Сұхбат • Кеше

«Бәйтерек» холдингі басқарма төрағасы: «Бәйтерек» кәсіпкерлерді қолдауды жалғастырады

83 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Отандық экономиканың бірнеше саласына серпін беруді мақсат еткен «Бәйтерек» холдингі 2024 жылды қалай қорытындыламақ? Иә, «Бәйтерек» дегенде ең бірінші кезекте кәсіпкерлерді қолдау және агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру мәселесі ойымызға оралады. Холдинг басшысына осы сыңайдағы сауалдарды қоюдың сәті түсті.

«Бәйтерек» холдингі басқарма төрағасы: «Бәйтерек» кәсіпкерлерді қолдауды жалғастырады

– 2024 жылдың қорытындысы бойынша қандай стратегиялық мақсаттарға қол жеткіздіңіздер?

– Біз сандармен сөйлегенді жақсы көреміз, жалпы кәсіпкерлікті қолдау бағыты бойынша қаржыландыру көлемі биыл 3,46 трлн теңгеге жетті. Биыл холдингтің қатысуымен 19 ірі өнеркәсіптік және индустриялық жоба, 90 экспортқа бағытталған өндіруші, 25 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі біз арқылы қолдау тапты. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағыты бойынша 676 млрд теңге бөлінді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 41%-ға жоғары. Көктемгі егіс пен егін жинау науқаны аясында 323,8 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде,  5,3 мың ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі қаржыландырылып, 5,1 млн гектар жер өңделді. 5% жеңілдікпен лизингке беру бағдарламасы аясында 12 мыңға жуық ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтары сатып алынды. Ел азаматтарына яғни, кәсіпкерлерге көрсетілген бұл қамқорлық Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында, Үкіметтің тікелей қолдауымен жүзеге асырылғанын айтуымыз керек.

– Еліміздің азық-түлік қауіпсіз­ді­­гіне тіке­­лей әсер ететін сала – ауыл ­шар­уа­­­­­шылығы. Бұл бағытта қызметтің тиім­­­ді­лігін арттыру үшін қандай шаралар қабыл­­­данды?

– Жыл басында Президенттің тікелей тапсырмасымен көктемгі егіс пен егін жинау жұмыстарының уақтылы жүргізілуі үшін фермерлерге 5 пайыздық мөлшерлеме деңгейінде «Кең дала 1» бағдарламасымен несие бергенбіз. Нәтиже жаман болған жоқ. Жоба барысындағы кейбір мәселелі тұстарды зерделей отырып, уақыт бойынша ұтылып қалмайық деп, биыл осы бағдарламаны «Кең дала 2» деген атаумен қараша айында іске қостық. Мұның тиімділігі фермерлер келер көктемге дайындықтарын бүгіннен бас­тайды, яғни жер өңдеуге арналған техникаларын реттеп, жанар-жағармайларын дайындап отырады. Күн жылып, қар еріген кезде ақша іздеп шапқылап жүрмейді.

Сондай-ақ агроөнеркәсіп саласындағы кәсіпкерлерге көктемгі егіс пен егін жинау жұмысына арналған несие бойынша қажеттілік туындаған жағдайда Даму қоры арқылы 85%-ға дейін кепілдік беру жалғасады. Бұл құрал агробизнесті қаржы­лан­дыру жолын жеңілдетеді. 2025 жылы 600-ге жуық жобаға 140 млрд теңге несие мен 119 млрд теңге кепілдік беріледі деп күтілуде. Сонымен қатар «Даму» қорын кепілдік беру қорына айналдырсақ деген бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Бұл – Холдингтің 2024-2033 жыл­дар­ға арналған стратегиясындағы негізгі міндеттерінің бірі.

Қазіргі таңда жалпы банктер агросалаға несие беруге дайын, алайда тәуекелге баруға қорқақтайды. Ал кәсіпкерлер кепілзат жеткіліксіз болғандықтан, несие ала алмай жатады. Осындай сәтте кепілдік беру қорлары көмекке келу керек. Олар банк пен кәсіпкердің арасында дәнекер рөлін атқарады, бұл әлемде бар тәжірибе.

Кепілдік беру жүйесі аясында екінші деңгейлі банктердің, халықаралық қаржы ұйымдарының және ірі корпорациялардың қатысуын қарастырып жатырмыз. Бұл өңір­лік бағдарламалар мен тұрақты даму сала­ларын қаржыландыруды кеңейтуге жол ашады. Кепілдік беру қоры салалық шек­теулерсіз жұмыс істеп, экономиканың бар­лық секторын қолдаса деген жоспарымыз бар.

Мысалы, 2023 жылы 8,2 мыңнан астам жоба 363 млрд теңге көлемінде кепілдік алған. Алдын ала есептеулер көрсеткендей, егер кепілдік беру қорының жұмысын жүйелесек, қазіргі мемлекеттік қаржыландыру көлемін сақтай отырып және қосымша қаржы көздерін тарту арқылы 2028 жылға қарай кепілдік портфелін 1 трлн теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік туады. Олай болса жыл сайын шамамен 50 мыңнан астам жобаны қолдауға шамамыз жетер еді. Бұл қазір қамтылып отырған кәсіпкерлер санынан бес есе көп. Ең бастысы, бюджеттен бөлінетін қаражат көлемі өзгеріссіз қалады.

– Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету де сіздердің салаларыңыз емес пе? «Отбасы банк» жайында не айтасыз?

– «Отбасы банк» – біздің еншілес ұйымдарымыздың бірі ретінде экономикалық тұрғыдан белсенді, халықтың баспаналы болуына мүмкіндік беретін бағдарламаларды сәтті жүзеге асырып келеді.

2024 жылы алдымызға ауқымды міндет қойдық – «Наурыз» және «Отау» бағдар­ла­маларының жалпы көлемі 450 млрд теңгені құрады. «Отау» бағдарламасы 2024 жылдың 1 наурызында іске қосылды. Қазіргі таңда жалпы сомасы 48,4 млрд теңгеге 2 227 займ берілді. Қосымша 106 займ рәсімделу сатысында. Ал 25 сәуірде басталған «Наурыз» бағдарламасы да үлкен нәтиже көрсетіп, 4 558 займ беріліп, оның жалпы сомасы 120,5 млрд теңгеге жетті.

Халық тарапынан бағдарламаларға ерекше қызығушылық бар. Осыған байланысты қыркүйек айында «Наурыз» бағдарламасына қосымша қатысушыларды қабылдауды бас­та­дық. 17 желтоқсандағы жағдай бойынша жалпы сомасы 245,9 млрд теңгеге 9 779 займ берілді. Оның 88%-ы бастапқы тұрғын үй сатып алуға бағытталған. Бұл бағдар­­­­ла­малар аза­мат­тардың баспана жағдайын жақ­сартып, жаңа тұрғын үйге қол жеткізуіне мүмкіндік беріп отыр.

– «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ тұрғын үй құрылысында айтарлықтай нәтижелер көрсетіп келеді. Осы жылдың негізгі жұмыс қорытындылары мен тұр­ғын үй мәселелерін шешуге қосқан үлесі туралы айтып берсеңіз.

– «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ арқы­лы 2024 жылы тұр­ғын үй құрылысына көр­­се­тілген жал­пы қол­дау көлемі 642,2 млрд тең­геге жетті.

Компания жұмысының негізгі бағыт­та­рының бірі – сатып алу құқығымен жалдамалы тұрғын үй ұсыну. Биыл Жергілікті атқарушы органдардың (ЖАО) облигациялары 272 млрд теңгеге сатып алынды. Осы қаражат есебінен әкімдіктер кезекте тұрған азаматтар үшін 17,3 мың пәтер сатып алуды жоспарлап отыр.

ЖАО облигацияларын сатып алу арқылы 165,1 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді. Нәтижесінде, биыл 6,5 мың пәтер пайдалануға берілді, ал жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 9,5 мыңға дейін жетеді деп күтілуде. Бұл – тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың бас­пана мәселесін шешуге жасалған нақты қадам.

– Биыл «Бәйтеректің» қолдауымен қанша жоба іске асырылды?

– 2024 жылдың 11 айында өңдеу өнер­­­кәсібі мен ауыл шаруашылығында жалпы құны 261 млрд теңге болатын 42 инвес­­­­ти­­­­ция­лық жоба іске қосылды. Оның ішінде «Аграрлық несие корпорациясы» желісі бойынша – 22, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» желісі бойынша – 15, «Qazaqstan Investment Corporation» арқылы – 4 жоба, ал «Қазақстан Даму банкі» желісі бойынша 1 жоба жүзеге асты. Осы жылдың есе­бінде өңдеу өнеркәсібінде жалпы құны 122 млрд теңге болатын тағы 14 инвестициялық жобаны іске қосу күтілуде.

– Холдингтің халықаралық ынты­мақ­тас­тығын кеңейту үшін қандай қадамдар жасалды?

– Еліміздің негізгі даму институты ретінде «Бәйтерек» холдингі экономикамыздың көле­­­­мін екі еселеу жөніндегі маңызды мін­дет­ті жүзеге асыруда басты рөл атқарады. «Қазақстан Даму банкі» арқылы біз 717,2 млрд теңге сомасына 18 ірі инвестициялық жоба­­­­ны қаржы­­ландырдық. Бұдан бөлек, ин­­же­­­­­нерлік желі­лерді салу мен жаңғырту үшін 300 млрд теңгеге дейін жеңілдетілген қар­­жы­­­­лан­­ды­ру­дың жаңа тетігін іске асырып жатырмыз.

2024-2026 жылдары агроөнеркәсіп кешені, өңдеу өнеркәсібі, инфрақұрылым және экспорт­тық операцияларды қамтитын әртүр­лі секторларда жалпы құны 26,6 млрд еуроны құрай­тын 700 жобаны жүзеге асыру жоспарымызда бар.

– Сұхбатыңызға рахмет. Жұмыс­та­ры­ңыз­ға сәттілік тілейміз!

 

Әңгімелескен –

Абай АЙМАҒАМБЕТ,

«Egemen Qazaqstan»