Қылмыс • Кеше

Қылмыстың азаю үрдісі байқалады

58 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары елімізде бірқатар заңға өзгертулер мен түзетулер енгізілді. Соның ішінде биыл да адам өмірі мен құқығына қол сұққан­дарға жаза күшейтіліп, әкім­шілік жауапкершілікке жататын кейбір баптар қылмыстық істер­ге теңестірілген еді. Бұл респуб­ликадағы криминогендік жағдай­дың төмендеуіне септігін тигізді.

Қылмыстың азаю үрдісі байқалады

Сурет: culture.ru

Жақында Мемлекет басшысының қабылдауында болған Ішкі істер министрі Ержан Сәденов жыл басынан бері қылмыс­тың төмендеуі байқалатынын баяндады. Оның айтуынша, қылмыстық құқық бұзушылық – 5,5 мыңға, қылмыс 10 мыңға азайған. Сондай-ақ жыл басынан бері әкімшілік құқық бұзушылықтың жолын кесу 40 пайызға артқан. Көлік жүргізу құқығынан айырылған жүргізушілер 32 пайызға өссе, олардың қатарында мас күйде рульге отырғаны үшін жауапқа тар­тылған азаматтар да бар. Іздеуде жүрген 1,6 мыңнан аса қылмыскер ұсталса, олардың 158-іне шетелде қолына кісен салынған.

Ең маңыздысы, осы уақытқа дейін қоғам ұзақ күткен тұрмыстық зор­лық-зомбылық және кәмелет жасқа тол­ма­ғандарға қатысты жасалған құқық бұзушылықтарға жазаны қатайту талабы ескерілді. Сөйтіп, талай жылдан бері заң шығарушылар мен сарапшы мамандардың айтыс-тартысынан аса алмай жүрген бірқатар бап Қылмыстық кодекске енгізілді. Мәселен, былтыр еліміздің ішкі істер органдары тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, әйелдер мен балаларды қорғау, жасөспірімдер арасындағы қылмыспен күрес және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету сияқты бірқатар негізгі бағыттағы жұмысын едәуір күшейтті. Биыл полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 100 мыңға жуық хабарлама келіп түскен. Соның ішінде 72 мың қорғау нұсқамасы, сондай-ақ 16 мың жағдайға сот шешімдері қабылданды. Ішкі істер органдары қоғамдық орындарда құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде күшейтілген жұмысты жалғастырып жатыр. Күн са­йын құқықтық тәртіпті қорғауға 14 мың полиция және Ұлттық ұланның әскери қызметшілері шығады. Жыл басынан бері қарай 8 рет өткізілген «Құқықтық тәртіп» операциясы шеңберінде қылмыс­тық құқық бұзушылық саны 6%-ға, соның ішінде көшелердегі қылмыс 7%-ға төмендеген. Елімізде тіркелген 12 млн әкім­шілік құқық бұзушылық бойынша 91 мың адам жауапқа тартылыпты. Бұған қоса мобильді жүйелер көмегімен 11 айда жолдарда 1,02 млн-нан аса жылдамдық режімін бұзу фактісі тіркелді.

Ішкі істер министрлігі мен төтенше жағдайлар жүйесін реформалау аясында енгізілген жаңа тәсілдер мен заңна­ма­лық құжаттардағы көрініс тапқан өзгерістер де көп. Мысалы, биыл бала­лар­дың құқықтарын қорғау және жасөспірімдер арасындағы қылмысты болдырмау бағытында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Атап айтсақ, 12 мыңнан аса профилактикалық шара өткізіліп, әрбір мектепке ювеналды полиция қызметкері бекітілді. Олар құқықтық дәрістер оқып, балаларды құқықтық мәдениетке тәрбиелеп жатыр. Жыл басынан бері интернеттегі 35 мыңнан аса заңсыз ресурс анықталса, оның ішінде суицид пен зорлық-зомбылықты насихаттайтын 127 сайт бұғатталған.

Былтыр елде тіркелген жалпы құқық бұзушылық саны 132 995 болса, биыл он бір айдағы тіркелген істер 127 313-ке жеткен. Әйткенмен былтыр мен биылғы құқық бұзушылық статистикасын саралай келе елдегі кейбір қылмыстардың өткен жылмен салыстырғанда анағұрлым артқанын да аңғаруға болады. Мәселен, былтыр тіркелген аса ауыр қылмыс саны – 2 402, биыл 11 айда бұл санаттағы қылмыс 2 937-ге жеткен. Былтыр өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізуге қатысты 718 факті анықталса, биыл осындай 746 іс тіркелген. Бұдан басқа, денсаулыққа абайсызда зиян келтіру былтыр 103 болса, биыл мұндай 109 іс бар. Ал қорқыту бабымен былтыр – 164, биыл 173 іс көрсетілген. Заңның қатайғанына қарамастан 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әркеттер жасау былтыр 279 болса, биыл 317 іспен артып кеткенін аңғаруға болады. Адам ұрлауға қатысты былтыр 42, биыл 74 іс тіркелген. Адам саудасы да өскен. Айталық, былтыр бұл баппен – 8, биыл 16 іс қозғалған. Кәмелетке толмаған адамды қылмыстық құқық бұзушылық жасауға тарту ісі былтыр – 11, биыл 22-ге жетті. Кәмелетке толмағандарды жезөкшелікпен айналысуға тарту былтыр – 5, биыл 15-ке өсіп кеткен. Сондай-ақ алаяқтық, тер­роризмді насихаттау, террорлық әре­кетті жасауға ашық шақыру, терроризм актісі туралы жалған ақпарат тарату, бұзақылық, есірткі заттарымен заңсыз жұмыс істеу, жезөкшелікпен айналысуға тарту, өкілеттігін асыра пайдаланудағы кейбір қылмыс түрлері де артқан.

Қалай десек те, заңнамалық норма­лар­дың қатаңдатылуы мен ішкі істер са­ласындағы реформалар ел азаматтарының қауіпсіздігін арттырып, құқық қорғау органдарына деген сенімді нығайтуға үлкен үлес қосты деп айтуға негіз бар. Дегенмен қоғамдағы тыныштықты сақтап, криминогендік жағдайдың жақсаруына құқық қорғау саласы қызметкерлері ғана емес, тәртіпке бағынып, тәрбие тізгінін отбасында сақтау да оң ықпал ететінін есте шығармаған абзал.