Кешегі күннің өзінде «қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп өткен данышпанның дала көкірегі ұлт қамы, болашақ мүддесі үшін нелерді ойламады дейсіз? Оның санасында сарғайған ойлар іркес-тіркес өлең болып, әредікте Қара сөз болып құйылғаны да рас. Абай үшін жалғыз күрес – қазақтың ел болуы, өзгеден кем болмауы.
Бүгінгі айтпағымыз, өзге жұрттың Абай туралы зерделеуі мен түйсінуі туралы болмақ. Қысқасы, мені қолыма түскен АҚШ-тың Коннектикут штатына қарасты Уэслиан университетінің баспасынан осыдан 50 жыл бұрын жарық көрген «Орталық Азия музыкасы: КСРО халықтарының музыка тарихының очерктері» атты еңбектегі Абайдың музыкалық мұрасына қатысты зерттеу толғандырды. Авторы – В.Белиаев. Орталық Азия халықтарының музыкасына терең тоқталған бұл кітаптың бір тарауы «Қазақ музыкасы: он бесінші ғасырдан он сегізінші ғасырдың ортасына дейін» деп аталады да, ұлтымыздың музыкалық мұрасының тарихы мен таралу жолдарына тоқталады. «Аталған ғасырларда қазақтың халықтық және кәсіби музыкалық өнерінің негізі қаланды. Ән саласында осы халықтың өмірінің сан алуан кезеңдерінің ескі, бірақ құнды бейнелерінің белгілерін сақтай отырып, бүгінгі күнге дейін жеткен сол жанрлар қалыптасты. Әуен, ырғақ, тепе-теңдік, формалар дамыды, қысқасы, халық әнінің барлық қасиеті көрініс берді». Автор осылай дей келе, ұлтымызға тән эпикалық өнердің белгілі түрлері XV-XVII ғасырлардағы оқиғалармен байланысты және халықтың тәуелсіздік үшін күресін, әсіресе жоңғар-қалмақтарға қарсы күресін көрсететінін, негiзiнен эпикалық дәстүрдегi жетiлдiрiлген түрi – эпос-новелистiк жанрлардың дамуы да осы кезеңге жататынын жазады. Осы тұста автордың мына сөзіне назар салайық: «Қазақтың аспаптық музыкасының негізгі түрлері де осы кезеңде пайда болып, феодалдық дәуірді сипаттайтын үздіксіз қақтығыстар әкелген әскери өмір салтының таптырмас бөлігі – қазақтың әскери үрмелі аспаптар ансамблі қалыптасты». Иә, зерттеушінің сонау бірнеше ғасыр бұрынғы музыкалық тарихи жағдайды айта отырып, «Қазақтың әскери үрмелі аспаптар ансамблі қалыптасты» дегенін зерттеп-зерделесек, тың тақырып екені шындық. Ол ендігі сөзін халқымыздың музыкалық өнері айтарлықтай дамып, екі бағыттың: халықтық-демократиялық және феодалдық-реакциялық бағыттағы күресін күшейткенін, бұл кейінгі кезеңдегі прогрессивті өкілдері реакцияшыл ақындарға қарсы тұрған жазба әдебиет пен поэзияның өркендеуіне негіз болғанын айтады. Соған мысал ретінде сол кезеңде жаңа қазақ әдебиетінің негізін салушы Абай Құнанбайдың бір өлеңінде Бұқар жырау, Шортанбай мен Дулатты сынады деген дәйек келтіріп, хакімнің «Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау, өлеңі бірі – жамау, бірі – құрау» деген жырының төрт тармағын толығымен ағылшын тілінде береді. Осыдан кейін Махамбет Өтемісұлының есімін атап, «озық ойлы, демократиялық бағыт ұстанған күрескер тұлғалар жырлары арқылы еңбекші халықты езгіден, құтқаруға жол іздеп, жұртты шайқасқа шақырып қана қоймай, өзі соған басшылық етті» деген баға айтады.
Аталған тарауда автор ұлтымыздың вокал өнері хақында сөйлейді. Оның зерттеуінше, XVIII ғасырдың ортасында жоғары деңгейге жеткен қазақ музыка өнері одан әрі дамып, халық өмірінен алынған жаңа мазмұнмен ұштасып, кәсіби қазақ композиторларының шығармашылығы жаңа қадамға бет алғаны айтылады. Осы тұста ғалым Абайдың өмірбаянын жазып, оның бар арманы мен үміті қазақ халқының кедейліктен арылып, оқыған, білімді жұрт болуы екенін, көп оқыған демократ ақынның шығармашылығында халықтық сарын барын алға тартады. Осылай жаза келе, хакімнің «Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең» өлеңін дәлел ретінде оқырманға ұсынады.
«Абай әндері» атты тараушада ғалым хакімнің жүрекжарды әндері қазақ сөзінің ең құнарлысын, әр алуан мағынасында лирикалық кейіппен төгіліп түскенін оқырманға аңдатады. «Ән мәтіндерін жазуда Абай қазақтың халық поэзиясы мен өлең құрылысын, жаңаша өлең түрлерін пайдаланған. Ол өзінің әуендерінде орыстың қалалық әндерінің интонациясын енгізді. Мелодиялық құрылым мәтіннің мағынасымен тығыз байланысты болды» дейді ол.
Абайдың музыкалық мұрасының кең ауқымда зерттелуі бүгінгі біз үшін құптарлық жайт. Ақынның музыкалық мұрасы былай тұрсын, өлеңдері мен қара сөздері әлі толық зерттеліп болған жоқ.
Келесі беттерде автор Абай әндерінің ішкі құрылымы мен әуендік, мәтіндік ерекшеліктеріне тоқталады. «Абай әдетте екінші қайырмасы қайталанатын екі бөлікті строфикалық форманы жиі қолданады, бұл орыстың демократиялық интеллигенциясының жырларына да тән. Оның кең тараған «Айттым сәлем, қаламқас» лирикалық әнінде қазақ халық поэзиясы жаңа үлгідегі әсерлі әуенмен үйлесетін кең музыкалық сарын бар» дей келе, «Айттым сәлем, қаламқастың» ноталық нұсқасын кірістіреді.
Байыптап қарасақ, «Айттым сәлем, қаламқастың» ағылшынша аудармасы да сәтті шыққан. Оқыған адам бір адамның көңіл күйі арқылы бір халықтың махаббатын, өмірге құштарлығы мен үмітін пайымдайды. Осыдан кейін В.Белиаев Абайдың «Көзімнің қарасы» әніне тоқталады. Ол бұл ән туралы «аталған шығарманың әуездік құрылымында көрініс тапқан ерекшелік қазақ халық музыкасындағы ааба стилі бойынша берілген» дейді.
Кезінде Шәкәрім Құдайбердіұлы «Абай – өзін-өзі өлеңімен жұбатқан жан» деп ақынның бар болмысын ашатын ой айтып еді. Әрине, оның өзін-өзі жұбатуының бір сыры жүрегінен қайнап шыққан әндерінде де болса керек. Ал біз сөз етіп отырған кітаптың авторы Абайдың «Сегіз аяғы» туралы пікірін де жасырмайды. «Абай халықты адамгершілік кемелдікке шақыру үшін «Сегіз аяқты» жазды. Бұл көлемді өлең формасын ол буын сандары әртүрлі сегіз жолдан тұратын ерекше строфаға негіздеді, оның құрылымы орысша аудармасында да сақталған. Бұл өлеңнің буындық құрамы мен ұйқасын мынадай сызбамен беруге болады: 558+558+88 aab ccb dd». Бұл қорытындыны бізге қарағанда музыкатанушылар жақсы түсінетін шығар, жоғарыдағы сандық қорытындыны солардың еншісіне қалдырдық. Автор «Сегіз аяқ» туралы айта келе, бұл қазақ өлеңі мен музыкалық шығармашылығындағы айта қалатын жаңалық болды дегенді қосады.
Қазақ музыкасының тарихына арналған бұл тараудағы хакімнің шығармашылығы хақындағы өзгеше пайымдаулар көңіл көншітеді, марқайтады. Бір сөзінде зерттеуші «қазақтың халық ән стилін жаңартуға ұмтылған Абай демократиялық интеллигенция репертуарларынан орыстың танымал әндері мен романстарының мәтіндерін аударып, оларға өз жанынан әуен шығарды. Бұлардың ішінде «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын», «Сұрғылт тұман», «Қараңғы түнде тау қалғып» сияқты танымал шығармалар бар» дегенді айтады. Сонымен бірге Абайдың Пушкин шығармашылығынан да аудармалар жасап, «Онегиннің хатын» кең байтақ қазақ даласына ән ретінде жеткізгенін баяндайды.
«Абайдың барлық өлеңі – қазақтың сол күшті тілінің ішінен туған асыл құрыш» деген Мұхтар Әуезовтің аталы сөзінен асып ешкім ештеңе айта алмас. Жер жүзіне Абай өлеңдері мен әндері таралса, оны ыждағатты оқырман түсініп оқыса, бізден асқан бақытты халық болмас еді. Ал ол үшін не қажет? Хакім шығармашылығын жүйелі де ауқымды түрде насихаттау керек. Ал біз қолыма түскен шетелдік ғалымдардың дала данышпаны туралы жазғандарын оқырманға жеткізуден жалықпаймыз. Хакімнің туғанына 180 жыл толған мерейлі жылда мұны үлкен жауапкершілік деп түсінеміз. Бір нәрсе анық, ол – қазақ бар жерде Абай есімінің мәңгілік екендігі һәм мұрасының өлмейтіндігі.