«Биылғы басты міндетіміз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономиканың 6 пайыздық өсімін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау болды. Қабылданған іс-шаралардың нәтижесінде, өткен 11 айдағы қысқа мерзімді экономикалық индикатор 109,1%-ды құрады, барлық негізгі салаларда оң динамика қамтамасыз етілді», – деген өңір басшысы өнеркәсіп – 6,9%-ға, сауда – 13,2%-ға, құрылыс – 20,6%-ға, көлік қызметі – 21,0%-ға артқанын атап өтті.
Өңір экономикасының қарқынды дамуына инвестицияның көптеп тартылуы оң әсер еткен. Биыл облысқа 22,5% өсіммен (ҚР – 3,1%, 5-орын) 778 млрд теңге инвестиция тартылды. Инвестициялардың ұлғаюымен қатар көрші елдермен ынтымақтастық та жыл санап нығайып келеді.
Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»
Соңғы үш жылда облыс орталығы – Қонаев қаласының инженерлік инфрақұрылымын жақсартуға ерекше көңіл бөлінген. Мәселен, 48 көпқабатты тұрғын үйдің шатырлары ауыстырылып, қасбеттері жөнделсе, 61 шақырым инженерлік-жол инфрақұрылымы жаңартылып, 41 аула, қоғамдық бақтар мен спорт алаңдары абаттандырылды. Жалпы алаңы 133 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның айтарлықтай көлемін жеке құрылыс компаниялары жүзеге асырып (79,5 мың шаршы метр, 859 пәтерлі 19 үй), қаланың тартымдылығын арттыратын «Аристократ», «SUN CITY», «NJ Towers» сынды заманауи тұрғын үй кешендері бой көтерген. Сондай-ақ 900 орындық мектептің құрылысы аяқталды.
Орталық саябақ пен Қапшағай көлінің жағажай аймақтары жаңғыртылып, «Qonaev International Balloon Fest» фестивалі, «Oceanman» ашық су жарысынан ірі халықаралық іс-шаралардың өткізілуі туристер санының 6,5%-ға артуына әсер еткен. Келесі жылы әлемдік деңгейдегі 4, 5 жұлдызды брендтік екі қонақүйдің құрылысы басталмақ. Бұл туризм инфрақұрылымын халықаралық стандарттарға сай дамытуға септігін тигізеді.
Қонаев қаласын дамыту Үкімет қаулысымен бекітілген Кешенді жоспардың аясында жүзеге асырылып жатыр. Құжатта 187 іс-шара қарастырылған, оның 148-і бюджет қаражаты, 39-ы жеке инвестициялар есебінен. 2023–2024 жылдары 124 нысанның жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленген. Мемлекеттік сараптама аяқталған соң құрылыс жұмыстары басталатындығын баяндады өңір басшысы.
«Биыл 9 қаңтарда Президенттің Жарлығымен облыста Алатау қаласы құрылып, мамыр айында қаланың Бас жоспары, қазан айында шекарасы бекітілді. Оның жан-жақты дамуына ықпал ету мақсатында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Үкімет жанынан жобалық кеңсе құрылып, екі ай көлемінде өз қызметін атқарып келеді. Қала аумағында құрылған арнайы «Алатау» экономикалық аймағы көлемі жағынан (96 мың га) әлемде алғашқы үштіктің қатарына кіреді. Алатауды заманауи қала ретінде дамыту мақсатында Сингапур, Қытай елдерінен кеңесшілерді тарта отырып, халықаралық тәжірибеге сүйеніп отырмыз. Бұл елдер қала құрылысы, инфрақұрылым, көлік жүйесі, «ақылды» технологиялар арқылы қаланы басқару саласындағы жетістіктерімен танымал», деді М.Сұлтанғазиев.
Облыс орталығы мен Алатау қаласын кешенді дамыту Алматы агломерациясының көптеген мәселесін шешіп, әлеуетін ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда айналма жолдың бойына жалпы инвестиция көлемі 775 млн долларға жуық болатын бес халықаралық компания тартылды. Олар өндіріс көлемін ұлғайтуға зор ықпал етіп отыр.
Облыс ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде 8,0% үлесімен еліміздегі көшбасшы өңірлердің бестігіне кіреді. Ет, көкөністер мен жемістер, картоп, жүгері, соя, күріш өндіруде республикадағы жетекші орындардың біріне ие. Биыл 4 мыңға жуық (3963) ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 29 млрд теңге субсидия бөлінген. Президенттің тапсырмасына сәйкес салада суармалы егістікті ұлғайтуға басымдық беріліп отыр. Бүгінгі таңда су үнемдеу технологияларын қолдану көлемі 20 мың гектардан 43,6 мыңға дейін ұлғайған. Өз кезегінде желілердің тозу деңгейінің жоғары болуы (60-70%) су шығының артуына әкеліп отыр. Сондықтан соңғы үш жылда 89,5 шақырым суару желілерін жаңғыртуға 12,0 млрд теңге бөлінген.
Ауыл тұрғындарына «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы айтарлықтай қолдау көрсетіліп келеді. 2023–2024 жылдары 8,3 млрд теңгеге 1094 жеңілдетілген несие берілді. Бұл 46 ауыл шаруашылығы кооперативтерін құруға, 130 шағын және орта бизнес нысанын ашуға, сол арқылы ауыл халқының орташа табысын 258,4 мың теңгеден (2023 жылы 3-тоқсан) 293,4 мың теңгеге дейін (2024 жылы 3-тоқсан) арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Бүгінде облыста кәсіпкерлік қарқынды дамып жатыр. Жалпы, өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі үш мегаполистен кейін (Астана, Алматы, Шымкент) 45% көрсеткішпен елімізде 4-орынды иеленеді.
Алматы облысы үшін тағы бір орны ерекше бағыт – туризм. Аймақ шет елдерден келетін туристік ағын бойынша Алматы және Астана сияқты ірі қалалардан кейін 3-орында тұр. Соңғы екі жылда табиғаты ғажайып өңірге келушілер саны екі есе өскен. Биыл туристер саны 1 809,9 мың адамға жеткен. Оның ішінде 128 мың турист – шетелдік қонақтар, бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 12 есе артық.
«Биыл жалпы сомасы 20 млрд теңгені құрайтын бірқатар нысандар іске қосылды. Олардың ішінде саумал терапиясына баса назар аударылатын таулы шатқалдардағы сауықтыру кешендері бар. Сондай-ақ «Қара шатқалда» инвестиция құны 1,5 млрд теңге болатын шыны көпір салу, 58 млрд теңгеге «Ой-Қарағай» курортын кеңейту сияқты ауқымды бастамалар бар. Қонаев қаласында аквапарк салу жоспарланып отыр. Мұндай жобалар аймақтың туристік тартымдылығын арттыруға, мәдени, іскерлік әріптестікті кеңейтуге ықпал етеді», деді М.Елеусізұлы.
Жұмыс орындарын құрудың өңірлік картасы аясында жыл басынан бері 57 мың жұмыс орны құрылып, 34 мың адам тұрақты жұмысқа орналастырылған. Бизнес-идеяларды іске асыру мақсатында әлеуметтік осал санаттағы 259 адам 400 айлық есептік көрсеткішке дейін грант алып, өз ісін ашқан.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында биыл 24,9 мың орындық 26 мектептің құрылысы басталды. Жыл басынан бері 9 мың орындық 9 мектеп, оның ішінде 2 мектеп Болат Өтемұратов қорының есебінен, 1,5 мың орындық «Altyn adam» жеке инновациялық мектебі ашылды. Жыл соңына дейін 6,3 мың орындық тағы 5 мектепті қолданысқа беру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар сапалы медициналық көмек көрсету де басымдықтардың бірі. Бүгінде 47 медициналық нысан салынып жатыр, оның 38-і «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылады.
Мәдениет және спорт салаларында да тың серпін бар. Райымбек, Кеген аудандарында мәдениет үйлері салынды. Баспасөз жиынының соңында қазақ әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығын ЮНЕСКО деңгейінде атап өту аясында ұйымдастырылған іс-шаралар тізбегімен таныстыра келе, өңір басшысы БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.