Шындығында, «Өз үйім – өлең төсегім» дейтін қазақ үшін шаңырағы ең киелі мекеннің бірі екені белгілі. Ал ілім іздеп келіп, ірі қалаларда тұрақтап, қаншама жыл сүйікті саласында табан аудармай жұмыс істеп келе жатса да табысы тек пәтер жалдауға жететін, үй алу қиялында ғана бар бүгінгі бірқатар кәсіп иесіне үйлі болу – сөзсіз үлкен бақыт. Сондай бақытқа бөленген 10 жас ғалым жуықта Президенттің атынан берілген пәтер сертификатын қолына алу үшін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекпен кездесті. Кездесу барысында министр ғылым мен инновацияны дамыту – ел дамуының экономикалық бағытының негізгі басымдықтарының бірі екенін айтып, Президенттің қолдауымен ғылым саласында айтарлықтай өзгеріс болғанына тоқталды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы шілдеде «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңға қол қойды. Жас ғалымдардың зерттеулерін гранттық қаржыландыруға арналған конкурстардың нәтижесінде 1500 жоба іске асырылып жатыр. Жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 500 отандық ғалым тағылымдамадан өтіп отыр. Алдағы екі жылда жас ғалымдардың зерттеуіне бөлінетін грант саны тағы да артады. Ғылыми кадрларды әлеуметтік қолдау саладағы бар мамандарды көтермелеп қана қоймай, ғылыми-техникалық прогреске үлес қосуға дайын жас ғалымдардың жаңа буынын тартуға мүмкіндік береді. Жас ғалымдар қатарының көбеюі өз кезегінде ғылымды дамытуға, зерттеу нәтижелерін коммерцияландыруға және жаңа экономикалық кластерлер құруға ықпал етеді», деді С.Нұрбек. Министрдің сөзіне сүйенсек, жас ғалымдарды қолдау мақсатында ведомство бұл жұмысты кезең-кезеңімен жүзеге асырады, осындай нақты шаралар арқылы еліміздегі ғылымды және ғалымдар қауымын қолдау жұмысы алдағы уақытта да жалғасын табады.
Жаңа пәтер алғандар арасында ғалымдар отбасы бар. Ерлі-зайыпты зерттеушілер Айдар Молдажанов пен Ақмарал Құлмахамбетова – философия докторлары, PhD. «Мен Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті зертханасының меңгерушісімін. Жарым Ақмарал да аталған жоғары оқу орнының Электротехника және энергетика кафедрасында аға оқытушы болып жұмыс істейді. Бүгін біз үшін ерекше, күтпеген күн болды. Қуанышымызды сөзбен айтып жеткізу қиын. Осы орайда жас ғалымдарға керемет мүмкіндік беріліп жатқанына алғыс айтамыз. Бұл жас буынды ізденуге, ғылымға бет бұруға немесе осы салада әрі қарай да өзін көрсетуге шабыттандырады. Енді ғалымдар өз пәтерлерінде тұрып, тұрғын үй мәселесін шешуге алаңдамай, ғылымға көбірек уақыт бөле алады. Бұған дейін де Президенттің осы бастамасымен бірқатар ғылыми қызметкерлер үйлі болды. Солардың қатарында өзіміздің де болғанымызға қуанып отырмыз. Пәтер кілті еңбегіміздің еленгені және еліміздің болашақ дамуына ықпал ететін ғылымның келешек табыстарына ынталандыру деп білемін», деді А.Молжанов.
Ал Математика және математикалық моделдеу институтының ғылыми қызметкері, PhD Саян Байжанов: «Мен ғылым әлеміне 2014 жылы бакалавриатты бітіре салысымен келдім. Содан бері он жылдан асты. Математикалық логика теориясымен айналысамын. Жалпы, кейінгі жылдары елімізде ғылымды жақсы қаржыландырып жатыр. Білім мен ғылымға инвестиция құятын елде даму бар, деген. Замандас әріптестеріме ғылымда өзінің әлеуетін көрсетуді, ғылыммен айналысуды жалғастыруға, жүрегімен, жанымен зерттеуге бас қоюға, өзін арнауға кеңес беремін. Бұл үшін бізде көп жағдай жасалған», деп ой бөлісті.
Мемлекет басшысы 2024 жылғы 31 мамырда Ғылым ордасында саладағы кейінгі буын өкілдерімен кездесуінде 10 жас ғалымға пәтер сертификаттарын табыстаған еді. Сонымен қатар Президент ғалымдардың әлеуметтік мәртебесін көтеру және қолдау көрсету, сондай-ақ ғылымға жас кадрлардың келуін ынталандыру мақсатында Үкіметке баспана беретін ғалымдардың тізімін әзірлеуді тапсырған болатын. Осыған байланысты Ғылым және жоғары білім министрлігі биылғы мамыр айынан бастап баспанаға мұқтаж жас ғалымдардың (40 жасқа дейін қоса алғанда) тізімін әзірлеу бойынша жұмыс жүргізіп, Алматы қаласында баспана беру үшін мемлекеттік органдарға ведомстволық бағынысты ғылыми ұйымдардың, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары жас ғалымдарының кезекті тізімін түзді. Осы бағдарлама бойынша үй алуға Алматы қаласында орналасқан мемлекеттік органдарға ведомстволық бағынысты ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындарынан 300-ге жуық өтінім келіп түскен екен.
Айтпақшы, 2023 жылы 19 қазанда Ғылым және жоғары білім министрлігі мен «Отбасы банк» акционерлік қоғамы арасында жас ғалымдарға 2023–2027 жылдарға арналған жеңілдетілген кредит беру бағдарламасы бойынша ынтымақтастық туралы келісімге келген болатын. Өйткені әдетте тек тұрғын үй бағасының жартысын жинағандарға ғана кредит беретін Отбасы банкі министрлікпен келісім нәтижесінде құны 20 млн теңгеден аспайтын үйді 10 пайыздан 50 пайызға дейінгі көлемде алғашқы жарнасын құйып, әуелде жылдық 5 пайызбен, пәтердің 50 пайызын төлегеннен кейін 3,5 пайызға дейінгі мөлшерлемемен 25 жылға дейінгі мерзімге ипотекалық қарыз береді. Пәтер алуға алғашқы жарнасы 10 пайыздың жеткілікті болуы 50 пайызын жинаудан гөрі әжептәуір көмек екені даусыз. Себебі адамға 10 млн теңгеге қарағанда 2 млн теңге құйып тезірек үйлі болған жеңілірек әрі жайлырақ. Содан да болар, қазірге дейін аталған бағдарлама бойынша 290 жас ғалым баспана алып үлгеріпті.