Кино • 19 Желтоқсан, 2024

«Бастау» – қанатқақты жобалар қолдаушысы

32 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Алматыда дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан ХІІ халықаралық «Бастау» студенттер мен дебюттік фильмдердің кинофестивалі мәресіне жетті. Кинофестивальға қатысуға ниет білдірген жақын шетелдерден бөлек, Түркия, Иран, Гонконг, Италия, Сербия, Нидерланды, Мексика, Польша секілді әлемнің әр түкпіріндегі елдерден жалпы саны 500 өтінім келіп түскен. «Bastau Shorts» конкурстық бағдарламасы аясында көркем, деректі және анимациялық қысқаметрлі дебюттік фильмдер сарапқа салынып, олардың ішінен 28 елдің 43 картинасы іріктеліп алынды.

«Бастау» – қанатқақты жобалар қолдаушысы

Фестивальдың ашылу сал­танатында отандық киноиндустрияның дамуына қосқан үлесі мен көрсет­кен қолдауы үшін КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімовке, «Тұран» университетінің ректоры Рах­ман Алшановқа және белгілі ре­жиссер Ораз Әбішевтің ұлы Қанат Әбішевке атаулы сыйлықтар ­табысталды.

ХІІ халықаралық «Bastau» кинофестивалінің қазылар алқа­сына Ресей кинематографис­тер одағының және Өзбек­стан Киноқайраткерлер одағының мүшесі, белгілі режиссер Рашид Маликов төрағалық жасады. Сон­­дай-ақ халықаралық қазы­­­лар құрамында Ресей киноопе­ра­торы Борис Литовиченко, Қырғыз­стан киносының про­дюсері әрі ­сценарист Даль­мира Тілепберген, Қазақстан кино сыншысы Ораз Керейбаев және отандық режиссер Олжас Баялбаев бол­ды. Кәсіби қазы­лар алқасымен бір­ге жеті студент­тен жасақтал­ған қосалқы қазы­лық топ та қатар жұмыс істеді.

ап

«Арман» кинотеатрында өт­кен кинофестиваль салтанаты Алина Мустафинаның «Оның әкесіне, менің арғы атама, оның арғы атасына пірәндік» деректі фильмімен ашылды. Биыл қазан айында Оңтүстік Кореяның Бу­сан халықаралық кинофестива­лін­де премьерасы өткен фильм­нің оқиғасы тың әрі тартымды. Лябиба атты орта жастағы әйел қызы мен немересін алып, әкесі жерленген бауырластар зиратын табу үшін Қазақстаннан Польшаға сапар шегеді. Жол­да Татарстан жеріндегі туған ауылының топырағын басып, алысқа аттанып бара жатқан үш буынның өкілі аталарының мүрдесін ғана іздеп бара жатқан жоқ, бірін-бірі жоғалтып алған ұрпақтың арасындағы ажырап қалған туыстық байланысты қай­та тауып, жалғауға ниетті. Ұзын жолдың үстіндегі сапарда үш ұрпақ өкілінің жанына өшпестей етіп кеңестік жүйе салған постколониалды жарақаттың ауыр зардабы айқын көрінеді. Тамырын жоғалтып алған үшеу өздерінің бірегейлігін, туған шаңырақ пен өз үйі ғана сыйлай алатын еркіндік сезімін іздейді.

Әлемнің әр түкпірінен келіп, кинофестивальға қатысқан жас таланттардың көркем жобалары тақырып, мазмұн, идея жағынан алуан түрлі. Мысалы, «The Tie» фильмінде Ченгиз деген прокурордың көлігі айдалада құм ішінде бұзылып қалады. Аптап ыстық, аңызақ желдің өтінде салы суға кетіп, күні бойы күткенде, ұшқан құстан басқа дөңгелеген бір көлік те өтпей, әбден төзімін тауысады. Кенет көз ұшында «көмектеседі-ау» деп күткен көлігі көрініп, қолын бұлғағанда, ішіне сотталған қылмыскерлерді тиеген түрме автобусы болып шығады...

«Бурул» фильмінде ауыл­да­ғы орта мектептің оқушысы Бурул күреспен шұғылданады. Жаттықтырушы оның ерлер айналысатын залда шұғылдануы­на рұқсат бермейді, сондықтан оқушы қыз үйінде жаттығуға мәжбүр. Бурулдың әкесі де «күрес қыздар айналысатын өнер емес» деп қатаң тыйым салған. Бурулмен бұл жөнінде бірнеше рет сөйлесіп көрмек те болады, бірақ қызы әке қарсылығына құлақ асқысы келмейді. Көп ұза­май кенет көрші ауылдың баласы Бурулды алып қашып кетеді...

Фестивальдың конкурс­тан тыс бағдарламасы аясында ре­жиссер Елзат Ескендірдің «Авель» атты толықметрлі фильмі­нің премьерасы болып өтті. Кинолентаның сюжеті ке­ңес одағы құлағаннан кейін­гі қазақ ауылдарын жайлаған хаос туралы баяндайды. Бұл поэ­тикалық картина тағдыры та­рих­тың ауқымды оқиғалармен тығыз байланыс­қан «кішкентай адамдардың» өмі­рін шынайы бейнелеуді мұрат тұтқан.

Төрт күн бойы ең үздік көр­кем жобалардың жәрмеңке­сіне айналған кинофестиваль­дың «Үздік қысқаметражды фильм» аталымында бас сый­лықты поль­­шалық режиссер Доминик Мирецкийдің «Son of Happiness» картинасы жеңіп алды. Ең «Үз­дік анимациялық туынды» болып украиналық «Обіруч» фильмі атанды. Ал деректі фильмдер секциясында бас жүлдені отандық «Menin Terminatorsham» картинасы ұтты. Сонымен бірге қазылар алқасы Словакиядан келген «Кәсіби ата-ана» атты туындыны ерекше атап өтті. «Кинода ең қиыны – бастау. Сол себепті біздің басты мақсатымыз осы дарынды жастардың алғашқы қадамына қолдау көрсету, дамыту, оларды таныту. Бұл – қа­жыр­лы еңбек. Ұйымдастыру­дың қиындықтарына, қаражат­тың жоқтығына қарамастан, биыл фестивальды таза энтузиазм­мен өзіміз өткіздік. Бізге дем бер­ген бүкіл серіктестер мен қол­­даушыларға мың алғыс», деп атап өтті «Bastau» кино­фес­тивалінің президенті, Қа­зақ­­станның еңбек сіңірген қай­раткері Сергей Әзімов.

Фестивальда жұмыс істеген студенттердің қазылар алқасы да өз жеңімпаздарын таңдады. Жастардың таңдауы Польша­дан келген тағы бір картина – Александр Пакульскийдің «Hi grandpa» фильмі. Студенттер, сонымен қатар дебютант Ма­хамбет Мырзаның «Қараша» атты туындысына да айрық­ша назар аударды. «Бұл – менің дебюттік жұмысым. Бірінші курста түсіргенмін. Қазір өнер академиясында екінші курста оқимын. Мұндай кинобәйгеге осымен үшінші рет қатысып отырмын. Мәскеуде және күні кеше Түркияда болдым. Бірақ алғашқы жүлде Қазақстаннан бұйырды. Бұл – мен үшін үлкен мәртебе. Менің фильмім ауылда адал еңбекпен өмір сүретін ата мен әже туралы», дейді дебютант, танымал тиктокер Махамбет Мырза.

Сонымен қатар Түркия­ның «Vaziyet» атты туындысы НЕТПАК – Азия киносын ілгерілету жөнін­дегі дүниежүзі­лік ұйым­ның жүлдесін жеңіп алды. Ал фестиваль пре­зиденті­нің «Жарқын дебют» атты арна­йы жүлдесімен отандық режис­сер Алина Мұс­тафина «Оның әке­сіне, менің арғы атама, оның ар­ғы атасына пірәндік» деректі фильмі үшін марапатталды.

Фестиваль шеңбері аясында қысқаметрлі көркем және деректі дебюттік фильм­дер жобасымен келген жас режис­серлерге арналған «Almaty Film Lab» шеберханасы биыл екін­­ші рет жұмыс істеді. Ал 14 жел­тоқ­сан күнгі фестивальдың жа­бы­луында AlmaU-дің Atrium Grand Hall-ында өткен салтанатты рәсімде «Almaty Film Lab» шеберханасының екінші питчинг жеңімпаздарының есімдері аталды. Олар өз жобаларын одан әрі өрістетіп, өндіріске жет­­кі­зу үшін қаржылық қолдау алады. Жеңімпаздардың қата­рын «Аяулым» жобасымен Мира Абдрахманова және «Тойым­сыз адамдар» туындысымен Дастан Түсіпбеков толықтыр­ды. Сал­танатты шара былтыр­ғы питчинг жеңімпаздарының үш қыс­қаметрлі фильмі­нің көр­се­тілімімен аяқталды. Олар: Жәмилә Сахаридың «Жолау­шы­лар», Яна Әлжанованың «Аң» және Фариза Танайдың «Әдемі» деректі туындысы. «Бұл менің қаладан тыс жерге ұзап шығып түсірген ең алғашқы филь­мім, пиротехника қолдан­ған тыр­нақалды тұңғыш туындым. Қаржыландырған «Бастау» кино­фестиваліне зор алғысым­ды білдіремін. Бізге, дебютанттар­ға, түсіністікпен, төзіммен қара­ғаны – өз алдына бөлек әңгіме. Фестивальдың арқасында жобама жетекшілік жасаған креативті продюсер Диана Ашимовамен таныстым», дейді кино өнерінде алғашқы қадамын бастаған Яна Әлжанова.

Фестиваль­да же­текші кино мамандары­ның шеберлік сыныптары мен ха­лықаралық кине­мато­гра­фис­тердің қаты­суымен дөңгелек үстел ұйым­дастырылды. Сту­денттер мен дебюттік фильм­дердің ХІІ ха­лықаралық кино­фестивалі «Tanaris Production A Team» кинокомпанияларының ұйым­дастыруымен және Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өткізілді.

 

АЛМАТЫ