Әлемдік рейтингте ұстанымы нық
NU «Times Higher Education» университеттерінің беделді халықаралық рейтингінде өз орнын анықтады. Бұл – оқу орнындағы сапалы білімді дәлелдейді. Осы рейтинг бойынша NU әлемдегі ең үздік университеттердің 24 пайызының қатарынан орын алса, Азияның жоғары оқу орындары арасында 129-орын иеленді. Ал әлемдегі 1100-ден астам жас университеттер арасында 106-орынды еншіледі.
NU президенті, профессор Вакар Ахмад өзі басқарып отырған университеттің инфрақұрылымы мен ғылыми-зерттеу мүмкіндігі зор екенін айтады.
«Қазір біздің оқу орында ғылыми-зерттеулердің сапасы артты. Мұны университет ғалымдарының мақалалары халықаралық беделді журналдарда жиі жарияланып, оған басқа зерттеушілер көп сілтеме жасайтынынан көруге болады. Біздің жарияланымдарымыздың 25 пайызы бакалавриат студенттерімен бірігіп жазылды. Бұл университет мәртебесін одан сайын биіктетеді», дейді доктор Вакар Ахмад.
Оның айтуынша, NU – ТМД елдерінің ғылыми орталығы – Стэнфорд бойынша ең көп сілтеме жасалған зерттеушілердің 2 пайыз тізіміне енген. Осындағы 52 зерттеушінің 36-сы Қазақстаннан.
«Биылғы деректерге сәйкес, біз ең жоғарғы квартильге кіретін журнал бойынша Қазақстандағы барлық жарияланымның төрттен бірін аламыз. Сонымен қатар біздің FWCI (2.00) қазір Дьюк университеті және Сингапур ұлттық университеті сияқты стратегиялық серіктестеріміздің көрсеткіштерімен салыстыруға болады. Ал Висконсин-Мэдисон мен Колорадо кен мектептерінің көрсеткіштерінен де жоғары», дейді NU президенті.
Елімізге ғана емес, шетелге танымал
Биыл Nazarbayev University-нің төрт профессоры Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының академигі болды. Олардың ішінде NU жанындағы «University Medical Center» корпоративтік қорының басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы Юрий Пя, NU-дың Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінің профессоры, техника ғылымдарының докторы Жұмабай Бәкенов, NU вице-президенті, PhD Дархан Біләлов және SSH профессоры, математика ғылымдарының докторы Сұраған Дөрбетхан бар. Сондай-ақ жуырда жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебінің (SSH) профессоры, биохимия және молекулалық биология ғылымдарының докторы Дос Сарбасов Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті болып сайланды.
Айталық, соңғы 14 жылда NU жетекші ғалымдардың ортасы қалыптасты. Қазір олардың саны 100-ден асады. Сөйтіп, университет профессор-оқытушы құрамын 10 пайыздан 30 пайызға дейін ұлғайтты. Мұнда өте білікті профессорлар қызмет істейді. Оқу орны солармен мақтанады. Мәселен, Стэнфорд университеті жыл сайын әлемнің ең үздік ғалымдары рейтингін жариялайды. Осы университет зерттеушілері дайындаған рейтинг 180 000-нан астам жетекші ғалымдардың профилін қамтып, олардың дәйексөз көрсеткіштерін бағалайды. Осыған сәйкес NU профессорлары ғылыми мақалаларының жарияланымы бойынша әлемнің ең үздік ғалымдарының 2 пайыз қатарынан орын алған. Бұл рейтингте Массимо Пиньятелли, Тимур Атабаев, Жұмабай Бакенов, Александр Тихонов, Шазим Мемон, Рэнди Хазлетт, Саффет Ягиз, Веселин Паунов, Прим Сингх секілді NU профессорлары басқалардан озық тұр.
Үш жүзден астам ғылыми жоба
Nazarbayev University-де жыл сайын Ғылым апталығы өтеді. Іс-шара аясында зерттеуші профессорлар мен студенттер өздерінің ғылыми-зерттеулерін ұсынады. Биыл ғылым апталығы наноматериалдар мен жасанды интеллект тақырыбында екі ауқымды симпозиум және халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға ұласты. Бұл болашақ зерттеу жұмыстары осы бағыттардың маңызын ғана емес, оның отандық ғылымның дамуына ықпалын көрсетеді. Әсіресе конференция барысында докторанттар арасында байқау өте қызықты болды. Олар өздерінің диссертациялық жұмыстарының мазмұнын 3 минутқа сыйдырып айтып берді. Аталған байқау енді жыл сайын еліміздегі жоғары оқу орындарының докторанттары арасында өтпек.
Жалпы алғанда, NU-да бірнеше пән тоғысында 300-ден астам ғылыми жоба жүзеге асып жатыр. Олардың денін ел Үкіметі, университет және Билл және Мелинда Гейтс қоры, «Aga Khan Foundation», НАТО-ның Бейбітшілік пен қауіпсіздік үшін ғылым бағдарламасы, Өнер және гуманитарлық ғылымдарды зерттеу кеңесі (AHRC), «Chevron» және т.б. танымал халықаралық ұйымдар қаржыландырады. Ғалымдардың жобалары сан алуан тақырыптарды қамтиды. Мұнда молекулалық вирусологияны зерттеуден бастап, ерекше қажеттіліктері бар балаларды оқытудың инновациялық әдістерін әзірлеуге дейін жобаланған. Әсіресе биолог Дос Сарбасов бастаған NU ғалымдар тобы жасаған қатерлі дертке қарсы жасаған дәрі – табысты жобаның бірегейі десек болады. Соңғы үш жылда аталған ғылыми топ зерттеудің сенімділігін дәлелдеп, 1 және 2 фазалардың клиникалық сынақтарын өткізуге Ғылым және жоғары білім министрлігінен мақсатты қаржыландыру алды. Сынақ барысында барлық науқаста қатерлі ісік үдерісінің тұрақтылығы байқалған. Дәлірек айтқанда, 15 адамның бірінде қатерлі ісік 30 пайызға азайған. Клиникалық зерттеулер келесі жылы да жалғасады.
Сонымен қатар NU жанындағы Ақылды жүйелер мен Жасанды интеллект институты (ISSAI) әзірлеген «ISSAI KAZ-LLM» қазақ тіліне арналған үлкен тілдік моделі де көпшілік қызығушылығын тудырды. Бұл жоба Мемлекет басшысына екі апта бұрын ұсынылды. Мұны жасаған топ мүшелері 150 миллиардтан астам таңбалауышты (яғни сөздер немесе ішкі сөздер) жинап, өңдеп және синтездеген. Жоба биыл сәуір айында басталды.
«Біздің командамыз бұл жобаны «Meta»-ның «Llama» архитектурасына сүйене отырып жасады. Олар жоғары өнімді жүйелер мен ресурстары шектеулі орталарға оңтайландырылған 8 миллиард және 70 миллиард параметрлі «ISSAI KAZ-LLM»-нің екі нұсқасын дайындады. Бұл модель Қазақстанның инновацияға, дербестікке және технологиялық экожүйесінің өсуіне ұмтылысын көрсетеді», дейді ISSAI директоры, профессор Хусейн Атакан Варол.
Инновация және коммерцияландыру
Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру – университеттің негізгі міндетінің бірі. Әсіресе стартаптарды қолдау бағдарламалары, акселераторлар және гранттық байқаулар инновациялық идеяларды табысты бизнес жобаларға айналдыруға көмектеседі. Өнеркәсіптік компаниялармен серіктестік те әзірлемелерді нақты өндіріске енгізіп, ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.
Осы желтоқсан айында Үкімет басшысы Олжас Бектеновке 10 ғылыми әзірлемені одан әрі коммерцияландыру ұсынылды. Мысалы, университеттегі Медициналық зерттеулер мен роботтехникадағы шеберлік орталығының (CEMRR) ғалымдары церебралды сал ауруы мен инсульттан аман қалған адамдарды оңалту үшін» Astana Gait» экзоскелетін жасап шығарды.
«Қазір біз экзоскелетті арнайы техникалық сынақтан өткізіп жатырмыз. Бұл өнім елімізде медициналық құрал ретінде тіркеледі. Біз аурухана және жеке клиникалармен ұзақмерзімді келісімшарт жасай аламыз. Аталған құрал инсульттан зардап шеккен адамдарға өте қажет. Сондай-ақ жүргізілген зерттеу мен сынақтардан кейін оның церебралды сал ауруына шалдыққан науқастарға жарамды екенін анықтадық. Мақсатымыз – елімізде осындай құрылғыны өзіміз жасап, халыққа қажетті ем-дом жүргізу. Менің ойымша, ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру қажет. Бұл болашақта әртүрлі сала бойынша инновациялық озық шешімдерді генерациялай алатын ғылыми орта құруда бізге үлкен көмек береді», дейді NU түлегі, «CEMRR» зерттеушісі Шыңғыс Дәулетбаев.
Ғалымдардың айтуынша, елімізде 2025 жылы 375 науқас жаяу жүретін роботқа мұқтаж болмақ, оның құны 170 миллион долларды құрайды. Қазір зерттеушілер «Ғылым қоры» АҚ-на гранттық қаржыландыруға өтінім дайындап жатыр. Келесі жылы олар әлемдегі басқа құралдармен салыстырғанда құны төмен экзоскелет өндірісін іске қосуды көздейді.
NU студенттері жасаған тағы бір жоба – тау-кен компанияларына жұмыс тиімділігін арттыруға көмектеседі. Жас зерттеушілер үйме шаймалау кезінде воблерлердің өнімділігін анықтау үшін автоматтандырылған жүйені пайдаланады. Стартап АҚШ, Ресей, Канада, Аустралия ,Қырғызстан, Өзбекстан нарығына шығуды ғана емес, 42 миллион АҚШ долларын құрайтын әлеуетті нарық көлемімен металды өндірудің ұқсас әдісін қолданатын 230-дан астам компанияны қамтуды жоспарлап отыр. Бұл жобаны елімізде 20 тау-кен өндіруші компания жүзеге асыра алады.
Шындығын айтқанда, Nazarbayev University-нің «NURIS» инновациялық кластері аясында көптеген жоба қолдау тапқан. 2017 жылдан бастап университет аумағында «Технопарк» жұмыс істейді. Онда резидент компаниялар жоғары білікті мамандар мен заманауи зертханаларға қол жеткізе алады. Мәселен, мұнда донорлық органдарды сақтау және тасымалдау үшін жасалған бірегей «ALEM» құрылғысының прототипі құрастырылған. Құрылғының клиникаға дейінгі зерттеулерін атақты хирург, «University Medical Center» корпоративтік қорының басқарма төрағасы Юрий Пяның жетекшілігімен отандық ғалымдар мен дәрігерлер тобы жүргізді. Бұған «Жүрек орталығы» қоры қолдау көрсетті.
Клиникаға дейінгі зерттеулер аясында 33 операция жасалды, оның 12-сі жүректі трансплантациялаумен байланысты. Сонымен қатар ғылыми топ мүшелері құрылғымен жүрек пен өкпеге ғана емес, бауырға да сынақ өткізді. Жоба авторларының айтуынша, мұндай құрылғыны жасау шұғыл қажеттіліктен туындаған. Өйткені трансплантация 4 мыңнан астам пациент өмірін ұзартуға әрі құрылғының сапасын жақсартуға көмектеседі.
«Біз ағзадан тыс органдарды емдеу туралы гипотезаны анықтадық. Яғни техника мен құрылғыны онкологияда, перфузионологияда, кеуде хирургиясында, урологияда және гепатобилиарлы хирургияда қолдануға болады. Бұл әртүрлі орган патологияларының терминалдық сатысын емдеуде жаңа мүмкіндіктерді ашады. Біз келесі жылы клиникалық зерттеулерді енгізіп, жергілікті деңгейде өндірісті іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бұл NU Медицина мектебі студенттері мен дәрігерлерінің ғылыми-зерттеу қызметінде қуатты ғылыми-технологиялық базаға айналады», деді қоғамдық қордың директоры Мұрат Зауыров. Оның айтуынша, аталған құрылғы келесі жылы Жапонияның Осака қаласында өтетін «Expo 2025» көрмесіне ұсынылады.
Университет ғалымдарының тағы бір тобы алғаш рет Үлбі металлургиялық зауытында атом электр станциялары үшін күрделі цирконий қорытпаларын өңдеудің француз технологиясы бойынша ғылыми жобамен айналысады. Қазір бұл технологияны импланттарды өндіруде қолдану зерттеліп жатыр.
Сондай-ақ су ресурстарын имитациялық модельдер мен онлайн бақылау құралдарын қолдану арқылы неміс-қазақ зерттеу жобасы іске асып отыр. Мұны толық енгізу келесі жылы басталады. Қазір NU алаңында жасанды интеллект арқылы су тасқыны қаупін бақылайтын «SUDS» деп аталатын тұрақты қалалық дренаж жүйесінің элементтері орнатылған.Сонымен қатар никель, кобальт, марганец сияқты отандық шикізат негізінде литий-ионды аккумуляторларға арналған материалдарды өндіру бойынша қанатқақты жоба да өндірістік серіктестігін анықтау үстінде. Профессор Жұмабай Бәкенов бастаған ғалымдар тобы катодты материалдардың прекурсорларын өндіру технологиясын жасады. Енді оның тәжірибелік нұсқасын іске қосып, өндіріс орнын салуды көздеп отыр. Бұл жобаның мемлекетіміз үшін стратегиялық маңызы зор. Себебі ол елдің импорттан энергетикалық тәуелсіздігін нығайтуға, катодты материалдар өндірісі үшін шикізатты отандық жеткізу тізбегін дамытуға, сондай-ақ экологиялық таза энергетиканы дамытуға ықпал етеді.
«Qarmet» АҚ-мен бірлесіп, ЖИ-ді қолданатын генераторлар мен трансформаторлардың электр қозғалтқыштарының жағдайын бақылау бойынша тағы бір қанатақты жоба жүзеге асады. Бұған дейін NU ғалымдары оның алғашқы прототипін жасап, университет кампусында сынақтан өткізді.
Көшбасшылар даярланады
Nazarbayev University мақсатының бірі – ойы озық дарынды жастарды оқуға тарту. Соңғы 14 жылда білім ұясынан инженерлік, ғылыми-гуманитарлық, медицина, бизнес, білім және мемлекеттік саясат мамандықтары бойынша 10 мыңнан астам студент түлеп ұшты. Осы түлектердің 90 пайыздан астамы еліміздің дамуына зор үлес қосып отыр. Университеттің басты міндеті – түлектерді еліміздің экономикалық және әлеуметтік дамуына үлес қосатындай табысты мансап жететін қажетті білім беру. NU вице-президенті Қадиша Даированың айтуынша, оқу орнында талантты жастарға барлық жағдай жасалған. «Біз студенттерімізге халықаралық, батыстық деңгейдегі білім берудің барлық артықшылығын пайдалануға мүмкіндік береміз. Шындығын айтқанда, сапалы білім арзан болмайды. Бірақ басқа шетелдік университеттермен салыстырғанда, отандық университет тиімдірек көрінеді. Біз түлектеріміздің қол жеткізген жетістіктерімен мақтанамыз. Оларда Дүниежүзілік экономикалық форум анықтаған болашақтың 10 дағдысы бар», дейді Қ. Даирова.
Университет түлектері көбінесе KPMG, Теңізшевройл, «BI Group», «Ernst & Young», Қазақстан Ұлттық банкі және «PwC» сияқты ең ірі ұйымдарға қызметке орналасады. Олардың жұмысқа орналасу деңгейі 98 пайызды құрайды.
Биыл NU талапкерлер үшін ақылы негізде оқудың жаңа мүмкіндігін кеңейтті. Бұл ретте мемлекет бөлетін грант саны бұрынғы деңгейде сақталып, қаржылық тұрақтылық пен бюджет қаражатынан тәуелсіздік үшін ақылы оқыту енгізілді.
Алдағы жылы Nazarbayev University-нің құрылғанына 15 жыл толады. Қазір оқу орны осы айтулы оқиғаны жоғары деңгейде атап өту үшін алдына жаңа міндеттер қойды. Айталық, «Times Higher Education»-тегі позициясын үздік 300-ге дейін жақсартып, университет институционалдық, мектеп және бағдарлама деңгейінде, соның ішінде «QAA», «AACSB» және «ABET» ең беделді ұйымдарынан халықаралық аккредитациядан өтуге ниет танытып отыр. Мұндай мазмұнды іс-шаралар еліміздегі бірегей жоғары оқу орынның нарықтағы ұстанымын нығайтып, жоғары академиялық стандарттарын биіктете түседі.