Әлем • Бүгін, 08:45

Қазақстан һәм Түркі әлемі

148 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақстан биыл Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы, Аралды құтқару жөніндегі Халықаралық қор сияқты бірқатар беделді халықаралық және өңірлік ұйымдарға төрағалық етті. Бұл ұйымдардың біразының құрылуының басы-қасында Қазақстан тұрса, кейбіреулерінің белсенді бастамашысы болды.

Қазақстан һәм Түркі әлемі

Түркі әлеміне келсек, қа­зіргі таңда беделді халықаралық бір­лестікке айналған Түркі мем­лекеттері ұйымы­ның (ТМҰ) біздің елдің бастамасымен дүниеге келгені баршаға мәлім. Осы орайда 2009 жылы Түркітілдес мем­лекеттер­дің ынтымақтастық кеңесі (Түркі Кеңесі) ретінде негізі қалан­ған ұйым­ның ең бірінші саммиті 2011 жылы Алматыда ұйымдастырылғаны тегін болмаса керек.

2021 жылы атауы өзгерген Түркі мемлекеттері ұйымына (хатшы­лығы Ыстанбұлда орналасқан) Әзер­бай­жан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбек­стан және Түркия мүше болса, Түрікменстан мен Мажарстан бақылаушы мәртебесіне ие. Сондай-ақ еліміз – Түркі әлеміне тиесілі өзге де құрылымдардың, атап айт­қанда, Мәдениет министрлерінің басын қосатын Түрксой (хатшылығы Анкарада), парламентаралық ынты­мақтастықты дамытуымен айналысатын ТүркПА (хатшылығы Бакуда), білім және ғылым саласын қамтитын Түркі академиясы (хатшылығы Аста­нада) құрылуының негізгі бастамашысы.

Былтыр қарашада Астанада Қазақ­стан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалымен Түркі мем­лекеттері ұйымының Х саммиті өт­ті. Мемлекет басшы­сы «Қазақстан Түр­кі мемлекеттері ұйы­мын одан әрі дамы­туға мүдделі. Түркі ықпалдасты­ғын те­реңдету – ортақ мұрат. Біз «Түркі әле­мі» атты жаңа брендті дәріптеуіміз керек. Сонда ғана түркі халықтарының ын­ты­мағы барынша нығайып, әлеуеті арта түседі», деп мәлімдеді.

Ұйымды нығайтып, әлеуетін арттыру үшін Қазақстан төрағалығы «Түркі әлемі» дамуының алдағы 10 жыл­­дық кезеңін қамтитын басым­дықтарын айқындап берді. «Turkтime», яғни «Түркі дәуірі» деген ұранмен өткен саммитте Қасым-Жомарт Кемелұлы осы сөз­дің латын­ша нұсқасының әр әрпінен басталатын төмендегідей сегіз бағы­тын көрсетті: салт-дәстүр (traditions), біріз­дендіру (unification), реформалар (reforms), білім (knowledge), сенім (trust), инвестиция (invesments), медиация (mediation) мен энергия (energy).

Биылғы қараша айының басында Бішкекте өткен саммиттің ашылуында (Қазақстан төрағалығы қыр­ғыз тарапына тапсырылды) сөз сөйле­­ген Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жиын­ның Түркі мемлекеттері ұйымының 15 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр­ғанына назар аударды. «Түркі мем­лекеттері ұйымы аз ғана уақыт ішін­де беделді құрылымға айналды. Оның әлемдік мәртебесі артты. Бұл – ең алдымен, берекелі бірлігіміздің, ортақ күш-жігеріміздің арқасы. Осы басқосу ырысты ынтымағымызды одан әрі нығайта түседі деп сенемін», деді Президент.

Тура бір жылға созылған Қазақ­стан төрағалығының барысында 80-нен аса іс-шара сәтті жүзеге асырылды. Ең маңыз­дылары ретін­де V Дүниежүзілік көш­пелілер ойын­­дарының өткізілгенін, Ортақ түркі әліпбиі үлгісінің келісілгенін, Түркі инвестициялық қорының өз жұмысын бастауын, «Turan» арнайы экономикалық аймағын құру бойынша тиісті рәсімдердің аяқталғанын атап өтуге болады.

Бұған қоса еліміздің бастамасымен Түркі мемлекеттері ұйымы­­ның, сон­дай-ақ жалпытүркілік құры­лым­­дар­дың (Түрксой, ТүркПА, Тү­рік академиясы, т.б.) тула­ры уни­фикацияланды. Еліміз үшін ма­ңыздысы, тулардың түсі Қа­зақ­­станның мемлекеттік туының тү­сіне сәйкестендірілді. Қазақстан тара­пының тағы бір қомақты үлесі ретінде Түркі мемлекеттері ұйымы жанын­да мүше елдердің тұрақты өкілдерін тағайындау ережесі реттелді. Осы ар­қы­лы ТМҰ хатшылығы мен мүше мем­лекеттер арасында координация жақ­сарып, ұйымның халықаралық беделі артатыны сөзсіз.

Аталған іс-шаралардың негізгі­лері­не тоқталсақ, Астанада 8-13 қыркүйек аралығында өткен V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары (5th World Nomad Games) Түркі әлемі ғана емес, дүниежүзі ауқымындағы орасан зор саяси мәні бар этноспорттық, мә­де­ни-имиждік іс-шара болғаны даусыз. Төрт­күл дүниенің – Американың ков­бой­ларынан бастап, Аустралияның або­ригендерін, Скандинавияның ви­кингілері мен Африканың өкіл­дерін қамтитын 89 елден 2 мыңнан аса спортшы қатысқан әлемдік этноспорт додасын шын мәнінде олимпиадалық ­ойындар іспеттес, яғни «Номадиада» деп атауға тұрарлықтай.

Ортақ әліпби мәселесіне келсек, мемлекет басшыларының тапсырмасы бойынша Түркі академиясының ұйымдастыруымен мүше елдердің тіл­ші ғалымдары арнайы комиссия құ­рып, Қазақстан төрағалығы аясында бірнеше рет бас қосты. Нәтижесінде,  әр­бір түркі тілінің ерекшеліктері еске­рілген, жалпы 34 әріптен тұратын латын графикасына негізделген ортақ әліпбидің үлгісі келісілді. Бұл ретте айта кететін жайт, көпшілік қауым бұл ақпаратты жақсы қабылдап, ен­ді барлық түркі мемлекеті осы әліп­биді қолдана бастайды деп ойлап жүр. Алайда мамандардың, соның ішін­де Түркі академиясы өкілдерінің па­йым­дауынша, комиссия мүшелері бар бол­ғаны әліпбиге қатысты бір ше­шім­ге келіп, келісілген ортақ нұс­қаны ТМҰ елдерінің қарастыруына ұсы­нып отыр. Мұндағы негізгі мақсат – туыс­қан тілдеріміздің әліпбилерін біріз­дендіру және жүйелендіру. Өйткені бүгінгі таңда түркітілдес елдер латын графикасының түрлі нұсқаларын қол­данып жүргендіктен, бұл жағдай бір-бірімізді түсінуде қиындық туғызып жатқаны белгілі. Ал ұсынылған ортақ әліпби нұсқасын қабылдау – әр елдің өз еркінде.

Қазақстан негізгі бастама­шы­ла­ры­ның бірі саналатын Түркі инвести­циялық қоры – түркі мемлекеттерінің экономикалық ықпалдасуының алғаш­қы қаржы институты. Жарғылық капиталы 1 млрд долларды құрайтын қор­дың жұмысында мүше елдерде маңыз­ды салалардағы ортақ инфрақұрылым­дық жобаларды қаржылай қолдау мәсе­лесіне баса назар аударылады.

Еліміздің маңызды бастамалары­ның бірі – «Turan» арнайы экономика­лық аймағын құру. 2022 жылы ТМҰ Самар­қандағы саммитінің шешімімен Түркі әлемінің рухани астанасы Түркістан қаласында құрылған бұл арнайы аймақ өз қатысушыларына, бірінші кезекте түркі мемлекеттерінің инвесторлары­на 2043 жылға дейінгі мерзім аралығын­да салықтардан босату, кедендік же­ңілдіктер және тегін жер телімдерін беру сияқты ерекше құқықтық жағдай жасайды. Аталған маңызды жобаның жүзеге асуы Қазақстанның ғана емес, Орталық Азия елдерінің, бүкіл түркі әлемінің өркендеп дамуына соны серпін берері сөзсіз.

Қорыта келгенде, еліміздің көп­век­торлы саясатында бауырлас түркі мем­лекеттерімен тығыз қарым-қаты­настарды одан әрі нығайту – басым ба­ғыттардың бірі. Ұлан-ғайыр Еуразия кеңістігінде қалыптасқан күрделі геосаяси жағдайда, әлемдік деңгейдегі алпа­уыт мемлекеттердің өзара текетіресі ушы­ғып тұрған кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Орта держава» (Middle Power) туралы тұжырымда­ма­сы­­­нан туындайтындай, Қазақстан­­ның сал­­мақ­ты және мәмілегерлікке бейім бей­біт­­сүй­гіш саясаты өз тиімділі­гін көр­сетіп ­жатыр. Бұл ретте Түркі әлемі­мен тұрақты байланысты жалғас­тыру әлемдік өзге күш орталықтары­ның елімізге ықтимал ықпалына маңызд­ы теңгерімді сақтаудың кепілі болмақ.

 

Ержан МҰҚАШ,

Түркі мемлекеттері ұйымы бас хатшысының экс-орынбасары