
Сәбен бапкер Геннадий Головкин, Серік Елеуов сынды ел байрағын биіктен желбіреткен спортшыларды баптады. Турнирдің салтанатты ашылу рәсімінде құрметті меймандар С.Әлкеевтің спортқа сіңірген еңбегі жөнінде естелік айтып, жарысқа қатысушыларға сәттілік, жеңіс тіледі.
С.Әлкеев Қарағанды облысында дүниеге келді. Спорттық мекемелердегі еңбек өтілі жарты ғасырдан еркін асады. Институт бітіргеннен соң, еңбек жолын ауылдағы денешынықтыру пәнінің мұғалімі ретінде бастайды. Одан соң Целиноград қаласында кооперативтік техникумда, педагогикалық училищеде жұмыс істеді. Аудандық спорттық мекемелерде де бірталай еңбек етті. 1980–1987 жылдары «Еңбек» кешенді балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде басшының орынбасары қызметін атқарды. 1987–1994 жылдары спорт мектебінде директор, 1994–2008 жылдары Қарағанды облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасының Мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры болды.
Ол басқарған жылдары өңірде кикбоксинг, таэквондо WTF, қоян-қолтық ұрыс, таэквондо ИТФ (I.T.F), карате WKF бөлімдері ашылды. Мектепке атақты жаттықтырушылар мен тәрбиеленушілер келді. 1994–2001 жылдары оқыту-жаттықтыру сабақтары жалға алған базаларда өткізілетін. С.Әлкеевтің іскерлігі арқасында 2001 жылдың ақпан айында мектепке жедел басқару құқығында «Орбита-1» шағын ауданындағы, аумағы 1400 шаршы метр бос тұрған балабақша ғимараты берілді. Ғимарат қайта қалпына келтіріліп, мұнда таэквондо, кикбоксинг, қоян-қолтық ұрыс, карате бөлімдерінің балалары жаттығатын болды. Сол жылы оның басшылығымен мектеп қызметкерлерінің күшімен құжаттары жоқ, бұзылған күйде алған «Бригантина» лагерінде жөндеу жұмысын жүргізіп, қалпына келтірді. 2004 жылы атауы «Жалын» мектебі болып өзгертілді. Лагерьде 2001 жылдан бері аз қамтылған отбасылардың балалары демалады, спорттық-сауықтыру жиындары өткізіледі.
Білікті бапкер ұлттық, халықаралық спорттың дамуына зор үлесін қосты. Шәкірттері әлем, Азия чемпионаттары, халықаралық жарыстарда жақсы нәтижелерге қол жеткізгені үшін оған «Еңбек сіңірген жаттықтырушы» атағы берілді. «Дене шынықтыру және спорттың дамуына үлкен үлес қосқаны үшін» құрмет белгісімен марапатталды. Міне, осындай білікті бапкер, спорттың шын жанашырының есімі ардақталды. Турнирде топ жарған жеңімпаздар арнайы жүлделерге ие болды.
Қарағанды облысы