Фото: X/@QudsNen
Армия қолбасшылығы өткен демалыс күндері Израиль күштері Газа секторындағы бірнеше зымыран ұшыру қондырғыларына соққы бергенін хабарлады. Газа секторындағы билік өкілдері 186 адам әскери соққылардың құрбаны болғанын жеткізді. Израиль әскери күштері өз кезегінде бейбіт тұрғындарға келтірілген зиянды азайту үшін барлық қажетті шараны қабылдағанын атап өтті.
AlJazeera хабарлағандай, кейінгі үш күнде Израиль күштерінің жүзден астам соққысы 200 палестиналықты өлтірді, құрбандардың көпшілігі әйелдер мен балалар болды.
Бұл ретте жексенбіде Израиль әскери күштері тұрғын үйлерге, сондай-ақ көшелерде, базарларда және баспаналарда жиналған адамдарға соққы беруді жалғастырды.
Сонымен қатар Газа секторында тағы бір бала гипотермиядан қайтыс болды. Бұл - анклавтағы сегізінші өлім.
Газа секторының Денсаулық сақтау министрлігі 2023 жылдың 7 қазанынан бастап Газа секторында кем дегенде 45 805 палестиналық қаза тауып, 109 064 адам жарақат алғанын хабарлады. Бұл ретте кейінгі 24 сағат ішінде 88 палестиналық қаза тауып, 208 адам жарақат алған.
Қоршауға алынған Палестина анклавына соққылар Қатар астанасында өтіп жатқан Израиль мен ХАМАС арасындағы атысты тоқтату туралы жұмада басталған келіссөздер аясында жалғасып жатыр.
Жексенбіде Израиль қорғаныс армиясы Бас штабының бастығы Герци Халеви Иран алдағы күндері Израильге қарсы «экстремалды» қадамдар жасауға шешім қабылдаған жағдайда әскерге жоғары дайындықта болуға бұйрық берді.