Қоғам • Кеше

Академик Ақай Нүсіпбеков тағылымы

86 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жуырда елімізге белгілі тарихшы ғалымдар Шымкент қаласына Алматыдан арнайы ат басын бұрды. Түсін түстеп айтар болсақ, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Зиябек Қабылдинов және аталған инс­титут директорының қоғаммен байланыс жөніндегі орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Әуезхан Шашаев еді.

Академик Ақай Нүсіпбеков тағылымы

Ел тарихының түгенделуіне өздерінің сүбелі еңбектерін қосып келе жатқан екі тарихшымыздың бұл жолғы Шымкент қаласына бет бұруы да жайдан-жай емес екен. М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті кол­леджіне келіп, оқу ордасының оқы­ту­­шыларымен жүздесті.

Тарих ғылымы жайында терең­нен сөз қозғап, рухани әңгі­ме­­лердің тиегін ағытқан Зиябек Қабылдинов мұндай кездесулер көбінесе университеттерде өтіп, колледждерде көп бола бермейтінін ескеріп, арнайы келіп тұрғанын да жасырмады. Сонымен қатар білікті мамандардың да көбінің алғашқы білім нәрін колледжден алғанын да айтты.

Бұл кездесудегі көңіл қуантар жағдайдың бірі – 1956–1982 жылдар аралығында Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтында тарих ғылымының жандану жолында 26 жыл елеулі еңбек еткен Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі және вице-президенті, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ақай Нүсіпбековтің 115 жылдығына орай дайындалған V томдық еңбектер жинағының тұсауы кесілді. Алматыдан келген қонақтарымыз бұл V томдыққа енген Ақай Нүсіпбековтің еңбектері жайында колледж ұжымына то­лық таныстырып, оқу орнына сыйға тартқандығы барша оқыту­шылар үшін бір мерейлі кездесу екендігі анық.

Әуезхан Шашаев колледж ұжымына түсінікті болуы үшін Ақай Нүсіпбековтің өміріне кеңі­нен тоқталып, бұл бес том­дық еңбектің дайындалуы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты ұжы­мы­ның түгелдей жұмылуы­мен істелген шаруа екенін жеткізді. Со­нымен қа­тар ел үшін еңбек еткен А.Нүсіпбековтей ерен тұлғаны ұлық­тау айтулы институттың дәс­түрлі жолы екенін айта келіп, 2019 жылы А.Нүсіпбеков атын­дағы мемориал­ды кабинет ашыл­ған­дығын, жыл өткен сайын ға­лым­ның ғылы­ми мұраларын жаңа қы­рынан зерттеу жұмыстары мен кон­ферен­ция­лар жиі болып тұра­ты­нын баян­дады.

Кездесуде колледж ұжымын тағы бір серпілткен – Зиябек Қабылдиновтың құттықтау сөзі болды. Яғни Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты барлық облыспен, өңірмен тығыз байланыста бола отырып, әсіресе ел тарихының толықтануына, жандануына жүйелі жұмыс жасау үшін әр облыстардан институттың өкілдіктерін сайлайтындығын ұғындырды. Сондай-ақ Түркістан облысы, Шымкент қаласындағы өкілі ретінде тарих ғылымдарының докторы, профессор Сейдехан Әлібек тағайындалғанын хабарлап, қолына куәлік табыс етті.

Сөз соңында бүгінгі кездесуді қорыта отырып, әрі өзіне жүк­телген міндетті ойдағыдай атқара­тынына сенімділік білдірген колледж басшысы Сейдехан Әлібек «Тарихын білмеген ел – тамырсыз ағаш секілді» деген нақыл сөздің тегін айтылмағанын, сондықтан да әр саланың, әр адамның болсын, бәрінің де тарихқа қатысы бар екенін тілге тиек етті. Ел тарихын жинақтау жолында барлы­ғы­мыздың, әсіресе тарихшы маман­­­дар­дың жемісті жұмыс істеуі керек екенін, өзі басқарып отыр­ған колледж ұжымының бұ­дан кейін ір­гелі институтпен жа­­қын байла­ныста болып, жүйелі жұ­­мыс жүр­гізетінін жеткізді.

 

Нұрлыбек Досыбай,

М.Әуезов атындағы ОҚУ колледжінің аға оқытушысы