Өндіріс • Кеше

Құбыр зауыты өндіріс көлемін ұлғайтады

46 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақтөбе металл құбырлар зауыты – құрылыс, мұнай-газ, басқа да шаруашылық салаларының қажеттілігін қамтамасыз етіп отырған өңірдегі ірі кәсіпорындардың бірі. 2018 жылы жұмысын шағын цех түрінде бастап, алты жылда ауқымды кешенге айналды. Биыл өндіріс қайта жарақтандырудан өтіп, жаңа цех іске қосылған соң өндіріс көлемі артып, 3 500 тонна шойын бұйымдар мен құбыр шығарылды.

Құбыр зауыты өндіріс көлемін ұлғайтады

Зауыт директоры Павел Саенконың айтуынша, өндірістің аяқтан тұруына «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының өңірлік филиа­лы арқылы берілген 2,7 млрд теңге қолдау болған.

«Осы қаражатты өндіріс алаңдарын кеңейтуге жұмсадық. Оған кәсіпорын қаржысынан 1 млрд теңге қосып, Италиядан заманауи қондырғылар сатып алып, №2 цехты түгел жабдықтадық. Жабдықтар жеткізген компания жұмысшыларымызды оқытып берді. Заманауи жабдықтар мен жұмысшылар біліктілігінің артуы еңбек өнімділігін арттырды. Зауытта 100 жұмысшы екі ауысыммен жұмыс істейді Алдағы жылы 20 мың тонна металл құбыр мен бұйымдар шығару жоспарымызда бар», дейді Павел Павлович.

Жабдықтар мен қондыр­ғы­лар Түркия мен Қытайдан әкелінген. Өндіріс алаңдары толық жабдықталып, жаңа цехтың №4 және №5-желілері іске қосылған соң, 3 ауысымдық жұмыс тәсіліне көшіп, тағы 200 адамды жұмысқа қабылдайды.

апр

«Құбырларымызды негізінен отандық компаниялар сатып алады. Соңғы кезде Өзбекстаннан көп тапсырыс түсіп, сол жаққа жөнелтіп жатырмыз. Көп сұра­нысқа ие өніміміз – жылыжай қаңқасын тұрғызуға қажет­ті иілгіш темірлер. Көппәтерлі үйлердің жертөлесіне су және газ өткізгенде міндетті түрде металл құбырлар салынады. Апатты жағдайлардың алдын алу үшін адам тығыз қоныс­та­на­тын тұрғын үйлердің су не газ құбырын ортақ тарату желісіне пластик немесе металл пластик құбырлар салуға болмайды. Бұлар үлкен қысымға шыдамай, жарылып кетуі мүм­кін. Сондықтан ең сенімдісі – өткізу қабілеті жоғары әрі берік ме­талл құбырлар», дейді П. Саенко.

Металл құймалары түріндегі шикізат «Арселор Миттал Теміртау» компаниясынан жет­кізіледі. Металл құймалары цехта түрлі қалыппен, түрлі өлшем­мен кесіліп, цехтарға жөнелтіледі. Қазір өндіріс орнында шаруашылықта көп қолданылатын диаметрі 120 мм, 159 мм-лік, 10х10 см-лік құбырлар көптеп дайындалады. Тағы бір цехта өндіріске, ғимарат құрылысына пайдаланылатын диаметрі 120х120 см өлшемдегі тікбұрышты құбыр­лар да әзірленеді.

«Зауыттан әкелінген әртүрлі қалыңдықтағы құйманы қалып­қа салып, түрлі өлшемде кесеміз. Біз кесіп берген материалдан әртүрлі пішінде құбырлар шығарылады. Жабдықтар авто­мат­тандырылған. Адам тек жұмыс барысын үздіксіз қада­ға­лайды. Өте сирек жағдайда ғана қолмен жөн­дейміз. Қазір төрт­бұрышты, дөңгелек пішін­дегі құбырлар дайындап жатыр­мыз. Жұмыс барысын­да еңбек қауіпсіздігі толық сақталады. Арнаулы киім, каскаларымыз бар. Жұмысым таңғы сағат 8-де басталып, кешкі 8-ге дейін созылады. Түнгі ауысымға басқа топ келеді», дейді жабдықтарды реттеуші Нұржан Тәжбенов.

«Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры АҚ-ның өңірлік филиа­­­лының директоры Айнагүл Байдәулетованың айтуынша, осы жылы Ақтөбе облысы бойынша 1 930 жоба мемлекеттік қолдауға ие болған. Соның бірі – осы Ақтөбе металл құбырлар зауыты.

 

Ақтөбе облысы