Қоғамды толғандырған мәселеге орай Премьер-министр Олжас Бектенов жауап беріп, қазіргі кезде әлемде дамып жатқан елдердің табиғи уақыт белдеуіне көшуге ұмтылысы туралы айтқан болатын. Үкімет басшысы атап өткендей, Қазақстан үшін табиғи уақыт белдеуі – UТC+5 күн цикліне сәйкес келеді. Бұрын UТC+6 директивалық тәртіпте табиғи емес белдеуге ауыстырылған. Егер өңірлерде қандай да бір қолайсыздықтар туындаса, еңбек заңнамасы аясында реттелетін болады.
Еліміздің, сондай-ақ шетел ғалымдарының зерттеулеріне сүйеніп қабылданған шешімді әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті биофизика, биомедицина және нейроғылым кафедрасының профессоры, биология ғылымдарының докторы, елімізде хронобиология мектебінің негізін қалаған Сұлтан Төлеуханұлы толық қолдайтынын айтады. Осы мәселеге орай нақты тұжырымдарын ел Үкіметіне жолдағанын атап өткен профессордың пікірінше, кейінгі 100 жылға жуық «ұрланған уақыт» белдеуін пайдаланып келгенбіз. Оның басты себебі, өткен ғасырдың 30-жылдары әкімшілік шешіммен Уақыт декретіне өзгерістер енген. Осыған байланысты табиғи уақыт белдеуінен қашықтап, табиғи емес, субъективті әкімшілік құжат негіздегі мобильді жүйесін қолданылып кеткен.
– Табиғат заңдылығына қарсы шығу, оны өзгерту үшін әкімшілік, әлеуметтік тәсілдерді қолдану еш негізсіз. Көрші Ресей «ұрланған» уақытты 2015 жылы қайтарып алды. Әлемнің ешбір елінде дәл біздегідей уақыт белдеуі соншалықты дау туғызған жоқ. Ендігі кезекте дүние жүзінің барлық еліндегідей, қазіргі уақыт белдеуіне сәйкес күннің шығуы мен батуын тұрғындар өз қалауына қарай ыңғайлап, жұмыс режімін жүйелеп алуға тиіс. Мысалы, Испания елінде таңғы төртте арайлап таң атады. Соған қарай жұмыс ертемен жетіде басталып, күндізгі сағат 2-3-ке қарай аяқталады. Ал бос уақыт әркімнің өз еншісінде. Әлемдегі жер көлемі жағынан бізден үш есе үлкен Қытайдың өзі бір уақыт белдеуімен өмір сүріп жатыр. Оңтүстік Корея, Жапонияда жұмыс таңғы 8-де басталады. Кең байтақ жердің иесі қазақ халқы да табиғи уақыт белдеуін тиімді пайдалана отырып, иен байлығының берекесін көріп, ұзақ жасайтын ұлттар көшінен қалмауға тиіс. Оған UTC+5 уақыт белдеуінің тигізер пайдасы мол», дейді профессор.
Адамзат биологиялық тіршілік иесі ғана емес, сонымен бірге әлеуметтік топқа жатады. Бірі жұмыс істеу үшін түнді қолайлы көрсе, енді бірі күндізді, тіптен түн ауа ұйықтауды қалыптастырып алғандар бар. Әрине, уақытты әркім өз қолайына қарай пайдалануға қақылы. Осы орайда профессор Сұлтан Төлеуханұлы адамдарды «бозторғайлар», «үкілер» және «кептерлер» деп үш хронотипке бөліп қарастыра келіп, күн мен түн – тіршілік иелерінің нұсқаушы» дегенге дәлел келтірді. Көп жағдайда қоғамның назары табиғатқа, тіршілік атаулының өмірін бақылауға ауа бермейді. Мысалы, бозторғай табиғаттың заңына қайшы келмейтін болса, үкі – түн құсы. Бозторғай күнмен бірге оянып, таң бозара көкке самғайды. Күн шапағымен өсімдік те түрленеді, құрт-құмырсқа да тіршілігін бастайды. Міне, табиғаттың көзге көріне бермейтін құпиясы осында жатса керек. Сол сияқты адамзат та тіршілік иесі ретінде осы заңдылыққа бағынуға тиіс.
Профессор атап өткендей, қазір қалалар ұлғайып, адамдар табыс табудың қарекетімен кетті. Демалуға да уақыттары қалмайды. Бизнес саласында тіптен 24 сағат жұмыс істейтіндер бар. Кештетіп тойға барады, кафелерде тыныққанды жөн көретіндер де жоқ емес. Көптеген ел тәжірибесінде той да, салтанатты шаралар да күндізгі уақытта өтеді. Сол үшін табиғи уақыт белдеуін дұрыс пайдаланып, жұмыс режімін жаңа уақыт белдеуіне қарай икемдеу қажет. Ал бұзылған ырғақты қалпына келтіру, тәнге қуат береді. Табиғатпен бірге ұйқыға кетіп, табиғатпен бірге оянуды дағдыландырсақ, ерте жастағы өлім-жітім, жүрек-қан тамырлары, қант диабеті, иммундық жүйенің әлсіреуі сияқты көптеген аурудың алдын алып, экономикалық тұрғыдан әлеуетті елге айналар едік.
Дереккөздерге сүйенсек, америкалық ғалымдар Джеффри Холл, Майкл Розбаш және Майкл Янг 2017 жылы тәуліктік ырғақты басқаратын молекулалық механизмдерді анықтағаны үшін медицина және физиология бойынша Нобель сыйлығына ие болғаны белгілі. Ғалымдар биологиялық ырғақты басқаратын генді анықтады. Олар бұл геннің түнде жасушада жиналатын, содан кейін күні бойы ыдырайтын ақуызды кодтайтынын көрсетті. Ғалымдар идеалды дәлдікпен біздің ішкі сағатымыз физиологиямызды күннің мүлдем басқа фазаларына бейімдейтінін анықтады. Сағат мінез-құлық, гормон деңгейі, ұйқы, дене температурасы және метаболизм сияқты маңызды функцияларды реттейді. Биологиялық ырғақтар біздің сыртқы ортамыз бен осы ішкі биологиялық сағаттар арасында уақытша сәйкессіздік болған кезде, мысалы, бірнеше уақыт белдеулерін аралаған кезде адасатынын дәлелдеді. Нобель сыйлығы иегерлерінің осы жетістігін назарға ала отырып, профессор Сұлтан Төлеуханұлы қолданыстағы табиғи уақыт белдеуінің денсаулыққа тигізер әсері мол екеніне көптеген дәлел келтірді.
– Оның пайдасы ертеректе хронобиология ғылымымен дәлелденіп қойған. Кейінгі жылдары уақытты ұтымды пайдаланбау салдарынан сырқаттың түр-түрі белең алып барады. Халқымыз өмір бақи табиғатпен үндестікте өмір сүрген. Уақытын жұлдызға қарап, жаңа атқан күнге қарап бағыт-бағдарын, тіршілік көзін бағамдаған. Медицина тілімен айтқанда, адам ағзасына қажетті, қуат беретін мелотанин гормоны күн батқаннан бастап таң атқанға дейін синтезделетінін ескерсек, табиғи уақыт сандары осы реттілікті білдіреді. Реттілік дегеніміз – ырғақ, ал ырғақ – еркін әрі сапалы қуат көзі. Ырғақ бұзылған жерде сапа да, күш те болмайды. Сапа, күш болмаған соң денсаулық туралы сөз қозғаудың өзі артық, – дейді ғалым.
Табиғат заңдылығы бойынша қыста түн ұзарып, күн қысқарады, ал жазда керісінше, күн ұзарып, түн қысқарады. Мұны табиғат өзі теңдеп, жыл бойы реттеп отырады. Бұл айырмашылық 1 минут 15 сеундты құрайды. Осы бағыттағы ғылыми тұжырымдарды кейінгі 20 жылда үздіксіз жариялап жүрген ғалым елімізде және шетелдерде ырғақтарды зерттейтін жаңа бағыттар пайда болып жатқанын алға тартты.
Сұлтан Төлеуханұлы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің биофизика факультетінің алғашқы түлегі. Өткен ғасырдың 90-жылдарының орта шенінде уақыт белдеуінің үйлесімдісізігі туралы факультет ғалымдары зерттеу жасап, мақалалар жариялады. Өкінішке қарай, генетикалық жүйемізде қалыптасқан, қанымызға сіңіп, әдетімізге айналған қалыпты өмір тіршілігін зерттеуде заманауи приборлардың жеткіліксіздігі көптеген зерттеуге қолбайлау болған. Бірақ соған қарамастан, сол жылдарда Сұлтан Төлеуханұлы кафедраның алғашқы аспиранты ретінде ғарышқа спутник жіберіп, оны дәлелдеуге тырысқан.
Хронобиология зертханасы алғаш ҚазҰУ-да ашылған болатын. Кезінде бұл саланың елімізде қолға алынуына медицина саласы мамандарының көмегі көп болды, дейді профессор. Солардың бірі – Ақтөбе медицина институтында жұмыс істеген медицина ғылымдарының докторы, профессор Рина Заславская. Сонымен бірге Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты зертхана меңгерушісі Михаил Ефимов, Галина Василиева зертхана ашты. Көп ұзамай зертхана жабылып, Михаил Ефимов Америкаға кетіп қалды. Бұл бағыт Германия, Франция, Жапония, Америкада әлдеқашан дамып кеткен. Ал біздің елімізде ғылымның үлкен бір саласы ретінде хронобиология, хрономедицина Ақтөбеде, Астанада, басқа да медициналық университеттерде енді-енді қолға алынып, оқытылып жатыр. Ол биожүйелерді, өте күрделі, қиын саланы зерттейді. Ұшақтың жылдамдығынан да жоғары жылдамдықты зерттейді. Қазір бұл ғылым елімізде жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Бұрын статистика және белгілі бір эксперименттерге қарап болжам айтылып келген болса, қазір биожүйелерді динамикалық деңгейде зерттеу мүмкіндігі артты.
«Өз басым шетелге алғаш 1994 жылы шықтым. Бұл – егемендіктің бізге берген үлкен мүмкіндігі. Ашық жүйе өсіп, дамуға бейім десек, қазіргі кезде озық елдер тәжірибесін үйреніп, ғылымның бағыттарын дамытып жатырмыз», деген ғалым ендігі бағыт заманауи зертханалар, жаңа технологиялардың мүмкіншілігін кеңінен пайдалану қажеттігін айтады. Сонымен қатар Мемлекет басшысының қолдауымен дамып келе жатқан ғылым саласы, Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы қолға алып отырған жаңа бағыттар, жас ғалымдарды шетелге жіберіп, озық тәжірибелерді үйрену мүмкіндігі туралы пікірін білдірді.
АЛМАТЫ