ҚОСТАНАЙ. 1 мамыр. Қостанай қаласының орталық алаңында 1 Мамыр мерекесіне орай түрлі ұлттар музыкалық аспаптарының көрмесі өтті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Көрмеге Қостанай облысындағы 18 этномәдени бірлестіктері өз ұлтының музыкалық аспаптарын қойды. Онда қазақтың домбырасы мен қобызы, шаңқобызы, сыбызғысы, орыстың балалайкасы мен дамбрасы, сырнайы, татардың сырнайы, башқұрттың сыбызғысы секілді көптеген аспаптарды тамашалауға болады.
Әзірбайжан этномәдени бірлестігі жастар қанатының төрайымы Зүлфия Нәбиева: «Облыстық Достық үйінің 1 Мамыр мерекесіне орай түрлі ұлттар музыкалық аспабының көрмесін ұйымдастыруы дұрыс шешім болды. Қостанайлықтар әр асапапты қызықтап ғана қоймай оның үнін естігісі келеді. Мұның барлығының танымдық жағы да маңызды» деді. Орталық алаңда орыс, қазақ халық аспаптар ансамбльдері түрлі ұлттардың шығармаларын орындады.
Қостанай қаласының тұрғыны Күләйша Жуаспаева: «Түрлі ұлттардың музыкалық аспаптарын тамашаладым. Мен көрмеген аспаптар да бар екен. Қырғыздың қомызын қырғыз балаға ойнатып, біраз тыңдадым. Корей халқының самульнори аспабын қостанайлық қыздар арнайы Астанаға барып үйреніп келіпті. Өте әдемі ойнады. Достығымыз, осындай бірлігіміз жараса берсін» деді.
Адамдар бірін бірі білген сайын олардың достығы, бірлігі артады. Ұлттардың музыкалық аспаптары көрмесі соған қызмет етеді. Мұны мерекені ұйымдастырудың басында жүрген облыстық мәдениет басқармасының басшысы Лариса Сероус та қостады.
Лариса Сероус: «Биылғы мереке Қазқстан халқы ассамблеясының 20, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70, Қазақ хандығының 550 жылдығымен тұстас келді. Сондықтан біз көшеде тек тамақ, сауда ұйымдастырмай, мерекенің танымдық жағына көп көңіл бөлдік. Қазақстанда тұратын этностардың ұлттық музыкалық аспаптарының көрмесі соның айғағы. Мерекеге келгендер әр аспаптың табиғи дауысын естуді қалайтынын айтады. Этномәдени бірлестіктер мүшелері қолынан келгенше аспаптарда ойнап берді. Мұның барлығы ұлттар достығын нығайтады» деді.
Нәзира Жәрімбетова.
Дерек, сурет: egemen.kz