Фото: Ашық дереккөз
«2025 жылдың алғашқы бес күнінде 199 адамды есепке алып, эвакуацияладық, оның 27-сі бала. Сондай-ақ қар құрсауынан 22 техника, оның ішінде бір автобус шығарылды», деді Магомед Ахриев.
Оның айтуынша, 2024-2025 жылдардағы қысқы кезеңде төтенше жағдайларға жедел ден қою мақсатында министрдің бұйрығымен 37 мыңнан астам жеке құрам мен 13 мыңнан астам техника топтамасы бекітілген.
Сондай-ақ орталық және жергілікті атқарушы органдар үшін арнайы міндеттер айқындалған.
«Республикалық деңгейде басқару орталығының базасында осы төтенше жағдайларға байланысты іс-қимылдарды үйлестіретін республикалық жедел штаб жұмыс істейді. Мұндай штабтар облыстық деңгейде де бар. Сондай-ақ республика аумағында бір жарым мыңнан астам эвакуациялау және жылыту пункті құрылды», деді М.Ахриев.
Төтенше жағдайлар министрлігі ел азаматтарына басқа елді мекендерге сапарларын ауа райы жағдайын ескере отырып жоспарлауды, сондай-ақ төтенше жағдайлар туралы ескертулерге назар аударуды ескертеді.