Фото: Ашық дереккөз
Шын мәнінде, алдыңғы қатарлы мемлекеттер қатарынан берік орын алуымыз үшін бірінші кезекте азаматтарымыздың жаңаша ойлай білуге, уақыт талабына сай жасампаздыққа ұмтылғаны абзал. Бұл орайда, басқасын айтпағанда, білім мен ғылым, мәдениет, руханият салаларын дамыту мақсатында күш біріктіру өз жемісін береді. Сондықтан, адами капиталға иек артып, еңбекқор, талантты азаматтарды барынша қолдау, олардың әлеуетін тиімді пайдалану маңызды. Осы тұста батыл шешім қабылдай білетін, озық, тың амал-тәсілдерді қолдана отырып қоғам дамуына оң әсерін тигізіп, пайда келтіріп жүрген отандастарымызды көпке үлгі ету, сол арқылы адал да белсенді азаматтарымыздың қатарын көбейту қажет. Бұл санаттағы адамдардың үні қоғамдағы кері тартпа, барды жоқ деп зарлайтын, атқарылған игі істерден кемшілік іздеп байбалам салатын кейбіреулердің айқайының астында құмығып қалмауға тиіс.
Соңғы кездері елімізде креативті индустрияны дамыту, оны заман сұранысына сай ілгерілету ісі жанданып келеді. Бұған дәлел ретінде қоғамымыздың мәдени-рухани өмірін жандандырып, оның бойына қан жүгіртіп, өз еліміздің ауқымынан шығып әлемдік деңгейде таныла бастаған отандастарымыздың табыстарын айтуымызға болады. Кино, музыка, әдебиет, сондай-ақ өнердің басқа да бағыттары бойынша еліміздің жасампаздық әлеуетін, іс-қимылын әлемдік кеңістікке танытып жүрген өрендеріміз біздің әрдайым мақтанышымыз бола бермек.
Бүгінгі жас толқынның әлеуеті, қабілеті, адал ниеті болашаққа деген сенімімізді арттырып отыр. Жасампаз іске ұмтылған жастарымыздың бүгінгі қадамы, қарымы елімізді дамудың даңғыл жолына түсіріп, одан әрі ілгерлей беруімізге толық мүмкіндік беретіндей.
Қазіргі таңда ұлтымыздың жаңа сапасын қалыптастыру, жаңғырған, жаңашыл қоғам құру міндеті күн тәртібінде тұр. Осы мәселеде табысқа жету, тиімді жолға түсуде «Адал азамат» ұғымына екпін түсірмей болмайды. Елдік, ұлттық мәселелерде батыл қимылдау, шешімтал болу өзекті. Ал батыл іс-қимыл, шешімталдық тек адал азаматтарға тән. Олай болса, Әділетті Қазақстан идеясымен толық үндесетін «Адал азамат» ұғымын басты құндылықтарымыздың бірегейі ретінде ұрпақ санасына сіңіру өте өзекті.
Қазіргі таңда қазақ қоғамына сыртқы күштердің теріс әсерлері аз тиіп отырған жоқ. Оның кері салдарларын сезініп те отырмыз. Содан келіп ішкі уайымымыз да, алаңдаушылығымыз да бір басымызға жетерлік. Басқасын айтпағанда, жастарымыздың, тіпті орта буының едәуір бөлігі сыртқы ықпалды тараптардың «жұмсақ күшіне» айналып барады. Біріміз жапон, біріміз корей, біріміз ағылшын, тағы біріміз басқа болғымыз келеді. Мұндайлар өмір сүру салтын, таным-түсінігін, жүріс-тұрысын, ішіп-жемін әлгі өзі еліктеп-солықтайтын ұлт өкілдерінікіне бейімдеп әуре. Бұл шындап келгенде өзін сүйкімді көрсетіп, соның арқасында қоғамымызға саяси-экономикалық, мәдени-рухани ықпалын жүргізіп, өздері үшін тиімді нарық, арзан да анайы кеңістік құруды көздейтін сыртқы күштердің нәтижелі жұмыстарының көрінісі. Олар осы мақсаттарын жүзеге асыру үшін біздің жастарымызды өз дәргейлеріне иілдіріп, қол бала қылып алуға кіріскендей. Оларға алыстан күш тартпай-ақ балаларымызды, өз адамдарымызды өзімізге қарсы күш ретінде қолданған тиімді.
Міне, осындай үдерістер жүріп жатқан қазіргі кезеңде ел Президенті ұсынған Әділетті Қазақстан идеясымен үндесетін «Адал азамат» ұғымына назар аудардың қаншалықты маңызды екенін айтқымыз келеді. Өйткені, адал адам қашанда өз елінің, өз халқының түпкі мүддесін жүрегімен түсіне алады, соның арқасында өзгенің ықпалында қалып қоюға, басқының шотын шабуға ары, адалдығы жібермейді.
Сондықтан да, өзіміз қалаған жасампаздық, жаңашылдық жолына түсіп, оның талаптарын жауапкершілікпен орындай білсек қана мәртебеміз биік, жұлдызымыз жарық болмақ.