«Таза Қазақстан» • Кеше

«Таза Қазақстан» – экологиялық бірегей жоба

34 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен сәуір айынан «Таза Қазақстан» республикалық экология­лық акциясы қолға алынды. Іс-шара елдегі экологиялық жағ­дай­ды жақсартуға, халықтың экологиялық мәдениетінің дең­гейін арттыруға, азаматтарды қоршаған ортаны қорғау мәсе­лелеріне тартуға бағытталған. Аталған жоба еліміздің барлық өңірін қамтып, қалыпты экологиялық болашақтың негізін қалады.

«Таза Қазақстан» –  экологиялық бірегей жоба

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Наурыз-қараша айлары ара­лығында акция 5,83 миллионнан аса адамды біріктірді, бұл ел халқының едәуір бөлігін құрайды. Іс-шаралар аясында бұқаралық сенбіліктер өткізілді, оның барысында 1,159 мың тон­надан аса қоқыс жиналып, 1,609 мыңнан аса ағаш отырғызылды.

Акция аясында рұқсат етіл­­­ме­ген қоқыстарды анық­тау жө­нінде рейдтер жүргі­зіл­ді. Аумақтық экология депар­та­менттері мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары бір­лесіп атқарған жұмыстардың нәти­жесінде көптеген полигон жойылды. «Таза ауа» рейд­те­рі барысында 482 автомобиль тексеріліп, экологиялық стан­дарт­тардың 105  бұзылуы анық­талды. 96 жүргізушіге қатысты айыппұл мен ескерту түріндегі әкімшілік сипаттағы шаралар қолданылды. Бұл шаралар экологиялық нормаларды сақтаудың маңыздылығын тағы бір дәлелдеп, жол қозға­лы­сына қатысушылардың жауап­кершілігін арттырды.

ап

Жобаның ерекше бір же­тістігі азаматтарға экология сала­­сындағы проблемалар туралы хабарлауға, оларды шешуге қатысуға мүмкін­дік беретін @TazaQazBot цифрлық платформасын құру болды.

Бір жыл ішінде чатбот арқылы 7 929 өтінім түсті. Оның ішінде – 7 061 өтінім орындалды, 168 өтінім орындалу үстінде, 23 өті­нім қаралып жатыр, 674 өті­нім кері қайта­рылды. Ең жиі жасалған өтінім­дер: аумақ­тарды жинау – 2 142 өті­нім, тұрмыстық қоқыс­тар­ды шығару – 668 өтінім, көше­лерді абаттандыру – 648 өтінім, жолдарды жөндеу – 595 өтінім. Чатбот экологиялық мәсе­­ле­лерді жедел шешуге ық­пал ете отырып, азаматтар мен мем­лекет арасындағы диалог­тің тиім­ді құралына айналды.

Акцияның басты нәтиже­лерінің бірі – қоғамның түрлі топтарының бірігуі, бірлесіп жұмыс істеуі болды. Науқанға мемлекет, жергілікті билік органдары, мектептер, студенттер, кәсіпорын-мекемелер, қарапайым азаматтар белсене қатысып, барлық аймақтарда тазалық жұмыстары тыңғылық­ты жүргізілді.

Акция барысында табиғатты қорғау мәселесі кеңінен насихатталды. Қоқысты дұрыс тас­тау, қайта өңдеуге арналған контей­нерлерді пайдалану, ау­ла­ны тазарту, басқа да эколо­гия­лық шаралар туралы ақпараттық жұмыстар атқарылды.

Тазалық жұмыстары, сенбі­ліктер кезінде қоқысты сұрыптау, қайта өңдеу мәселесі ерекше назарда болды. Экологиялық инфра­құрылымды дамытуға ерек­­ше көңіл бөлінді. Қоқыс жи­нау пункт­тері мен қайта өң­деу орта­лық­тары көбейді. Қоқыс­ты сұрып­тау мәдениеті тек қала­ларда ғана емес, ауыл­дық жерлерде де кеңінен тарала бастады.

Акция табиғатқа зиян келті­ретін факторлармен күресуге, оның ішінде заңсыз қоқыс төгу, орманның жойылуы, су көзде­рі­нің ластануы сияқты мәсе­ле­лер­ге қарсы бағытталды. Жер­гі­­лікті билік органдары мен құ­қық қорғау органдарының эко­логиялық заңнаманы бақы­лау мен орындауға қатысты бел­сен­­ділігі артты.

Акцияның тағы бір жетістігі, жас ұрпақты экологиялық мә­се­лелерге жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеу болды. Бұл шаралар мектептер мен оқу орындарында экологиялық тәр­бие беру, балаларды табиғат­қа деген сүйіспеншілікке баулу арқылы жүзеге асты.

Қол жеткізілген нәтижелерді нығайту, экологиялық сананы ұзақ мерзімге қалыптастыру мақсатында жақында «Халық­тың экологиялық мәдениетін дамыту­дың 2024-2029 жылдарға арналған Тұжырымда­масы» бекітілді. Құ­жат экологиялық саясаттың негізгі бағыттарын анықтайды.

«Таза Қазақстан» акция­сы аумақ­тарды тазалаудан әл­деқай­да ауқымды іс-шаралар шең­бе­рін қамтиды. Бұл – азамат­тар­дың, бизнестің, мемлекеттік құрылымдардың, қоғамдық ұйым­­дардың күш-жігерін бірік­тіре­тін, экологиялық тұрғы­да саналы өмір салтын насихат­тайтын қуатты қозғалыс. Бас­ты тағылымы – тек тазарту ғана емес, сонымен қатар эколо­гия­лық мәдениетті қалып­тас­­­тыру, қоғамды ортақ жауап­кер­­шілікке тәрбиелеу, қорша­ған ортаны қорғау­ға деген жана­шырлықты арттыру. Баста­ма баршаны біріктіріп, эколо­гиялық мәселелерге деген көз­қарас­ты өзгертуге ықпал етті. Келесі жылы да аумақтарды көгал­дандыру, абаттандыруға жө­нінде ауқымды акциялар өт­кі­­зу жоспарланып отыр. Сон­дай-ақ шығарынды­ларды азайту, экологиялық стан­дарт­тар­ды бақылауға қатысты ведом­ство­аралық өзара іс-қи­мыл шаралары күшейтілетін болады.