстануға қажет. Қазір күш-жігер көбінесе құрбандарды қолдауға жұмсалады, сондай-ақ агрессорлармен де жұмыс істеудің маңызы зор. Зорлық-зомбылық – екі тарапқа да: әлімжеттік жасайтындарға да, одан зардап шегетіндерге де қатысты. Сол тұрғыда агрессорларды түзету бағдарламалары – зорлық-зомбылық қайталануының алдын алу құралы болмақ», – деді Фридрих Эберт атындағы қордың Қазақстандағы өкілдігінің жоба менеджері Әлима Теңізбай.
Сарапшылардың сөзіне сүйенсек, Орталық Азия елдері үйдегі зорлық-зомбылықпен күресуде маңызды қадамдар жасап жатыр. Жиын барысында «Zertteu Research Institute» ұйымы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшелері инспекторлары арасында ODARA әдісінің тиімділігін зерттеп, сынап көрді. Нәтижесінде, инспекторлардың 83%-ы ODARA құралын өз жұмысында үнемі қолданатыны анықталды. Сауалнамаға қатысқандардың 73%-ы оның үйдегі зорлық-зомбылықтың қайталануы ықтималдылығын болжауда тиімді екенін атап өткен.
Баршаға мәлім, биылғы жылдың сәуірінен елімізде үйдегі зорлық-зомбылық қылмыс санатына жатқызылғандықтан, ендігі жерде отбасы мүшесін ұрып-соққан, денсаулығына жеңіл, орташа, яки ауыр зақым келтірген адам қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Сол сияқты биыл тамыз айында Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы күресті күшейтуді көздейтін заңнамаға енгізілетін түзетулерді мақұлдады. Түзетулер сондай-ақ Қырғыз Республикасы Әділет министрлігі жанындағы Пробация және жазаларды атқару қызметі іске асыратын түзету бағдарламаларынан өтуді міндеттейді. Айта кету керек, Қырғызстан Орталық Азия елдері арасында үйдегі зорлық-зомбылықты өзгелерден бұрын, 2017 жылы қылмыс санатына енгізген.
Өз кезегінде Өзбекстан Президенті де агрессорлардың зорлық-зомбылыққа бейім мінез-құлқын өзгертетін түзету бағдарламаларына қатысуды міндеттейтін қаулыға қол қойды. 2025 жылғы қаңтардан бастап елдегі агрессорлар тізімі жасала бастайды. Бұл елде де 2023 жылы үйдегі зорлық-зомбылық қылмыс санатына қосылған.
Тәжікстанға тоқталсақ, елде отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы заңға өзгеріс енгізілген. Олардың бірі жұмысты күшейте түсу мақсатында отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық үйлестіру кеңесін құруды көздейді.
Конференция үйдегі зорлық-зомбылыққа қарсы әрекет ету шараларын күшейту жөніндегі ұсыныстар жазылған қарар қабылдаумен тәмамдалды. Қатысушы тараптар тәжірибе алмасуды тоқтатпай, бірлесе жұмыс істей беруге дайын екенін білдірді.
АЛМАТЫ