Маңызды жұмыс менмұндалап тұр
Өткен жылы қазанда Ұлттық экономика экс-министрі Нұрлан Байбазаров 2025 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің өсуі 5,6%-ға жетеді деген еді. Ал былтырғы қаңтар-қарашада ІЖӨ өсімі 4,4% ғана болды. Жауапты органдар мұны мұнай өндірісінің төмендеуімен байланыстырды. Экономика ғылымдарының докторы Сапарбай Жұбаевтың айтуынша, келген жылдың өз кереметі бар. Дәлірек айтқанда, мүмкіндігі мол жылға аяқ бастық.
– Келген жылға артар үміт көп. Жақын жетіжылдыққа қойған стратегиялық жоспарымызға сай, 2022 жылғы ішкі жалпы өнім 230 млрд доллар еді. Соны 2029 жылға дейін 2 есеге таяу көтеріп, 450 млрд долларға жеткізуіміз керек. Алдымызда сондай мақсат тұр. Жету үшін әр жылы 6-7 пайыздық өсім беруіміз қажет. Бірақ пандемия, геосаяси жағдайлар, Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс, Таяу Шығыстағы шиеленіс, мұнай бағасының төмендеуі, рубльдің құлдырауы сияқты факторлар өткен жылы да, алдыңғы жылы да ондай өсімге жетуімізге мүмкіндік бермеді. Биыл белгілеген межеге жету жолында өсімді көтеруге ауадай мұқтажбыз. Экономикалық өсімді 6-7%-ға көтеруге әлеуетіміз жетеді, – дейді экономист.
Сарапшы ұзын арқан, кең тұсауға да салынбай, күдер де үзбей, «Біздің қай жерде мүмкіндігіміз көп?» деген сұраққа жауап іздеу керек дейді.
– Энергетика саласын дамытып жатырмыз. Мұны әлі де өркендете беруіміз керек. Яғни электр энергиясы, мұнай, газ, жылу дегендерге мән берсек, өсім айтарлықтай көтеріледі. Екіншіден, Ресейге салынған санкциялардың әсерінен біздің ел транспорттық-логистикалық орталыққа айналып жатыр. Сондықтан Еуропаның Қытайға, Қытайдың Еуропаға экспорттық тауарларын территориямыз арқылы өткізіп, одан өте көп табыс табамыз. Теміржолдарды кеңейтіп, жаңғырта берсек, көп түсім аламыз. Ауыл шаруашылығы, фармацевтика сияқты салалардың да десі басым болып келеді. Дайын өнімдерді экспорттауды көбейтуге, яғни шикізаттың бағасына байланысты емес өнімдерді көбейтуге, әсіресе ауыл шаруашылығы өнімдерін, тамақ өнімдерін, ұн, өсімдік майы, ет сияқты өнімдерді көбірек экспорттауға ден қойсақ, ырысымыз молая түспек, – дейді сарапшымыз.
Экономист Айбар Олжаевтың айтуынша, былтыр экономикалық көрсеткіштердің өсуі жоспарға сай болды. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының (ҚҚҚ) талдау орталығы биыл одан да жақсы болады деп үміт артып отыр. Қаншама кедергіге қарамастан, биыл сауда, байланыс, көлік, құрылыс, ауыл шаруашылығындағы өсімнің арқасында елдегі ІЖӨ 4%-дан асуы мүмкін. Нақтырақ айтсақ, шикізат өндіруді ұлғайту (97,2 млн тоннаға дейін), ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру 2025 жылы ІЖӨ-ні 4,4%-ға өсірмек. Бұл өсім негізінен былтырғыдай мұнайдан тыс секторды дамыту арқылы келмек. Мысалы, өткен жылы экономика өсімінің 70%-дан астамы өңдеу өнеркәсібі, сауда, ауыл шаруашылығы мен құрылыс есебінен қалыптасқан екен. 2025-те осы көрсеткіш жоғарылай түспек.
– Былтыр ауыл шаруашылығында жалпы өнім шығару 13,4%-ға өскен, бұл кейінгі 13 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Сол сияқты құрылыс 10,3%, сауда 8,2%, көлік қызметтері 8,1%, байланыс 5,3%, өңдеу өнеркәсібі 5,3% өсім көрсеткен. Жалпы, аталған кезеңде отандық тауарлар өндірісі 5%,-ға, көрсетілген қызметтер 4,5%-ға өскен. Бұл өсім инвестицияларға да қатысты, яғни капиталға салынған инвестициялар көлемі 3,1%-ға артып, 15,8 трлн теңгеге жеткен екен. Жыл санап экономиканың қай саласы болсын жақсы өсім көрсетіп келеді, – дейді А.Олжаев.
Бюджет кірісін қалай арттырамыз?
Қытай тілінде «дағдарыс» сөзі екі иероглифтен тұрады екен. Бірі «тәуекел», бірі «мүмкіндік» дегенді білдіреді-мыс. Ал «құнды инвестициялау» теориясының негізін қалаған америкалық экономист Бэнджамин Грэм қаржылық минусты плюске айналдыру үшін дұрыс басқару қажет дейді. Сондықтан сарапшылар мәселеге мән беріп, тезірек шешу жолын табу керек деген пікірде.
Биыл экономикалық тәуекелден де ада емеспіз. Үміт артып отырған жобаларымыздың сын-қатері біршама. Қаржыгерлер қауымдастығының талдау орталығы негізгі макроэкономикалық тәуекелдерге болжам жасаған еді. Олардың бағамдауынша, шикізат бағасының төмендігі мен сыртқы факторларға жоғары тәуелділік теңгені одан әрі әлсіретуі мүмкін. 2024 жылдың қорытындысында елдегі инфляция 8% маңында қалыптасты. Қаржы нарығы сарапшылары биыл инфляция 9,5%-ды құрайды деген болжам жасап отыр.
– Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде нарыққа көбірек дайын өнімдер шығару әлеуетіміз шектелуі мүмкін. Себебі ең негізгі нарық – Ресей. Ал көрші елдің бүгінде біздің өнімдерді сатып алуға бюджет мүмкіндігі шектеулі. Сондықтан олар өздерінің тауарлары, қызметтері, бәсекелестігі үшін рубльдің бағамын төмендетуі мүмкін. Сәйкесінше, осы күнге дейінгі тәжірибе дәлелдегендей теңге бағамы өзгеріп сала береді. Солай импортқа тәуелді тауарлардың бағасы қымбаттайды. Екінші тәуекел – кейінгі кездегі ішкі жалпы өнімнің үлесіндегі мемлекеттік меншіктің көбейіп бара жатқаны. Яғни квазимемлекеттік кәсіпорындар салық төлеудің орнына бюджет ақшасына масыл болып отыр. Мемлекеттік кәсіпорындардың тиімділігі өте аз. Оларды жекешелендірмей, бюджеттегі тапшылықты, Ұлттық қордан алатын трансферттерді азайтуға мүмкіндігіміз болмайды. Осыдан келесі бір мәселе шығады: Бюджеттің жылдан-жылға әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландыратын мүмкіндігі азайып бара жатыр. Неге? Себебі біздің бюджеттің салықтық түсімдері жетпейді, – дейді экономист С.Жұбаев.
2025 жылғы ең маңызды тәуекел – АҚШ-та тақтатас мұнайын өндірудің ұлғаюына, ОПЕК+ бағаларға төзімділігін арттырғанына байланысты шикізат бағасының одан әрі құлдырауы. Мұндай сценарий экономиканың өсуі, сауда балансы, ағымдағы операциялар шоты, бюджет пен Ұлттық қор түсімдері, ұлттық валюта бағамы, инфляцияға теріс әсер етпей қоймайды. Расында, былтыр қазына ортайып, салық кем түсті. Ұлттық қордан бұрын соңды болмаған қаражат алынды. Ендігі қорқыныш – «Биыл да бюджет кірістері толықпай қалса қайтеміз?». Бұл үрейдің үлесі басым. Геосаяси ахуал ушығып, елең-алаң заман болып жатқанда, әсіресе, бюджеттік жоспар құрғанда сақ жүріп, саяқ қимылдау қажет-ақ. Экономист Бауыржан Ысқақов мұның бәріне салық жүйесіндегі кемшілік кінәлі дейді.
– Бюджет тапшылығы тақырыбына келгенде ең алдымен салық жүйесіндегі кемшіліктерді байқап отырмыз. Елімізде салық базасы аз, негізгі көлемді белгілі бір салалар ғана толтырады. Атап айтқанда, шикізат экспорттайтын мұнай-газ секторындағы компаниялар. Шағын және орта бизнестің салықтағы үлесі тым аз. Көлеңкелі бизнестің үлесі азаяр емес. Кәсіпорындар қосарланған бухгалтерия арқылы шығынды көбейтіп көрсетіп, салығын азайтып алатын тәсіл бар. Оның үстіне, экономикалық дамудың тежелуі де бюджеттің толықпауына себеп. Баға құлдыраған кезде мұнайдан келетін салық та азаяды. Инфляция әсерінен мемлекеттік жобалардың құны қымбаттады. Кейде түбегейлі зерттелмеген, керексіз жобаларға да ақша кетіп жатыр. Бюджеттік бақылаудың төмен деңгейде екенін аңғарамыз. Қазір Үкімет атқаратын ең басты міндет – салық базасын кеңейту. Ол үшін салық жеңілдіктеріне ие болып келген монополист компанияларды қысқарту керек. Экономика мұнай секторына тәуелділігінен арылғаны жөн. Одан да дамуға мүмкіндігі бар ауыл шаруашылығы, IT-саласына көбірек қаржы құйған абзал. Мәселе бюджетті тиімді басқаруға келіп тіреледі, жұмсалу кезінде ашықтық жетіспейді, – дейді экономист.