Зерде • Кеше

Рухани және ғылыми-техникалық күш бірлігінің маңызы

113 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Алаш алыптарының бірі Мұстафа Шоқай тоғыз тілде жазылған мол шығармашылық мұрасымен қатар тәуелсіз ұлттық мемлекет туралы ой-идеясымен әлемге танылған еді. Өйткені Тәуелсіздік қайсар тұлғаның асқақ арманы да, асыл мұраты да болды.

Рухани және ғылыми-техникалық күш бірлігінің маңызы

Кеңестік жүйе Түркістан мұқ­тариятын құлатқаннан соң ше­телге, Францияға жетісімен Мұстафа Шоқай Түркістан өлкелік мұ­сыл­мандардың орталық кеңесінде сол кез­дегі саяси жағдайға байланысты қызу пікір­талас туғанда өзі қолдаған мемлекеттіліктің автономиялық формасын ысырып қойып, алға тәуелсіздік идеясын ұсынды. Бұл туралы 1923 жылы Париждегі «Orient et Occident» журналында жарық көрген тұңғыш француз тіліндегі «Ресей саясаты және Түркістан ұлттық қозғалысы» деген мақаласында жазылды.

Бұл идеяны 1929 жылғы желтоқсан айынан 1939 жылдың тамыз айына де­йін Берлинде шығып, Түркістан ұлт-азат­­тық қозғалысының жалынды ұра­н­­шысы және асқақ туына айналған «Яш Түр­кістан» журналының алғашқы са­нын­да жарияланған «Біздің жол» атты алғашқы мақаласында Мұстафа Шоқай былайша бейнеледі: «Бiз, Түркiстан тәуелсiздiгiн жақтаушылар, елiмiздiң еркi үшiн және жұртымыз Түркiстанның бодандықтан құтылуы үшiн күресемiз. Түркiстандықтарда бұдан басқа жол жоқ. Қазiр де жоқ, бұдан соң да болмайды». Бұдан ары Түркістанның тәуелсіздігі үшін күрестің түпкі мұраты да айқындалды: «Большевиктер «Түркістан республикалары түрі – ұлттық, мазмұны – пролетарлық деседі. Ал бiздiң мұратымыз – Түркiстанда түрi жағынан да, мазмұны жағынан да ұлттық болатын мемлекеттiк құрылымға қол жеткiзу. Сонда ғана халқымыз өз жерi­нiң нағыз қожасы бола алады».

Мұстафа Шоқай тәуелсіздік үшін кү­­­рес­тің себептеріне де кеңінен тоқтал­ды. Патшалық кезеңнен басталған азат­тық үшін күрестің кеңес өкіметінің тұ­сында жалғаса түскенін, оның орыс емес өл­келерде жүргізіліп отырған ұлт­тық саясаттан туындайтынын, өлке халықта­рының бұған қарсы көтерілмеуден басқа амалының жоқтығын ескерте келе, «Түркістан ұлттық күресінің себептері мен мақсаттары» атты мақаласында: «Түр­кістан шет жұрттықтардың бұғауында қалғысы келмейді. Түркістан түріктері ұлт ретінде құл болғысы келмейді. Олар өз халықтарының мүддесі үшін, тəуелсіз ұлттық мемлекетін құру үшін күресетін болады» деген еді. Ал «Кеңестік Қазақстанның он жылдығына орай» деген мақаласында орыс отаршылдарының саясаты негізінде мұғажыр мәселесі жатқанын, сол себепті патша өкіметінің ұраны «Сібірияны нағыз орыс Сібіриясына айналдырғаны сияқты, Түркістанды да нағыз орыс Түркістанына айналдыру» болғанын былайша түсіндірді: «Бұл мақсатты жүзеге асыруға бұрыннан мәлім екі жол бар еді. Оның бірі: жергілікті халықтың материалдық және рухани өркендеуіне шек қойып, оны азып-тозып, өліп-бітуге душар ету. Екіншісі: бұл өлкеге орыс мұғажырларын көптеп әкеліп, орыс көпшілігін жасау». Патшалық Ресей бұл екі жолды да берік ұстанды.

Бұл ойлар кейін де дамытыла, кеңей­тіле түсті. «Орыс тепкісіндегі Түркістанның ұлттық қозғалыстарынан. Жеңілмес ұлт­шылдық» деген мақаласында Түркістан Мәскеуге тәуелді болып, қызыл орыстар­дың тепкісіне қарсы күрес басталғаннан бергі он жыл ішінде халықтың көптеген құрбандыққа душар болғанын ашына жазып: «Олар (орыстар  – Ә.Б.) тіпті сүйікті атамекеніміздің «Түркістан» екенін де теріске шығарып, «Орыстан» ету үшін адамгершіліктің өлшемдеріне сыймайтын ең бір шектен шыққан шараларға дейін барып отыр» деп жазды. Сол сияқты «Түркістан лениншілдеріне жауап» деген көлемді мақаласында атамекенді құтқару жолындағы күрес бірінші орынға шығып, маңдайалды міндетке айналғанын былайша бейнеледі: «Біз Түркістанның біржола және бүкілдей тәуелсіз мемлекет болуы туралы айта да, жаза да аламыз. Біз Ресейдің де немесе басқа бір шетелдіктердің де Түркістанға үстемдік жүргізуін қаламаймыз. Дәл бүгін Түр­кістан кеңестік Ресейдің тепкісінде жат­қандықтан, біздің күресіміз сол елге қар­сы бағытталып отыр». Ал 1932 жылы жазылған «Қиыр Шығыста» атты шағын ғана бір беттік мақаланың мазмұнын мы­на сөздер көтеріп тұр: «Ресей – дүние­жү­зінде ең қомағай, ешқашан тойымы жоқ мемлекет. Ол жерді қанша көп иемденсе, соншалықты араны ашыла түседі. «Тәбет тамақ үстінде ашылады» деген мақал Ресейдің осындай ашкөздігіне байланысты шыққан десе де болады. Ол әуел бастан қанағатсыз болып жаратылған».

Мұстафа Шоқай большевиктердің ұлт саясатында екіжүзділікті құрал еткенін де сынады. Олар іс басына келер алдында (17.ХI.1917) бүкіл Ресей мұсылмандары­на және түркістандықтарға өз қалауы бойынша өздерін басқару деген сарында үгіт-насихат жүргізгені белгілі. Алайда ол «қызыл сөздерге боялған» орыстың ұлттық рухына негізделген пролетариат диктатурасынан басқа ештеңе де болмай шыққан еді. Осы саясат туралы жазыл­ған «Түркістан бақытсыздығы жəне одан құтылудың жолы» атты мақаласында Мұстафа Шоқай Қоқан үкіметі большевиктер тарапынан қарулы күшпен құлатылған күннің ертесіне қарсылық пен көтерілістер басталғанын, оның ұлттық жəне саяси себебі бар екенін атап көрсетіп, кеңес өкіметінің Түркістанға жат, жау екеніне, жаңа экономикалық саясаттың отарлық езгіні бұрынғыдан бетер ауырлатып жібергеніне толып жатқан дəлел келтірді. «Орыстың патшалық мекемелері біздің ұлттық дамуымызды тежеп келген болса, большевиктер басқаруы халқымызды ұлттық сезімнен жұрдай етуге, мұндай сезімді көкірегінен біржола сылып тастауға тырысып отыр», деп жазды.

Осы сәтте қағидатты бір мәселеге назар аудара кетейік. Мұстафа Шоқай Ресейді сынағанда оны орыстардың Отаны ретінде емес, патшалық билік пен кеңестік жүйенің орталығы болғаны, олардың ұлттық саясатының әділетсіздігі үшін сынады. Халыққа қарсы емес екенін, халықты басқарып отырған басшыларға қарсы сөз­бен күресетінін айта келіп, Мұстафа Шоқай: «Біз барлық халықты құрмет­теу­ге тиіспіз. Мемлекет үшін бір халық­тың өзге халықтан айырмасы жоқ. Геогра­фия­лық жағдайымыз да Ресеймен дос­тық және бейбіт қатынаста болуымызды та­лап етеді», деп жазған болатын.

Мұстафа Шоқай тәуелсіздік үшін кү­ресті түркістандықтардың ұлттық ру­хы­­­мен, ұлтшылдық қасиетімен, ұлт­тық мәдениетімен тығыз байланыста қа­ра­ды. Мәскеудің Түркістандағы ұлттық саяса­тының мәні халықтың ұлттық сана-сезі­мін тұншықтыру, оның қандай болсын көріністеріне жол бермеу, түрікшілдік белгілерін түбірімен құрту, ұлтымыздың өзіне тән рухани әлемін суалтып, оның орнына орыс пролетариатының рухын орнатпақ болып отырғанын атап көрсетіп, сол себепті тәуелсіздік үшін күрестің тікелей ұлттық рухпен байланыстылы­ғын Мұстафа Шоқай «Большевизм – түрікшілдіктің жауы» атты мақаласында былайша бейнелеп еді: «Ұлттық рухсыз ұлт тəуелсiздiгi болуы мүмкiн бе? Тарих ондайды көрген жоқ та, бiлмейдi де. Ұлт азаттығы – ұлттық рухтың нəтижесi. Ал ұлттық рухтың өзi ұлт азаттығы мен тəуелсiздiгi аясында өсiп дамиды, жемiс бередi».

Мұстафа Шоқай Түркістанда ұлттық өкіметтің үстемдігінен басқа ешбір күшті мойындамау негізіне құрылған, халықтың өз бостандығын аңсаған ұлтшылдық идеясына «Орыс тепкісіндегі Түркістан­ның ұлттық қозғалыстарынан. Жеңілмес ұлтшылдық» атты еңбекте мынандай түсініктеме берді: «Халқымыздың мəде­ни жəне рухани жақтан қол жеткізген жетістіктерінің бəрі тек ұлтшылдық қоз­ғалысына тəн. ...Қанқұмар коммунис­тер халқымызға хайуандықпен зұлымдық істей отырып, ұлтшылдық идеясынан баз кештіре алар ма? Егер кімде кім бұл өлмес идеяны Мəскеудің күнде өзгеріп тұратын түсі сияқты деп білсе, сөзсіз қате­лескен болар еді. Ол – халқымыздың жаны мен жүрегі. Ұлтымыз өмір сүр­се, ол да бірге өмір сүреді». Келесі «Ке­рен­ский және Түркістандағы ұлттық қоз­ғалыс» атты мақаласында Мұстафа Шо­қай «ұлтшылдық» ұғымының мақсат-мә­нін былайша аша түскен еді: «Біздің мұратымыз – ұлттық тəуелсіз Түркістан. Ұлтшылдық біздің, соның ішінде менің де, саяси идеяларымыздың соңы емес, басы. Олай болса, біздің барлық іс-қимылы­мыз өз билігіміздің өз қолымызға өтуін қам­тамасыз ету тұрғысынан жасалуы керек».

Мұстафа Шоқай Түркістандағы тәуел­сіздік үшін күрестің түпкі мұраты болған ұлттық мемлекет туралы «Түркістан ұлт­тық күресінің себептері мен мақсаттары» атты мақаласында: «Түркістан түріктері ұлт ретінде құл болғысы келмейді. Олар өз халықтарының мүддесі үшін, тəуелсіз ұлттық мемлекетін құру үшін күресетін болады» деді. Осы ой ашыла және дамытыла түсіп: «Біз халқымыздың құқығы үшін, ұлттық мемлекетті құру сəтін жақындату үшін күресеміз. Біз ұлттық мемлекетімізге қол жеткенін көріп қана қоймай, оны құру істеріне де қатынасқымыз келеді. Біздің үміттеріміз бен армандарымыздың орындалуына ешқандай шүбə келтірмейміз, сонымен қатар сол бір бақытты күндер біз ой­лағандай тез жақындамауына байла­ныс­ты туған уайымымызды да жасырмай­­­мыз. Сол үшін де біз барлық күш-қуаты­мыз бен ақыл-парасатымызды атамекені­­­міз­дің азат болатын күнін жақындатуға ­бұ­дан бы­лай да жұмсай беретін боламыз» деп жазылды. Бұл сөздердің арғы жағында қаншама ойлар, қаншама сезім күйлері жатыр десеңші!

1931 жылы жазылған «Кеңестік Орта Азия федерациясынан Түркістан ұлттық тәуелсіз мемлекетіне» атты еңбегінде Мұс­тафа Шоқай орыс большевиктері Түр­кіс­танда ұлттық тұтастық пен ұлттық мем­лекеттің құрылуынан өлердей қорқа­тынын, сондықтан олар қайткен күнде де мұндай тұтастықты болдырмауға тырысатынын ескертіп: «Біздің мұратымыз – бөлінбейтін біртұтас Түркістан. Біз келешекте Түркістанымызды бөлінбес біртұтас ұлттық мемлекет түрінде көргі­міз келеді» деп жазды. Бұл ой: «Келешектегі тәуелсіз Түркістан үкіметінің ең басты міндеті – байыпты да парасатты саясат жүргізе отырып, бүкіл түрік атаулыны бір қазанда қайнатып, ақырында бір ұлы ұлттық мемлекет түзу» деген сөздермен жалғасты.

Мұстафа Шоқай Түркістанның тәуел­сіздігі үшін күрестің тактикалық әдіс-тәсілдерін де бірнеше шығармасында арнайы әңгіме етті. 1932 жылғы «Яш Түр­кістан» журналының №32 санында ба­сылған «Түркістан түрікшілдігі» деген мақа­ласында: «Түркістанның болашағы «тәуелсіз Түркістан» ұраны астында Ресей­ден бөлініп шығып, Түркістан мемлекетін құратын халық бұқарасының қолында... Біз бүгін ұлтты құтқару күресімізде, ұлттық құрылысымызда түркістандықтарды ру, ұлыстарға бөліп, іштен іріткі салатындарды Түркістан ұлтшылдық идеясы мен мұраттарының жаулары деп есептей­міз. Қазақ, қырғыз, өзбек, түркімен... – бәрі бір кісідей жұмылып Түркістанның ұлттық ұраны астына топтаспайынша, Түркістанның болашағын қамтамасыз ету мүмкін емес», деп жазды.

1917 жылдың 12-16 наурыз күндерінде Түркістан патшалық биліктің мұрагері басқа ешбір жерде болмаған орыс проле­тариатының тепкісіне түскені мәлім. Алайда патшаның құлауына байланыс­ты мүмкіндікті пайдалана алмай қалудың се­бептерін Мұстафа Шоқай ішкі бірлік­тің әлсіздігімен, жергілікті надандық­пен, көрсоқырлықпен, саяси сауатсыздық­пен түсіндірді. Осы бағытта естен шығару­ға болмайтын маңызды мәселе қатаң ескер­тіл­ді: «Біздің ұлтты құтқару жолын­дағы күре­сімізде табыстарға жетуіміз бен өз тағ­дырымызды өз қолымызға алуымыз ұлтымыздың ауызбірлігіне байланысты. Оған біздің ұлтымыз шаруа­ның жерге болған мүдделігіндей мүдделілік таны­туы керек». Сондықтан 1937 жылы жазыл­ған «Ұлттық еркіндік және азаттық жолы» деген мақаласында жалынды пуб­лицист: «Бәрiнен бұрын өз қатарымыз­ды, түркiстандық бiрлiгiмiздi күшейте­йiк» деумен шектелмей, «Түркiстанның жұдырықтай жұмылған ұлттық бiрлiгiн Ресейден айрылу үшiн күресiп келе жат­қан басқа халықтардың ұлттық май­дан­дарымен тығыз үйлестiрудің ке­рек­тігі, орыс империализмiне қарсы кү­рес майдандағылардың ұлтын, дiнiн, нәсi­лiн, партиясын тергеп-текшемейiк, ала­ламайық. Тек осындай жол ғана бiз­дi ұлт­тық азаттыққа жеткiзе алады», деп жазды. Мақала мынандай парасат­ты ойлармен түйінделген: «Біздің азаттыққа және тәуелсіздікке бастайтын ең төте және ең қысқа жол – Түркістан ұлттық майданы­ның ішкі бірлігін барынша нығайту және оны ұлт-азаттық орталықтарымен тығыз үйлестіру. Бұлай болмаған жағдайда азат­тық пен бостандық туралы сөз болуы мүм­кін емес. Төңкерістің жиырмасыншы жылында осы ақиқатты бір сәт еске алып, зердемізге мықтап түйгеніміз абзал».

Мұстафа Шоқай «1937 жыл» деген мақаласында Ресейдегі «ұлы төңкеріске» 20 жыл толғанын, содан бері халқымыздың құқығы үшін, ұлттық мемлекетті құру үшін күресіп келе жатқанын айта келіп: «Біздің үміттеріміз бен армандарымыздың орындалуына ешқандай шүбә келтірмейміз, сонымен қатар сол бір бақытты күндер біз ойлағандай тез жақындамауына байла­нысты туған уайымымызды да жасырмаймыз. Сол үшін де біз барлық күш-қуаты­мыз бен ақыл-парасатымызды ата­­мекеніміз­­дің азат болатын күнін жа­қын­датуға бұ­дан былай да жұмсай бере­тін боламыз» деді. Бұдан әрі мақалада ұлттық күрес­ке бел байлап кіріскен адамдар үшін аса қажетті қасиеттер үміт, сенім, иман еке­нін, бірақ та бұлармен бірге жеңіске жету үшін білім қуаты керектігін жа­зып еді: «Техникалық білімге ие болу, қару-жарақтарды емін-еркін қолдана білу керек. Олай болса, азаттық күреске аса қажет нәрселер – үміт, иман, сенім тәрізді рухани-моральдық факторлармен бірге ғылыми-техникалық білімнің өзара тығыз бірлігі. Азаттық күресте бұдан басқа тура әрі қысқа жол болмайтынын зердемізге тоқып, санамызға сіңіріп алғанымыз жөн», деп жазды. Автор тағы да күрескерлер­дің бірлігін маңызды фактор деп есептеп, мақаланы: «Біз барлық отандастарымызды үміт, иман, сенім тәрізді моральдық күш пен ғылыми-техника күшін бірлестіре отырып, ұлт азаттығы жолында жұдырықтай жұмылуға шақырамыз» деген сөздермен аяқтады.

Кеңестік Ресейдің үстемдігіне қарсы күш біріктірудің қажеттігін жақсы сезін­ген, бірақ мұндай күшті біріктіру қажетті деңгейде жүзеге аспай отырғаны тура­лы бұрынғы ойларын жалғастыра түс­кен «Шептерімізді біріктірейік» деген мақа­ласында Мұстафа Шоқай: «Ұйымдарымыз бытыраңқы. Араларында жүйелі байла­ныс жоқ. Іс-қимылымызды біріктіру жөнін­де мықтап ойланатын уақыт келді. Біздер – Кавказ, Украина, Түркістан, Еділ-Орал, Қырым және егеменшіл казактардың – күштерімізді біріктіріп, бір мықты ортақ ұйым құруымыз тиіс. Бұл орталыққа бі­рік­кен әрбір ұлттық ұйым өз дербестігін сақ­тай отырып, сонымен қатар орыстың большевиктік немесе большевиктік емес империалистеріне қарсы күресте біздің ұлттық бірлігімізді қамтамасыз ететін болады» деп жазды. Бұл ойлар әрі қа­рай пысықталып: «Біз, «орыс жерінен» бө­лініп тәуелсіздік үшін күресуші ұлттар, кү­шімізді біріктіріп, қатарымызды ны­ғайтайық» деген сөздермен аяқталды. Осы жылы жарық көрген келесі «Шептерімізді бірлестіру хақында» атты мақалада күшті біріктірудің, қатарды нығайтудың қажеттігі туралы ой былайша түйінделді: «Жауымыз күшті. Ол біздің барлық өмірлік мәні бар буындарымызды өз қолында ұстап отыр. ...Сол себепті біздер армандап отырған мақсатымызға жетудің бір ғана жолы бар десек, ол жол – тәуелсіздік жолындағы бар­лық күрескерлердің күш біріктіруі».

Ұлттық тәуелсіздік, ұлттық мемлекет, оларға жетудің жолдары туралы ой­ларын кеңірек түсіну үшін Мұстафа Шоқай­дың 1936 жылы Берлин радиосынан Түркiстан жастарына арнаған сөзіне арнайы тоқтағанды жөн көріп отырмыз. Таспаға жазылған, үні айқын, әрбір сөзі мірдің оғындай ондыққа дәл тиетін, идеялары жүрегің мен сезіміңді жаулап алып, ерекше күйге түсіретін бұл мәтін мынандай болатын: «Түркiстанның мақса­ты – өзінің құрылысы миллет (ұлттық – Ә.Б.) үкіметін құрып, дербес боп, өз алдына бір өкімет болып тұру. Халқы көптен бұл жұмысқа алысып, шалысып, қан төгіп, соғысып келеді. Үмiтiмiз зор, мемлекетіміздiң келешегіне иланамыз», дей келіп, келешек мемлекет үшін күрес келесідей керемет бейнелеген еді: «Біздің құбыламыз өзіміздің атажұртымыз, өлкеміз Түркістан болмақ! Түркістан үшін өлу, Түркістан үшін жан беру бәрімізге бір мақсат, бір мұхаббат уәзифа болмақ. Мұны ұмытпау керек! Түрік халқы – ба­тыр халық, түрік халқы – арыстан, ер халық». Шіркін бұл сөз әрбір қазақтың үйінде ­болып, отбасының ұлттық рухын көте­ріп тұрса, артық болмас еді.

Бұл ой-идеялардан шығар қорытын­ды – мемлекеттің ұлттық сипатын айқын­дап алмайынша, ұлттық мүддеге деген көзқарас түзелмейтіні аян. Шынайы ұлт­шылдықтың кемшін жағдайында ұлт­сыздық сана ұлттық ойлау жүйені бұзып, ұлттық танымды әлсіретуге алып келеді. Сол себепті бізге «бұл ең бірінші кімнің мемлекеті, алдымен кімнің «сойылын соғып, жыртысын жыртумыз» керек, кімнің мүддесін қорғауымыз қажет» деген тұрғыда ойланған орынды. Өйткені өркениетті елдер тәжірибесі алдымен мемлекет құраушы ұлттың идеяларын, мүдделерін шешеді. Бұл екінші жағы­нан басқа этнос өкілдерінің мәселелерін шешудің алғы шарты болмақ.

Қазақтың қуанған да, бақытқа жол ашары да 1991 жылғы 16 желтоқсанда жа­рияланған Тәуелсіздіктен бастау алады. Осы күні қабылданған «Қазақстан Рес­публикасының мемлекеттік тәуелсіз­дігі ту­ра­лы» конституциялық заңда: «Қа­зақстан Республикасы – тәуелсіз, демо­кратиялық және құқықтық мемлекет. Ол өз аумағын­да толық билікке ие, ішкі және сыртқы ­саясатты дербес анық­тайды және жүргі­зеді» деп жазылып, мемлекеттік тәуел­сіз­ді­гіміз салтанатты түрде жария­ланды. Әлемнің саяси сахнасына жаңа тұрпатты мемлекет келгені мәлім етілді. Халқы­мыз үшін бұл қайта туған, жаңарудың бас­тау алған күні еді. Сүйтіп Мұстафа Шоқай­дың шетелде жүріп: «Біз құл болып тұра ­алмаймыз. Біз ұлт-азаттығымызды ала­мыз» деген сенімі мен арманы 60 жылдан кейін шындыққа айналды.

Тәуелсіздік бізге не берді? Ең бірінші, біз сыртқы ықпалдан арылып, Ресеймен терезесі тең қарым-қатынас орнаттық. Содан соң халқымыздың бірлігі мен көп этносты Қазақстанның тұтастығы мемлекетіміздің сара саясаты болып отыр. Еліміздің саяси саралануы да, әлеуметтік ахуалының ар­туы да, экономикасының дамуы да осы парасатты пайымға тұрақты негізделіп келе­ді. Соның арқасында бүгінде Қазақстан әлемдік қауымдастықта өзіндік орны, сая­саты айқын мемлекетке айналды. Атақ­ты ақынымыз Жұбан Молдағалиевтың сөзімен айтқанда, «мың өліп, мың тірілген» қазақты дүниежүзі таныды.

Сол себепті халқымыздың бірлігі мен бір тірлігі – алда да алына берер асуымыз, шығар биігіміз, Тәуелсіздік мем­леке­тіміздің аса маңызды әлеуметтік фак­торы бола да бермек. Және ұлы ұғым Тәуелсіздік мұнымен шектелмейді, біт­пейді. Бұл жеке адам үшін мақсаттарды, міндеттерді және оларға жету әдістерін өз бетінше жоғары жауапкершілікпен анықтауды, қоғам алдында тұрған ортақ мүддені шешуде белгілі бір мінез-құлықты таңдау еркіндігін қажет етеді. Сол себепті біз ұлттық рухпен, ұлтшылдықпен, халық­тың саяси санасымен, шынайы әлеуметтік еркіндікпен, қоғамдағы демократия­лық үдеріспен, құқықтық сауаттылықпен, тағы басқа толып жатқан ұғымдармен тіке­лей тағдырлас, бағыттас, ажырамас тұтас­тықтағы «Тәуелсіздік» сөзінің аса қасиетті мәнін тереңірек әрі кеңірек түсініп жатсақ, ұтысымыз көп болар еді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қым­бат» атты мақаласында: «Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тәуел­сіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбек­пен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты тәуелсіз мем­ле­кетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетін­де сақталамыз» деп алдағы мақсат-міндеттер айқындалған еді.

Қазір еліміз ғасырлар аңсап қолы жеткен Тәуелсіздікті тұғырлы ету бағытында қажырлы еңбек етіп жатқан жағдайда бар ғұмырын өз елінің азаттығы жолына арнаған, тәуелсіз ұлттық мемлекет асыл арманы да, сергек сенімі де болған, Алаш ардақтыларының азаттық идеяларына өлшеусіз үлес қосқан Мұстафа Шоқайдай тоғыз тілде жазылған, әлі үштен екісі аударылмаған шығармашылық мұрасын түгел ана тілімізде сөйлетсек, оларды тере­ңірек зерттей, молынан игере түссек, аса мәнді рухани азық ете түсер едік.

 

Әбдіжәлел БӘКІР,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры,

саяси ғылымдар докторы