Біртуар Бөкетов Қазақ КСР Ғылым академиясы Химия-металлургия институтының директорлығынан кейін Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры қызметінде білім сапасын арттырып, абыройлы қызмет атқарғаны ел-жұрт арасында аңыз ретінде тарады.
Университет 1972 жылдың наурыз айында белгілі қазақ жазушысы Сәбит Мұқановтың қатысуымен салтанатты түрде ашылып, оның алғашқы ректоры болып Ебіней Арыстанұлы тағайындалған еді. Бірден университеттің материалдық-техникалық базасын жасақтап, ғылыми инфрақұрылымды дамытты. Білгір басшы әсіресе химия мен металлургия саласы бойынша еліміздің ғылымы мен жоғары білім беру саласында аянбай еңбегін сіңірді. 1991 жылы университетке Е.А.Бөкетовтің есімі берілді. Қазір «зерттеу университеті» мәртебесін алып, еліміздегі жоғары білім беретін озық білім ордасы атануының түпкі тереңінде алғашқы ректордың ерен еңбегі жатыр.
Академиктің негізгі деген ғылыми бағыты химия мен металлургия, яғни тау-кен өндірісі еді. Мәселен, халькогендер мен халькогенидтердің химиясы мен технологиясы, түсті және сирек металдардың гидрометаллургиясы, мыстың, халькогендердің және халькогенидтердің электрохимиясы, фосфорлы шиізаттарды өңдеу, Орталық Қазақстанның марганец кендерін өңдеу және марганец шлактарын физика-химиялық зерттеу, мышьяк және оның қосылыстарының химиясы мен металлургиясы, түсті металлургиядағы сорбциялық-экстракциялық үдерістер жөнінде ғылыми еңбектер жазды. Бұлардың дені өндіріс тәжірибесіне еніп, кәдеге жарады.
Химиялық-металлургия институтында ол ғалымдардың игілігіне түрлі-түсті, сирек және бытыраңқы металдар зертханасын ашты. Өзі сонда жетекшілік еткен тұста молибден, вольфрам, селен және теллур элементтері бойынша көптеген зерттеуін жүргізді. 1965 жылы шахта пештерінде түйіршіктелген концентраттарды күшейткіш күйдіруден өткізу үрдісін алғаш енгізгенін де ел ұмыта қойған. Осы бір таудай еңбегі еленіп, 1969 жылы Ебіней Арыстанұлы КСР Мемлекеттік сыйлығын иеленген еді.
Академик Арыстанұлы университеттің анорганикалық химия кафедрасын ашып, кейінірек физикалық химия кафедрасын құрып, өзі басқарып, өзі қанаттандырған Химия-металлургия ғылыми зерттеу институтымен, Қарағанды өндіріс аймағындағы ірі-ірі өнеркәсіп орындарымен ғылыми әрі іскерлік байланысын үзген жоқ.
Ғалым-энциклопедист елдегі ғылыми танымның беделі мен мәртебесін жоғары деңгейге көтеріп, теориялық және тәжірибелік зерттеулерімен химия ғылымы мен өнеркәсібінің жетістікке жетуіне септігін тигізіп қана қоймай, ғылыми мектеп құрды. Бірнеше ізбасар шәкірттеріне жол ашты. Ректор кезінде жұмыс уақытында мүлдем мүмкіндік болмай, шәкірттерімен таңғы сағат жетіде, кейде кешкі тоғызда үйіндегі кабинетінде ғылыми жұмысын талқылайтын. Ғылыми еңбектердің барлық талапқа сай жазылуына аса мән беретін. Металлургия және химия саласындағы барлық ережелерді, заңдылықтарды, математикалық теңдеулерді, басқа да негізгі мәліметтерді түгел дерлік жатқа соғатын қабілетін көпшілік әлі айтады. Жұмыстан бір сәт бас алып, шәкірттеріне өзінің әдеби жазбалары мен аудармаларын оқып беретін. Тіпті демалыс күндері аспиранттар жатақханасына арнайы барып, әңгімелесіп, тұрмыстарымен танысып, қиналған жағдайда жәрдем бере жүріпті.
Академик Зейнолла Қабдолов Ебіней замандасы туралы мынадай ой білдіріпті: «Евней жас кезінен екі тілді жетік білген, алдына қойған мақсатына жетуді көздейтін, сөз бен істің адамы. «Абай жолы» Евнейдің сүйікті кітабы болды, ғалым-жазушы Мұхтар Əуезовті барлық əдебиетші қауымының ағасы ғана емес, ұстазы деп таныды. Академик Бөкетовтің шығармашылығында сирек кездесетін металл-селенге деген махаббаты өлеңге деген махаббатымен пара-пар, оның біртұтас тұлғасының құпиясы дəл осында еді…».
Рас, қаламгерлігін де ауыз толтырып айтуға болады. Орыс ақын-жазушыларының шығармашылығын шебер аударған әдебиетші. Сыншы. Жазушы. Мұнысы басқа мақалаға арқау.
Өткен жылы «Біртуар Бөкетов» деректі роман-эссе кітабы Бөкетов университетінің баспаханасынан 1000 данамен басылып шықты. Студент кезінде ғалымнан дәріс тыңдап, өмірлік тағылым алған шәкірті, сол ұстазының ұлағатты да шерменде өміріне тағдыр жазуымен куә болған инженер-жазушы Медеу Сәрсеке дарынды ғалым һәм көрнекті қаламгердің ғұмыр жолын өзіне мәлім деректер мен алуан оқиғалар арқылы қайыра жаңғыртты.
Атын иемденген білім ордасы академик есімін әрдайым ардақтап келеді. Алдағы 100 жылдығына орай бірнеше игілікті іс-шараны жоспарлап отыр университет басшылығы.
Қарағанды облысы