Энергетика • Бүгін, 08:53

Тариф өсіру тығырықтан шығара ма?

32 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Халықтың электр энергиясын тұтыну көлемі жыл сайын ұлғайып ке­леді. Сарапшылардың пікірінше, бұл жағдай елдің әлеуметтік-тұр­мыстық жағдайы­ның біршама жақсаруымен байланысты. Мәселенің мәнісіне тереңірек көз жүгіртсеңіз, жекелеген аймақтарда электр энергиясын тұтынудың біршама көбейгенін аң­ғаруға болады. Оның ішін­де Көкшетау қаласы да бар. Жергілікті жұрт ащылау әзілдеп, облыс орталығын «аристондар қалашығы» дейтіні де бар.

Тариф өсіру тығырықтан шығара ма?

Осы бір жалғыз ауыз сөз­­дің астарында көптен қорда­ланып қалған келелі мәселе жатыр. Оның ең негізгісі, орта­лықтандырылған ыстық судың болмауы. Сол себепті, қала тұр­ғындары су жылытқышты жаппай пайдаланады. Де­мек, Көкшетау қаласының тұр­ғын­дары іргедегі Астана немесе Петропавл қаласының тұр­ғын­дарына қарағанда электр қуатын шамамен екі жарым есе көп тұтынады. Бұл жай біршама қиындық туындатып отыр. Электр қуатын төмендетілген тарифпен тө­лей­тіндіктен шығынды өтеу мөлшері өсе түспек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2002 жылғы Жолдауында электр жабдықтары мен желілерінің тозу көлемін 15%-ға дейін азайту туралы міндет жүктеген. Осыны орындайын десе тиісті мекемелердегі қаржының жетімсіздігі қол байлап отыр. Айталық, «Көкшетау Энерго» серіктестігіне қарасты тозығы жеткен желілерді небәрі 2%-ға жаңғырту үшін 12 млрд теңге қаражат қажет екен. Жамап-жасқағанымен, тұтас саланың серпін алуы қиындау. Осы арада халқымыздың «ескіні жамағаның есі кетеді» деген нақылы еске түседі. Әзірге қиын түйінді шешу үшін біршама талпыныс жасалып-ақ жатыр.

Қазір электр энергиясы мен коммуналдық секторды жаңғыртуға арналған ұлттық жоба әзірленіп, талқыға түскен. Қомақты инвестицияларды қажет ететін модернизация жоспары қарастырылған. Ойға алған шаруаны оңынан рет­теуге, алдын ала жасалған есеп бойынша 94 млрд теңге қара­жат қажет көрінеді.

– Әрине, электр қуаты­ның тапшылығы бар, – дей­ді «Көкшетау Энерго» серік­тес­тігінің бас директоры Досымхан Аралбаев, – KEGOC республикалық жаб­дық­таушы ұйымының қосал­қы стансасының қуаты жете бермейді. Көкшетау қаласын­дағы барлық қосалқы электр стансалары қаланың шығыс жақ бетіне шоғырланған. Об­лыс орталығы жыл санап кеңейіп келеді. Көпқабатты тұр­ғын үйлер көп салынып жатыр. Әсіресе солтүстік-батыс бағыттағы аумақта құ­ры­лыс қарқынды жүру­де. Қа­зіргі міндет – 220 киловат­тық қосалқы станса салу. Ол қала­ның оңтүстік жақтағы ша­ғын ауданында салынатын болып келісіліп отыр. Жаңадан бой көтеріп жатқан Сарыарқа шағын ауданында да тағы біреуін салу жоспарда бар.

Бұл ауданда алдағы уақытта көпбейінді аурухана, зәулім спорт кешені салынбақшы. Бюджетте қаражат жеткіліксіз болғандықтан, құрылыс салушылар көмек қолын созбақ. Сондай-ақ алдын ала түзілген бағдарлама бойынша жұмыс басталған кезде жергілікті жұрт тілінде «авто қалашық» деп аталатын аудандағы қосалқы стансаның қуатын арттыру міндеті тұр. Жылдан-жылға өсіп келе жатқан Краснояр селосымен екі ортадағы елді мекен тұрғындарының арыз-шағымы да жиілеп кетті. Бұл тұста да қо­салқы станса қуатын көбейту қажет. Ал ұзақ мерзімді жоспарда бірқатар қомақты шаруа қамтылған. Мәселен, Қопа көлінің айналасындағы қалыптасып отырған қазіргі жағдайды мейлінше тиімді реттеу. Дәл осындай жұмыс көрікті Бурабай баурайында да қолға алынып, қосалқы станса түгелдей жаңғыртылды.

Енді тариф мәселесі туралы талдап айта кеткеніміз жөн. Электр қуатымен қамтамасыз ететін серіктестік 3 тариф бо­йынша жұмыс істейді. Орташа тариф шамамен киловатына 35 теңге төлесе, халық электр энергиясын төмендетілген тарифпен пайдаланады. Бұл шамамен 20 теңгені құрауы мүмкін. Осы арадағы тағы бір түйткіл туралы анықтап айта кеткен жөн. Мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға өзгерістер енгізілген кезде бюджеттік ұйымдардың қолданыстағы тәртіппен бір көзден шарт жасауға құқығы болмады. Ал конкурсқа шыққан кезде мәселе тіпті ширыға түсті. Өңірде жиырмаға жуық электр қуатымен қамтамасыз ететін жекеменшік ұйымдар өзара бәсекеге түседі. Әрқайсысы жуаннан жонып табыс таппақ. Тарифтің көтерілу себебі де делдалдардың дегені болып тұрғандығынан еді. Осы жылдың наурыз айында барлық жекеменшік электр қуатымен қамтамасыз ететін ұйымдардың жұмысы тоқтатылды.

– Әрине, ішінара наразылық болмай қалған жоқ. Әйтсе де ең қымбаты – ел мүддесі, – дейді Досымхан Әлішұлы, – бұл дұрыс шешім болды. Электр жабдықтары мен электр же­лі­лерін жаңарту бағытын­да жұ­мыс істеп жатырмыз. Сәуір айынан бастап ұжым қосымша табыс көлемін едәуір арттырды. Жоспар бойынша жаңғырту жұмысына 2,7 млрд теңге бағыттау көзделсе, бұл жоспар асыра орындалып, қазіргі күні 3,2 млрд теңгенің жұмысын атқарып отырмыз. Былайынша қыруар қаржы болып көрінгенімен, электр желілерінің 0,5-0,7%-ы ғана жаңғыртылды. Өткен жылдармен салыстырғанда ілгері жылжу бар. Бірақ әлі де аз. Егер тарифтер өзгеріссіз қалса, өңірді энергиямен қамтамасыз ету жүйесін тұтастай жаңғыр­туға шамамен 200 жыл қажет болады.

Электр жабдықтарына қо­мақты қаражат жұмсалады. Мәселен, көпқабатты жаңа тұрғын үйге қойылатын транс­форматор қуаты бұрын­ғысын­ша 400 киловаттық емес 1 000 киловаттық болуы керек. Дәл осындай қуатқа сәйкес келетін автоматтар, ажыратқыштар, кабельдер кәдеге асырылуы шарт.

Сөз арасында кәсіпорынның табысты іс-қимылы туралы да са­ралай айта кеткен жөн. 2018 жылы бекітілген инвес­ти­циялық бағдарламаның мөлшері 818 млн теңгені құраса, 2024 жылы бұл көлем 2 млрд 700 млн теңгеге жеткен. Қазір материалдық-техникалық базаны жаңартуға ерекше мән беріліп отыр. Соң­ғы бес жылда 110 бірлік авто­көлік сатылып алынған, оның 72-сі арнайы техника. Тех­ни­калық және әкімшілік қызметкерлердің әлеуметтік жағ­дайын жақсартуға да көп көңіл бөлінеді. 2019 жылдан бастап 16 ғимаратқа 231 млн теңгеге күрделі және ағым­дағы жөндеу жүргізілген. 2016 жылы орташа жалақы 46 579 теңге болса, биыл 330 мың теңгеге жетіп отыр.

 

Ақмола облысы