
Өткен жылы әскери мамандарды даярлау сапасын арттыру үшін Қорғаныс министрлігінің жоғары оқу орындарындағы оқу процесі Қарулы күштердің жауынгерлік даярлық жоспарымен біріктірілді. Курсанттардың әскери тағылымдамадан өту уақыты ұзартылып, бұл олардың практикалық тәжірибе алуына оң әсер етті.
Күрделі геосаяси жағдайды және қазіргі заманғы қарулы қақтығыстарды ескере отырып, әскери мамандарды даярлаудың оқу жоспарлары мен бағдарламалары қайта қаралды.
Ұлттық қорғаныс университетінде жұмылдыру дайындығы факультеті ашылып, онда жоғары білікті оқытушылар түрлі мемлекеттік органдарға мамандар дайындауда.
Оқу процесін оңтайландырудың тағы бір сәтті мысалы ретінде Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтын атауға болады. Мұнда оқу мерзімі 5 жылдан 4 жылға дейін қысқарып, ал оқу бағдарламасы өзгеріссіз қалды. Мұндай қадам оқытудың қарқындылығы мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді.
Құрлық әскерлерінің әскери институтында бітіруші курсанттарға көшбасшылық қасиеттерді дамытуға, нұсқаушы-әдістемелік дағдыларды жетілдіруге, болашақ офицерлердің кәсіби шеберлігі мен физикалық деңгейін арттыруға бағытталған «Сардар» курсы енгізілді. Бұл курстың нәтижелері курсанттардың Қарулы күштер бөлімшелеріне офицерлік лауазымдарға бөлінуіне әсер етеді.
500 ден астам әскери қызметші шетелдік әскери жоғары оқу орындары мен оқу орталықтарына оқуға жіберілді.
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттер үшін әскери кадрларды даярлау туралы келісім, сондай-ақ екіжақты халықаралық шарттар шеңберінде шет мемлекеттердің жоғары оқу орындары мен оқу орталықтарына 390 әскери қызметші оқуға жіберілді.
Олардың 139-ы Ресей Федерациясының әскери оқу орындарында магистратурада, резидентурада, адъюнктурада және бакалавриатта оқыса, 37 әскери қызметші Түркия Республикасына оқуға жіберілді. 13 – і АҚШ жоғары оқу орындарында, қалғандары Беларусь, Өзбекстан, Үндістан, Италия, Қытай және Кореяда бакалавриат және магистратура бағдарламалары бойынша оқиды.
Екіжақты ынтымақтастық аясында Қазақстан армиясының 190 әскери қызметшісі АҚШ, Түркия, Италия, Польша, Өзбекстан, Әзербайжан, Қытай, Корея, Пәкістан және Үндістанда курстық дайындықтан өтті.
Білім беру бағдарламасы аясында алғаш рет Қазақстан Ұлттық қорғаныс университетінің «Қарулы күштер Бас штабы академиясы» факультетінің магистратурасында Корея, Иран және Пәкістаннан төрт әскери қызметші оқудан өтті. Франция мен Үндістан қарулы күштерінің екі офицері оқуын жалғастыруда.
700-ден астам әскери қызметші мен азаматтық персонал отандық кәсіпорындарда біліктілікті арттыру курстарынан өтті
Ұлттық қорғаныс университетінде 550 әскери қызметші 14 бағыт бойынша біліктілікті арттыру курстарын бітірді.
Бұдан басқа, 150-ден астам әскери қызметші мен азаматтық персонал қызметкерлері «Арлан» жауынгерлік машиналарын зерделеу және оларға қызмет көрсету, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, өрттен қорғау, ұшу кезінде орнитологиялық қамтамасыз ету бойынша және қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындарында арнайы және жалпы әскери мақсаттағы ғимараттарды салу және пайдалану, ақпараттық және киберқауіпсіздік, радиациялық қауіпсіздік бойынша оқытудан және мемлекеттік органдар мен отандық ұйымдардың базасында бухгалтерлік курстардан өтті.