Сурет: gov.kz
Министрлік таратқан ақпаратқа сүйенсек, «Әділетті Қазақстан: құқық тәртібі, экономикалық өсу, қоғамдық оптимизм: ЖОО-дың әлеуметтік қорғау жүйесінің кадрлық әлеуетін арттыруға қосқан үлесі» тақырыбындағы талқылауда әлеуметтік қорғау жүйесінің кадрлық әлеуетін арттыруға университеттердің үлесін күшейту жөніндегі стратегиялық бағыттар мен практикалық шаралар ортаға салынды.
Жиында сөз алған Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек әлемде «инклюзия» ұғымы қайта қарастырылып жатқанын атап өтті. «Бұл – тек кедергісіз ортаны құру ғана емес, физикалық мүмкіндіктері жоқ кез келген адамды немесе басқа шектеулері бар адамдарды қосу. Дүниежүзілік банктің жобасы аясында біз педагогикалық университеттердің барлық оқу бағдарламасын фин серіктестерінің көмегімен қайта қарадық. Мұнда 30 жаңа оқу бағдарламасы әзірленді, инклюзия негізгі қағидат болып тұр. Мұғалімдердің жалпы массасын бөлек дайындаудың орнына, біз әр мұғалім инклюзияның не екенін түсініп, сертификатталуы үшін бәрін бірдей дайындауды шештік. Осы жоба аясында 25 университет арнайы кабинеттермен және зерттеу кешендерімен жабдықталды», деді министр.
Қатысушылар әлеуметтік жұмыс бойынша инновациялық кадрларды даярлау проблемаларын, университеттердің қатысуымен әлеуметтік қорғау қызметкерлеріне үздіксіз білім берудің өзекті мәселелерін, сондай-ақ жұмыс берушілердің әлеуметтік жұмыс саласындағы болашақ мамандардың құзыреттерін қалыптастыруға қосқан үлесін талқылады.
Ал Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов: «Біздің жоғары оқу орнында Әлеуметтік жұмыс жөніндегі білім бағдарламаларын белсенді дамытып келеді. Түлектеріміздің терең кәсіби білімге ие болуына ғана емес, сонымен қатар олардың кәсіби қызмет саласында туындайтын практикалық мәселелерді шешуге дайын болуын қамтамасыз етуге тырысамыз. Білім беру үдерісі аясында біз әлеуметтік жұмыс бойынша әлемдік тәжірибені зерделеуге және инновациялық тәсілдерді енгізуге көп көңіл бөлеміз», деп атап өтті. Ректордың айтуынша, ЕҰУ Әлеуметтік жұмыс теориясы мен тәжірибесінің үздік стандарттарын енгізуге бағытталған Франкфурт және Шанхай университеттерімен SOLID халықаралық ғылыми жобасын жүзеге асырып келеді. Университет ғалымдары цифрлық шешімдер арқылы халықтың осал топтарының мәселелерін шешуге арналған «Цифрлық трансформация жағдайындағы қазақстандық қоғам: перспективалар мен тәуекелдер» атты ауқымды жобаға қатысып жатыр. Сонымен қатар ЕҰУ мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бірлесіп әлеуметтік саясатты қолдауға, оның тиімділігін арттыруға бағытталған кәсіби стандарттар мен білім беру бастамаларын әзірлеп отыр.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев әлеуметтік жұмыс жүйесін дамытудың негізгі векторларына тоқталды. «Бүгінде Қазақстанда 35 мыңнан аса әлеуметтік қызметкер жұмыс істейді. Әлеуметтік қызметкерлердің тек 12% ғана – мамандандырылған білімге ие. Бұл олардың белсенді даярлығы мен жаңа мамандардың қажеттілігін көрсетеді. Кадрлардың сапасын арттыру үшін биыл халықаралық стандарттарды ескере отырып, кәсіби стандарттар әзірленді. Биыл 8,5 мыңнан көп әлеуметтік қызметкер мамандандырылған оқудан өтті. Келесі жылдан бастап әлеуметтік сала мамандары еліміздің 14 жоғары оқу орнында қайта даярлаудан және біліктілігін арттырудан өте алады. Біз Еуразия ұлттық университетімен де меморандумға отырдық», деді вице-министр.
Кездесу барысында бірқатар мамандар мен сарапшылар сөз сөйлеп, баяндамалар жасады. Соның бірі ЕҰУ-дың әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Ләзат Төлегенқызы университеттің әлеуметтік қызметкерлерді даярлаудағы инновациялық әлеуеті жөнінде айтты. Ал астаналық балалар мен отбасын қолдау орталығының басшысы Мария Шубина білім бағдарламалары түлектерінің әлеуметтік жұмыстағы құзыреттілігіне жұмыс берушінің күтуі мен қосатын үлесі туралы ақпаратты бөлісті. ЕҰУ цифрлық даму секторының менеджері Алтынбек Зұлхажав көру қабілеті нашар адамдарға арналған «Инклюзивті гид» навигациялық жүйесін таныстырды. Қатысушылар сондай-ақ Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ инклюзивті қолдау орталығының жұмысымен танысты және кеңейтілген отырыс аясында дөңгелек үстел өтті.