Бұл – еліміз бойынша тұңғыш рет қолға алынған, «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен жүзеге асып жатқан керемет жоба. Батыс Қазақстан облысында ғана Тәуелсіздік күнінен бастап Наурыз мейрамына дейін өңірдің барлық 12 ауданында 25 кітапхана жаңғыртылатын болады.
Кейінгі кезде елімізде әдебиеттің мәртебесі көтеріліп, кітап оқу мәдениеті қалыптасып келе жатқандай әсер қалдырады. Бұл үрдіс төменнен де, жоғарыдан да байқалады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде 23 сәуір – Ұлттық кітап күні болып белгіленуі де жақсы нышан. Аталған мереке оқырман мәдениетін дамытуға және жастардың кітапқа деген сүйіспеншілігін арттыруға бағытталған маңызды қадам екені сөзсіз.
Бәйтерек ауданындағы жаңарған кітапхананың ашылу салтанатына Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевтің өзі барды. Осы жобаның басы-қасында жүрген «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының төраға орынбасары Ләззат Чинкисбаева, қордың басқарма мүшесі София Айсағалиева, «TANA» қоғамдық қорының негізін қалаушы Камила Лұқпанова, сондай-ақ жергілікті қоғам өкілдері де осы жерден табылды.
Осынау қайырымдылық жоба аясында облыстағы 356 кітапхананың ішінен 25-і жаңартылып, қауымдастық орталығына айналады. Жобаның игілігін облыстың 130 мыңнан астам тұрғыны көрмек.
– Жеке өзім үшін осы жоба өте ерекше, жүзеге асыру жолында 1,5 жыл бойы үлкен команда қызмет етті. Оның ішінде Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық кітапхананың директоры Шолпан Қуанышқалиқызы мен барша ұжымын, «TANA» қоғамдық қорының негізін қалаушы Камила Лұқпанованы және оның командасын ерекше атап өтуге болады. Әрине, мұның барлығы «Қазақстан халқына» қорының басқарма төрағасы Болат Бидахметұлының, орынбасарлары Ләззат Алтынбекқызы мен София Серікбайқызының қолдауы болмаса жүзеге аспас еді, дейді облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов.
Жобаға кіретін әр орталықтың кітап қоры 68 миллион теңгеден астам қаражатқа сатып алынған 800-ден аса жаңа кітаппен толықтырылады. Олардың ішінде отандық және шетелдік авторлардың үздік туындылары бар.
Осы жоба аясында облыс әкімдігі аталған орталықтарды жөндеуден өткізіп, жалпы ауданы 680 шаршы метрді құрайтын ғимараттарды жаңартты. Переметное және Дариян ауылдарындағы екі орталықты абаттандыруға 43 345 000 теңге бөлінді.
Қауымдастық орталықтары заманауи музыкалық аспаптармен, үстел ойындарымен, тігін және қолөнер жабдықтарымен қамтамасыз етілген. Жергілікті тұрғындар бұл жерде заманауи технологиямен қатар, білім беру және мәдени іс-шараларға арналған алаңдарды пайдалана алады.
Қазірдің өзінде бұл орталықтар жергілікті тұрғындардың сүйікті орнына айналған. Тіпті жаңадан «Жамылған көк желегін жұмақ мекен» өлкетану, «Абайтану» клубтары, әйелдерге арналған «Сырғалым» клубы және ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған «Күншуақ» клубы ашылған.
– Мемлекет басшысы жастарды қолдауға және мәдениетті дамытуға ерекше көңіл бөледі. Осы мақсатта облысымызда бірнеше жоба жүзеге асырылып жатыр. Солардың бірі – кітапханаларды жаңғырту. Біздің өңірдегі кітапханаларды модернизациялау мен оларды қауымдастық орталықтарына айналдыруды «Қазақстан халқына» қоры қаржыландырды. Сонымен қатар «TANA» қоғамдық қоры оқырмандар үшін заманауи технологиялармен жабдықталған жайлы орта құрды. Мұнда жастарымыз жаңа білім алып, шығармашылық қабілетін дамытып, жаңа идеяларын жүзеге асыра алады – деп атап өтті Нариман Төреғалиев.
Өңірде 2025 жылдың соңына дейін 9 мың шаршы метр кітапхана ғимараты қайта жаңғыртылады. 100-ден астам кітапханашы қайта даярлаудан өтеді. «Қазақстан халқына» қоры кітапханаларды жабдықтауға және кітап қорын жаңартуға 797 миллион теңге бөледі. Переметное және Дариян ауылдарындағы кітапханаларды жабдықтауға бюджет 34 миллион теңгені құрады.
«Бұл жоба ауыл кітапханаларын заманауи қауымдастық орталықтарына айналдыруға, олардың дәстүрлі функцияларын сақтай отырып, мәдени бағдарламаларын байытуға және барлық жастағы тұрғынға арналған тартымды орталықтар құруға бағытталған. Біз үшін бұл жобаға тұрғындардың өздері де «асар» дәстүрі бойынша қатысқаны өте маңызды», дейді Ләззат Чинкисбаева.
«Ауыл кітапханаларын жаңғырту – болашақты көздеген қадам. Біз еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін заманауи технология мен білімге, мәдениетке қол жеткізу үшін заманауи кеңістік жасаймыз. Кітапхана халыққа қажетті қоғамдық орынға айналуы керек. Біз бұл жобаны Қазақстанның басқа аймақтарында да жалғастыруды көздеп отырмыз», дейді «TANA» қорының негізін қалаушы Камила Лұқпанова.
Енді ауыл кітапханашылары жетекші оқу орындарында қосымша оқып, білімін көтереді. Мұндай жаңартылған орталықтар ауыл тұрғындарын тұрақты дамытуға, қоғамды ұйыстыруға бағытталған маңызды қадам. Яғни енді ауыл тұрғындары өз мекенінде отырып-ақ заманауи мәдениетке, озық білімге және үздік технологияға қол жеткізе алады деген сөз.
Батыс Қазақстан облысы