Сұхбат • 18 Желтоқсан, 2024

«Көтеріліске қатысқанымды дәлелдегім келеді»

106 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Газет редакциясына Желтоқсан көтерілісінің қатысушы­сы Марат Мырзабеков атты азамат келді. Ол 1986 жылы кеңестік тоталитарлық жүйеге қарсы бас көтерген қазақ жастарының арасында болғанын, сол оқиғадан кейін оқудан шеттетіліп, әскерге кетіп, жазадан аман қалғанын айтады. Азаттыққа ұмтылған жастардың арпалысқа толы күндері туралы куәгердің әңгімесін оқырман назарына ұсынамыз.

«Көтеріліске қатысқанымды дәлелдегім келеді»

– 1986 жылғы Желтоқсан көтері­лісіне қатысыпсыз. Ол кезде студент пе едіңіз, әлде жұмыс істеп жүрдіңіз бе?

– 1986 жылы Алматы қала­сындағы қазіргі Абылай хан атын­­дағы Әлем тілдер және ха­­лық­аралық қатынастар уни­вер­­сите­тінің студенті едім. Қара­ғанды облысының Ақтоғай ауданының тумасымын. 1986 жылы Қарқаралы қаласында қазақ мектебін күміс медальмен бітіріп, оқуға түстім. Ол кезде шет тілдері мамандарын даярлайтын еліміздегі жалғыз оқу орны «ИнЯз» ғана болатын. Сондықтан бұл оқуға ілігу де оңай емес еді. Қара­ғанды облысының Ақтоғай ауданында немістер көп тұрды. Неміс балалармен ойнап жүріп, олардың тілін игеріп алғанмын. Яғни өзгелер қиналып, әрең оқуға түсетін институтқа қабылдануым қиындық туғызбады. Сабақ үл­герімім де жақсы еді. Қысқарта айтқанда, Желтоқсан көтерілісіне дейін студент болдым.

– Үлгілі студент Мараттың алаңға шығуына не себеп болды?

Рысбек, Амантай атты екі жігітпен «Целинный» кино­театры­ның алдында қазан айында таныс­тым. Киноға билет таппай, кассадан шығып келе жатыр едім, екеуі жолыға кетіп: «Билет керек пе?» деп сұрады. Өздері ертерек кассадан арзан билет алып, үстіне ақша қосып сатады екен. Бірі АХБК-да (Алматы мақта-мата комбинаты), екіншісі АЗТМ-да (Алматы ауыр машина жасау зауыты) жұмыс істейтін көрінеді. Сол күні киноға бірге кірдік. Амантай мен Рысбек­пен таныстығымыз достыққа ұласты.

Бір күні оқу залында отыр едім, әлгі екі досым кіріп келіп, саяси әңгіме айта бастады. Кітап­ханашы орыс апайдың «шы­ғың­дар» дегеніне қарамай, жастарды жалынды сөздерімен баурап алды. Амантай мен Рысбек: «Сен­дер шет тілдерін үйреніп жатырсыңдар, өз тілің бірлік үшін, өзге тіл тірлік үшін керек» деп жалындап сөйлегенде, Шет тілдер институтының қыз-жігіттері рухтанып кетті.

– Институт кітапханасында болған бұл оқиға желтоқсан айын­да болды ма?

– Жоқ, қараша айының басы еді.

– Сонымен, желтоқ­сан­ның 17-18-і күндері жұрт алаңға шықты ғой...

– Біз Амантай мен Рысбектер­мен қазір­гі Құрманғазы мен Шагабут­динов көшелерінің қиылысында кездесетін болып, курстастарым­ды үгіттеп ертіп шығу үшін инс­­ти­тутқа кет­тім. Бір топта оқи­­тын студент­терден маған Тал­ғар­дың қызы ғана ерді. Есімі есім­де қал­мап­ты. Бізді Бақыт Бай­мұрзаева атты кураторымыз тоқтатпақ бол­ғанымен, оның сөзін жүре тың­дап, келісілген жерге келдік. Сол жерден Амантайлармен жо­лығып, одан әрі Абай даңғы­лына шығып, Пушкин кітапха­насына дейін жаяу бардық. Дүрбе­лең басталғанға дейін жұбымыз жазылмай, алаңда бірге жүрдік.

– Қақтығыс кезінде қандай әрекет жасадыңыздар?

– Ол сәтті мүлдем есіме тү­сір­­гім келмейді. Әлі күнге қазақ­тың қыз­дарының батырлығына таң­ға­­ламын. Жігіттердің намы­сын қайрап, қа­сымызда жүрді. Милициялардан әбден қанжоса боп таяғын жеп, алаңнан «Қазақ­фильмге» дейін әрең жеттім. Белгілі ақын Дәуі­тәлі Стамбеков ағамыздың ше­шесі мен менің анам бірге туған. Яғни бөлем еді. Ол кісі «Қа­зақфильм» шағын ауда­нында тұратын. Сол үйді паналамасам, ұсталып қаларымды білдім. Есікті Дәуітәлі ағаның әйелі Фарида тәтеміз ашқанда, әлім жоқ, құлап түстім. Жотам­нан аққан қан қатып, денем киіміме жабысып қалған екен. Ата-анам алаңдап, мені іздеп Дәуітәлі ағанікіне телефон шала беріпті. Дәуітәлі аға ата-анама аман-есен келгенімді хабарлады да, мені ешқайда жібермей қойды.

– Сосын...

– Алаңда суретке түсіп қал­ған­дардың бәрін ұстап кетіп жат­қандықтан, Дәуітәлі ағам мені институтқа жіберме­ді. Сабаққа бармаған студентті оқу­дан шығарып жібереді ғой. Мен инсти­туттан шығып қалған соң, өзім сұра­нып, әс­керге кеттім. Әскерден 1989 жылы келгенімде Желтоқсан көтерілісіне қатысқандар ақтала бастапты. Сол кезде оқудан шет­тетілгендерді қайта­дан қабылдап жатыр екен. «ИнЯз»-ға барып, жағдайды түсіндіріп едім, еш қарсылықсыз бірінші курсқа қабыл­дады. Сөйтіп 1994 жылы неміс тілі мамандығын алып шықтым.

– Осы уақытқа дейін Жел­тоқ­сан көте­рілісінде көрген-білге­ніңізді айтпапсыз. Енді, неге өткен күнге оралып, сыр ақтарғыңыз келіп отыр?

– 1986 жылы Алматыдағы алаңға азаматтық үнімізді естірту үшін шықтық. «Әр халықтың өз көсемі болсын» деген ұранды ту етіп, алаңға бардық. Бірақ сол кезде Алматыда оқыған, жұмыс істеп жүрген қазақ жас­тарының барлығы көтеріліске қатысты деп айта алмаймын. Мәселен, бізбен бірге оқитын студенттерден екі-ақ адам алаңға барыппыз. Уа­қыт өте келе, Желтоқсанға қаты­сушы да, ол оқиғаның көзсіз ба­тыр­лары да көбейді ғой. Мен со­лар­дың өтірігі мен шындығы қатар өрілген әңгімелерін көп тың­дап жүргендіктен, ешкімге Жел­­тоқсанға қатысқанымды айт­­қым келмеді. Кеш болса да, жел­тоқсан­шылардың талабы орындалды. Соған қана­ғат етіп, ел алдында ет­кен ең­­бегі­мізді бұлдамай жүре бердік. Бүгін сізге сұхбат беруіме де таныстарым мен достарымның қолқа­лауымен көніп отырмын. «Желтоқсан көтерілісіне қатысқа­нымды дәлелдеп, кеш те болса сол арпалысты күндерде елдіктің үнін танытқан жастар ортасында бол­ғанымды дәлелдегім келеді.

 

Әңгімелескен –

Қанат БІрлікұлы,

«Egemen Qazaqstan»