Жиынға Аbai University-нің Басқарма Төрағасы-Ректор Болат Тілеп модератор ретінде жүргізіп отырды. Ведмоства басшысы жиында 2023-2029 жылдарға арналған министрліктің стратегиялық даму жоспарын жеткізді. Атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
«Жоғары білімге қатысты біз 8 үлкен бағытпен бастадық жұмысымызды. Негізгі күш ол демография. Биыл 30 мыңға, былтырғымен салыстырғанда мектеп бітірушілер көбірек тапсырады ҰБТ-ны жоғары оқу орнына. Қазірдің өзінде 200 мыңға жуық студент тіркелді қаңтарда. Соған дайындалып жатырмыз қазір. Сондықтанда 8 бағыттың кемінде төртеуі демографиялық толқынға дайындық ретінде берілген. Соның ішінде қолжетімділік, инфрақұрылым, цифрландыру, кеңістігімізді ашу әрі шетелдік университеттерді және шетелдік инвесторларды шақыру», деді Саясат Нұрбек.
Министр кездесуде 8 бағыттың ішіндегі қолжетімділікке үлкен мән беріліп отырғандығын баса айтты. Әсіресе грант санын көбейту жайына көбірек көңіл бөлініп отырғандығын жеткізді. Мысалы былтырғы жылы 94 мыңға жуық грант бөлінген. Оның 78 баклавриатқа бөлінген. Ал келесі жаңа оқу жылында 104 мыңға жуық грант бөлінетін болады. Жылдан-жылға мемлекеттік тапсырыс көлемі артып келеді.
«Дегенмен бұл мәселені шешпейді. Қосымша 4 тетік құралды іске қосып жатырмыз грантпен бірге. «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтаушы жүйені келесі жылдан бастаймыз. Аталған жүйе шеңберінде балаға арнайы шот ашуға болады, оған мемлекет 60 АЕК мөлшерінде (5 жастағы балаларға) білім алуға бастапқы капитал салады. Бұдан әрі оған ата-аналардың ерікті жарналары, 5-7% мөлшерінде жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс есебінен қаражат жинақталады. "Келешек" ерікті жинақтау жүйесін енгізу мәселесі қазақстандық отбасылардың барлығына қатысты», деді министр.
Басқосуда Саясат Нұрбек Ғылым және жоғары білім министрлігі қазір қаржы сыйымдылығын арттыруға баса мән беріп отырғандығын баяндады. Сондай-ақ ғылым саласына бөлінетін қаржыны ұлғайту, беделді шетелдік университеттердің филиалдарын ашу, отандық университеттерге жасанды интелект бағдарламасын енгізу жайы да айтылды.
Министр тағы бір бағыт еліміздегі университеттерде қытай тілінде оқыту жайы басты назарда екендігін тағы бір атап өтті. Қазіргі таңда Қытай университеттерімен 241 келісім жасалып, білім беру және ғылыми зерттеулер саласында көптеген жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мақсат - Қытай және Қазақстан арасында студенттермен алмасу бағдарламаларын кеңейту, қосымша ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыру, оқытушылар мен ғылыми қызметкерлерді алмастыруды ұйымдастыру, жаңа бірлескен оқу бағдарламаларын әзірлеу және оларды іске қосу.
Естеріңізге сала кетейік, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Филология факультетінде «Қытай тілі және қытайтану» кафедрасы ашылған болатын. «Қытай тілі және қытайтану» кафедрасын ашудың мақсаты - тілдік және мәдени құзыреттіліктерді жетілдіру арқылы екі ел арасындағы байланысты нығайту, қосдипломдық білім беру негізінде оқыту, академиялық ұтқырлық мәселесін жолға қою, қытай университеттерімен, ғылыми-зерттеу орталықтарымен ынтымақтастық орнату.