Саңлақтар статистикасы
- Әбдісалан Нұрмаханов, бокс (19.04.1936) – бокспен 17 жасынан шұғылдана бастады. 1957 жылы 21 жасында кеңес одағы чемпионатының күміс жүлдегері, 1963 жылы 27 жасында 48 ел қатысқан ГАНЕФО ойындарының жеңімпазы.
- Әмин Тұяқов, жеңіл атлетика (12.02.1937) – жүгірумен 17 жасынан шұғылдана бастады. 22 жасында 100, 200, 400 метрде Қазақстан спартакиадасының жеңімпазы, 1962 жылы 100 метрде 10,2 секунд нәтижемен КСРО рекордын қайталады. 1965 жылы 28 жасында 200 метрде 20,6 секундпен кеңес одағының рекордшысы. 1967 жылы 30 жасында 200 метрде КСРО халықтары спартакиадасының чемпионы.
- Әлжан Жармұхамедов, баскетбол (02.10. 1944) – баскетболға 19 жасында барды. 1967 жылы 23 жасында КСРО құрамасы сапында Еуропа чемпионы, 1972 жылы қыркүйекте 28 жасында Олимпиада чемпионы.
- Шәміл Серіков, грек-рим күресі (5.03.1956) – 1973 жылы 17 жасында КСРО интернаттар біріншілігінің жеңімпазы. 1978 жылы 22 жасында әлем чемпионы, 1979 жылы екінші рет дүниежүзінің чемпионы. 1980 жылы Олимпиада жеңімпазы.
- Жақсылық Үшкемпіров, грек-рим күресі (06.05.1951) – күреске 18 жасында ден қойды. 1973 жылы 22 жасында КСРО чемпионатының қола медалисі, 1975 жылы 24 жасында КСРО халықтары спартакиадасының жеңімпазы, 1980 жылы 29 жасында Мәскеу олимпиадасының чемпионы, 1981 жылы әлем чемпионы.
- Серік Қонақбаев, бокс (25.10. 1959) – 16-17 жасында КСРО жасөспірімдер командасы сапында Польшадағы «Алтын белбеу» ірі турнирінің екі дүркін жеңімпазы. 1979 жылы көктемде 19 жасында Еуропа чемпионы, 1980 жылы жазда 20 жасында Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, 1982 жылы көктемде 22 жасында әлем чемпионатының күміс медалисі.
- Дәулет Тұрлықанов, грек-рим күресі (18.11.1963) – 1980–1981 жылдары 16-17 жасында кеңес одағының интернаттар біріншілігінің 2 мәрте чемпионы. 1986 жылдың қысында 22 жасында КСРО чемпионы, 1988 жылғы қыркүйекте 24 жасында Олимпиада ойындарының күміс медалисі, 1989 жылы жазда әлем чемпионы.
- Нұрлан Меңдіғалиев, су добы (5.4.1961) – 1980 жылы 19 жасында жастар арасындағы Еуропа чемпионатының күміс медалисі, КСРО ересектер чемпионатының қола жүлдегері, 1981 жылы 20 жасында КСРО құрамасы сапында Әлем кубогінің жеңімпазы, 1982 жылы 21 жасында әлем чемпионы, 1988 жылы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері.
- Қанат Байшолақов, самбо (20.06.1961) – 1980 жылы 19 жасында кеңес одағының ересектер чемпионатының қола жүлдегері, 1981 жылы 20 жасында жастар арасында әлем чемпионы, 1984 жылы ересектер арасында әлем чемпионы.
- Марат Сатыбалдиев, велоспорт (22.04.1962) – жасөспірім кезінде халықаралық деңгейде нәтиже көрсеткен жоқ. 1985 жылы 23 жасында алғаш рет КСРО чемпионы, 1989 жылы жазда 27 жасында әлем чемпионы.
- Алмас Мұсабеков, самбо (6.12.1958) – 1977 жылы қыста 18 жасында кеңес одағының ересектер чемпионатының күміс медалисі, 1984 жылы 25 жасында Әлем кубогінің жеңімпазы.
- Айтжан Шаңғараев, самбо (22.01. 1963) – 13 жасында самбоға ден қойған Айтжан 1981 жылы қыста 18 жасында ересектер арасында КСРО чемпионы болды. Мұндай белеске аса дарынды спортшы ғана жетеді. 1984 жылы 21 жасында Әлем кубогінің жеңімпазы, Еуропа чемпионы.
- Серік Нұрқазов, бокс (4.10. 1959) – 1979 жылғы жазда 19 жасында КСРО халықтары спартакиадасының күміс жүлдегері, 1983 жылы көктемде 23 жасында Еуропа чемпионы.
- Асылбек Қилымов, бокс (26.04. 1964) – 1979–1982 жылдары КСРО-ның жасөспірімдер, жастар біріншіліктерінің қатарынан 5 мәрте жеңімпазы. 1981 жылы 17 жасында кеңес одағы ересектер құрамасы сапында 2 бірдей ірі халықаралық турнирдің жеңімпазы. 1984 жылғы наурыздың басында 19 жасында КСРО чемпионы, кеңес одағы олимпиялық құрамасының мүшесі.
- Кәрімжан Әбдірахманов, бокс (11.05.1964) – 1980–1981 жылдары КСРО жасөспірімдер біріншілігінің қола жүлдегері, 1983 жылы 19 жасында кеңес одағы ересектер чемпионатының қола медалисі, 1984 жылғы наурыздың басында 19 жасында КСРО чемпионы, кеңес одағының олимпиялық құрамасының мүшесі.
- Амангелді Жапаров, еркін күрес (03.05.1964) – 1981 жылы КСРО оқушылар спартакиадасының жеңімпазы, 1983 жылы 19 жасында қазақтың еркін күрес балуандарынан бірінші болып жастар арасында әлем чемпионы атанды. 1983 жылы КСРО ересектер құрамасына енді.
- Серік Алшынбаев, еркін күрес (21.12.1964) – 1982 жылы 17 жасында қазақтың еркін күрес балуандарынан бірінші болып жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанды. 1986 жылғы жазда 21 жасында КСРО халықтары спартакиадасының күміс медаліне ие болып, кеңес одағы құрамасына енді. Денсаулығы сыр беріп, биік белестерге жете алмады.
- Болат Теміров, бокс (9.06.1969) – 1991 жылғы ақпанның басында 21 жасында КСРО чемпионы; 1991 жылы 22 жасында КСРО халықтары спартакиадасының жеңімпазы.
- Мәулен Мамыров, еркін күрес (14.12.1970) – 1988 жылы 17 жасында әлемнің жастар біріншілігінің қола медалисі, КСРО чемпионы, 1990 жылы 19 жасында ересектер арасындағы кеңес одағы кубогінің жеңімпазы, 1991 жылғы жазда 20 жасында КСРО халықтары спартакиадасының күміс медалисі. 1996 жылы жазда 25 жасында Атланта олимпиадасының қола жүлдегері.
- Бақтияр Байсейітов, грек-рим күресі (29.09.1971) – 1986 жылы жазда 14 жасында КСРО жасөспірімдер біріншілігінің қола медалисі, 1989 жылы 17 жасында ересектер арасындағы еліміздің чемпионы. 1991 жылғы жазда 19 жасында КСРО халықтары спартакиадасының күміс жүлдегері, 1998 жылы жазда 26 жасында әлем чемпионы.
- Есенгелді Батырғарин, грек-рим күресі (20.12.1970) – 1991 жылы 20 жасында КСРО халықтары спартакиадасының жеңімпазы, әлемнің жастар чемпионатының күміс медалисі.
Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабатын
Әбдісалан Нұрмаханов 17 жасында, Әмин Тұяқов пен Жақсылық Үшкемпіров 18 жасында, Әлжан Жармұхамедов 19-ында спортқа шындап ден қойды. Төртеуі де араға 4-5 жыл салып, алғашқы ірі жеңістеріне қол жеткізді. Бұдан түйетініміз: денсаулығы мықты, ішкен-жегені табиғи таза, талабы күшті, еңбекқор, табанды спортшы білікті бапкердің баптауымен 4-5 жылда ел чемпионатында немесе құрлық біріншілігінде топ жарады екен. Бала кездерінде зорықпаған, қалыптан тыс жанықпаған 4 саңлақ жасы 30-дан асқанша дүбірлі сайыстарда олжа салды: Әлжан Жармұхамедов 32 жасында олимпиаданың қола, 34 жасында әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 35 жасында Еуропа чемпионы; Жақсылық Үшкемпіров 30 жасында әлем чемпионы, 31 жасында Әлем кубогінің жүлдегері; Әбдісалан Нұрмаханов 31 жасында КСРО халықтары спартакиадасының қола медалисі; Әмин Тұяқов 1965 жылы Еуропа кубогінің жеңімпазы, 1966 жылы 29 жасында КСРО чемпионы, Еуропа чемпионатының күміс медалисі, 1967 жылы 30 жасында КСРО халықтары спартакиадасының жеңімпазы.
Осы жерде Әмин ағамызға тарихи бағасын бере кетейік. 1960 жылы канадалық Гарри Жером 100 метрге жарыста 10.0 секундпен әлем рекордын жаңғыртса, Әмин Тұяқов 1962 жылы 10,2 секунд нәтижемен КСРО рекордын қайталады. Айырмашылығы – қас-қағым ғана. Жеромның бойы 180 см, ұзын сирақ, адымы ұзын, Тұяқов 173 см, орта бойлы ғана, адымы қысқа. Ал АҚШ желаяғы Генри Уильям Каррдың бойы 191 см. Ол 1963 жылы 200 метрді 20,4 секундта құйғытып өтіп, әлем рекордшысы атанса, Әмин Тұяқов 1965 жылы 20,6 секундпен КСРО рекордшысы атанды. Айырмашылығы – кірпік қағып үлгермейсің. 1964 жылы Токио олимпиадасында 100 метрді күміс, қола жүлдегерлер 10,2 секундта жүгіріп өтсе, Токиода 200 метрде қола жүлдегер 20,6 секунд нәтиже көрсетті. Осыдан-ақ Әмин Тұяқовтың заманында қандай желаяқ болғанын біле беріңіз.
1984 жылы әлем, Еуропа рейтингінде, халықаралық спорт журналистерінің рейтингінде 75 кило салмақта жеке-дара көш бастаған Асылбек Қилымов 1987 жылы небәрі 23 жасында боксты доғарды. Неге? Буыны қатпаған бозбала шағында шамадан тыс жұдырықтасып, кеңес құрамасы сапында өзінен жасы үлкен жігіттермен қанжоса айқасып, әбден зорыққандықтан. Әйтпесе, Асылбектің 17 жасында сол тұстағы әлемдегі ең азулы бокс державасының бірі КСРО ересектер құрамасына енуі өте сирек кездесетін, таңғажайып құбылыс. Қысқасы, мүйізі қарағайдай кеңес құрамасының бапкерлер алқасы аса дарынды қазақ баласының бабын тауып, талабын ұштай алмады.
Бозбала кезінде найзағайдай жарқ еткен Серік Қонақбаев та 1984 жылы 25 жасында боксты доғарды. Аты дардай КСРО құрамасы Мәскеу олимпиадасына әзірлік кезінде спортшыларды жанкешті жаттығуларға жегіп қана қоймай, коммунистердің «жасампаз» идеологиясын насихаттайтын таптаурын лекциялар тыңдауға мәжбүрледі. Алда – спортшының аңсарлы арманы Олимпия ойындары. Ал оған жалған, тамыры нәрсіз, адамның қиялынан туған жасанды идеологияны тықпалаудың қанша қажеті бар еді? Спортшылар тыңдаған кейіп танытып, ықылассыз, қалғып-мүлгіп отырады екен. Мұның орнына отбасынан жырақта, көкірегін сағыныш кернеп, мазасы қашқан спортшыларды алаңсыз тынықтырып, ұйқысын қандырған әлдеқайда тиімді еді ғой. Осындай жағдайда екі жағы пышақ жанығандай жүдеген Серіктің халін елестетіп көріңіз. Сегіз кило салмақ «қуған» Қонақбаев анасы Балтуғанмен дәмге барғанда бір үзім нан мен бір тілім еттен басқа ештеңе татпапты. Соның өзінде Мәскеу олимпиадасының финалында айқасты.
Тағы бір назар аударатын маңызды дерек: Серік Қонақбаев, Асылбек Қилымов, Серік Нұрқазов, Нұрлан Меңдіғалиев, Қанат Байшолақов, Кәрімжан Әбдірахманов, Мәулен Мамыров, Бақтияр Байсейітовтер 19 жастарында ересектер арасындағы құрлық, КСРО чемпионаттарында, спартакиадалары мен кубоктарында чемпион, жүлдегер атанса, самбошы Айтжан Шаңғараев 18 жасында КСРО чемпионы болды. Яғни бабы келіскен қазақ бозбалалары 18-19 жасында-ақ ересектердің ірі ресми бәсекелерінде топ жаруға қабілетті екен. Кейінгі жас оқырмандар КСРО чемпионаттары мен спартакиадаларының деңгейі кей спорт түрлерінен әлем, Еуропа чемпионаттарынан кем соқпағанын да біле жүргені дұрыс. Ескеретін жағдай, жоғарыдағы 18-19 жасында олжа салған спортшылардың жаттықтырушылары сол тұстағы әлемдегі ең озық спорттық державаның бірі КСРО-ның бапкерлік жүйесін берік ұстанды.
Кеңес одағы – Ресей, Украина, Беларусь, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Грузия, Армения, Молдова, Латвия, Литва, Эстония секілді 15 республикадан құралғаны белгілі. КСРО чемпионаттарына бұл елдерден бөлек Мәскеу мен Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) құрамалары жеке команда ретінде қатысатын. Барлығы 17 құрама. Тереңірек үңілсек, Ресейдің өзі 16 автономиялық республика, 15 автономиялық облыс, 48 губерниядан тұрды. Яғни бір Ресейдің өзін жадағай, жеңіл тарқатқанның өзінде Грузия, Латвия тәрізді 20 мемлекеттің жиынтығы деуге болады. Сонда сол кезде жер шарының алтыдан бірін бауырына басқан кеңес одағын 35-40 мемлекеттің қосындысы десек, КСРО чемпионы атанған бауырларымыздың шеберлік деңгейінің қаншалықты жоғары болғанына еш күмән тумайды.
Енді жоғарыдағы 21 саңлақты әр қырынан тарқатып көрейік. КСРО ересектер құрамасына енген ең жас спортшы – 17 жастағы Асылбек Қилымов; ересектер арасындағы ең жас КСРО чемпионы – 18 жастағы Айтжан Шаңғараев; ересектер арасындағы ең жас Еуропа чемпионы – 19 жастағы Серік Қонақбаев; КСРО халықтары спартакиадасының чемпионы болған ең жас спортшы – 20 жастағы Есенгелді Батырғарин; Әлем кубогінің ең жас жеңімпазы – 20 жастағы Нұрлан Меңдіғалиев; ересектер арасындағы ең жас әлем чемпионы – 21 жастағы Нұрлан Меңдіғалиев; КСРО олимпиялық құрамасына енген ең жас спортшылар – 19 жастағы Асылбек Қилымов пен Кәрімжан Әбдірахманов; жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы – 17 жастағы Серік Алшынбаев; жастар арасындағы әлем чемпионы – 19 жастағы Амангелді Жапаров.
Енді спортшылардың алғашқы ірі жеңісі мен ең басты жеңісінің арасы қанша жыл болғанын есептеп көрейік. Әлжан Жармұхамедов 23 жасында Еуропа чемпионы – 28 жасында Олимпиада чемпионы (5 жыл); Әмин Тұяқов 22 жасында еліміздің чемпионы – 28 жасында Еуропа кубогінің жеңімпазы (6 жыл); Шәміл Серіков 17 жасында КСРО оқушылар спартакиадасының жеңімпазы – 22 жасында дүниежүзінің чемпионы (5 жыл); Жақсылық Үшкемпіров 22 жасында КСРО чемпионатының жүлдегері – 29 жасында Олимпиада чемпионы (7 жыл); Алмас Мұсабеков 18 жасында КСРО чемпионатының жүлдегері – 25 жасында Әлем кубогінің жеңімпазы (7 жыл); Серік Қонақбаев 16 жасында халықаралық турнир жеңімпазы – 20 жасында Олимпиаданың күміс медалисі (4 жыл); Нұрлан Меңдіғалиев 19 жасында жастар арасындағы Еуропа чемпионатының жүлдегері – 21 жасында әлем чемпионы (2 жыл); Қанат Байшолақов 19 жасында кеңес одағы чемпионатының жүлдегері – 23 жасында әлем чемпионы (4 жыл); Дәулет Тұрлықанов 16 жасында КСРО оқушылар спартакиадасының жеңімпазы – 25 жасында дүниежүзінің чемпионы (9 жыл); Айтжан Шаңғараев 18 жасында КСРО чемпионы – 21 жасында Еуропа чемпионы (3 жыл); Асылбек Қилымов 15 жасында КСРО-ның жасөспірімдер арасындағы чемпионы – 19 жасында КСРО чемпионы (4 жыл); Кәрімжан Әбдірахманов 16 жасында КСРО жасөспірімдер біріншілігінің жүлдегері – 19 жасында КСРО чемпионы (3 жыл); Амангелді Жапаров 17 жасында КСРО оқушылар спартакиадасының жеңімпазы – 19 жасында жастар арасындағы әлем чемпионы (2 жыл); Серік Алшынбаев 17 жасында жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы – 21 жасында КСРО халықтары спартакиадасының күміс медалисі (4 жыл); Мәулен Мамыров 17 жасында әлемнің жастар біріншілігінің медалисі – 25 жасында Атланта олимпиадасының қола жүлдегері (8 жыл); Бақтияр Байсейітов 14 жасында КСРО жасөспірімдер біріншілігінің медалисі – 26 жасында әлем чемпионы (12 жыл).
Осы жерде назар аударатын жағдай: Марат Сатыбалдиев пен Болат Теміровтен басқа спортшылардың барлығы дерлік бала кезінде, бозбала шағында жоғары нәтиже көрсетіп, жеңіс жолын әрі қарай да сәтті жалғастырған екен. Ал М.Сатыбалдиев пен Б.Теміров жас кездерінде жарқылдап көрінбесе де, кештеу жетілгендеріне қарамастан, қазақтың айтулы саңлақтарының қатарына қосылды.
Аталған спортшылардың ішінде Әлжан Жармұхамедов 36 жасына дейін, Дәулет Тұрлықанов пен Нұрлан Меңдіғалиев 33 жасына дейін спорттық бабын жоғалтқан жоқ. Жақсылық Үшкемпіровтің 29 жасында Олимпиада жеңімпазы, 30-ында әлем чемпионы болғаны да спортшыларға ой салатыны анық. Биыл Париж олимпиадасында Елдос Сметов 32 жасында чемпион атанса, Куба алыбы Михаин Лопес 42 жасында бесінші рет Олимпиаданың алтын тұғырына табан тіреді.
Өкінішке қарай бозбала кезінде ауыздықпен алысып, дүркірете шапқан кейбір бауырларымыз жасы 25-ке жетпей зорығып қалып жатыр. Бұл – олардың бала кезіндегі есепсіз, жүйесіз жаттығуының салдары. Бұған ең алдымен кеңес кезінде бар спорт ғылымын жоғалтып алған сала басшылары, білім-білігі кем бапкерлер кінәлі. Сондай-ақ кейінгі 13 жылда 10 спорт министрінің ауысқаны бұл саланың берекесі кетіп, құлдырауына себеп болғаны анық.
Қыдырбек РЫСБЕКҰЛЫ