Президент • 03 Қаңтар, 2025

Экономист басшылардың қазіргі жұмысын орташа деп бағалаймын – Мемлекет басшысы

152 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ана тілі» газетіне берген кең көлемді сұхбаты жарияланды. Сұхбат барысында Президент экономист басшылардың қазіргі жұмысына баға берді, деп хабарлайды Egemen.kz

Экономист басшылардың қазіргі жұмысын орташа деп бағалаймын – Мемлекет басшысы

Президенттің айтуынша, Қазақстан әлем экономикасының ажырамас бөлігі болғандықтан, теңгеге сыртқы факторлар әсерін тигізбей қоймайды. Доллардың нығаюынан дамушы елдердің валютасы қысым көреді. Зер салып қарасақ, көптеген мемлекеттің валютасы қараша айынан әлдеқайда бұрын әлсірей бастады. Ал теңгенің бағамы ұзақ уақыт тұрақтылығын сақтап тұрды.

«Біздің валюта бағамын қолдан ұстап тұру тәжірибесінен бас тартқанымызға біраз уақыт болды. Нарық факторларына байланысты еркін бағам қалыптастыру жолын таңдадық. Мен теңгені күшейту үшін еліміздің алтын-валюта қорын босқа ысырап ету орынсыз деп санаймын. Нарыққа қатысы бар кейбір құрылымдар теңге бағамын басқаруға қолайлы ету туралы ұсыныстар айтып жүр. Ұлттық банк пен Үкімет оның бәрін мұқият қарастырып жатыр. Мәселені зерделеген соң бұл бағыттағы ұстанымымызды өзгерту қажет пе деген сауалдың жауабы белгілі болады. Басты мақсат – экономиканың тұрақтылығы мен тиімділігін қамтамасыз ету, нақты секторды қарқынды дамыту, еңбек өнімділігін арттыру және тұрақты жұмыс орындарын көптеп ашу», деді Мемлекет басшысы. 

Сондай-ақ Президент экономист басшылардың қазіргі жұмысын орташа деп бағалады.

«Олар халықаралық қаржы институттарының тілімен әдемі сөйлейді, алайда нақты нәтижесі бар шаруа шамалы болып тұр. Қазір өңірлердегі ахуалды және экономиканың іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін жақсы білетін, яғни жергілікті жерде еңбек етіп, ысылған мамандар қажет. Былтыр 17 желтоқсанда Премьер-министр Олжас Бектеновпен кез­дескенде осы мәселені талқыладық», деді Қ.Тоқаев.