Кино • Кеше

Ұлттық кино қоржыны

57 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Былтыр Ұлттық киноны қолдау орталығының қолдауымен 17 жобаның өндірісі аяқталған еді. Атап айтсақ, «Қайрат», «Игроманка», «Капитан Байтасов», «Qaitadan», «Фейковый арман», «Мангистау – край океана Тетис», «Күн ұясына батқанда», «Үміт әрдайым жанымызда», «Шырмауық», «Осенний бриз», «Граждане крыши», «Құт», «Мы здесь живем», «Победителей видно на старте», «Здравствуй, добрый человек», «Соңғы парыз» фильмдері бар. Ал «Алан туралы аңыз» ауқымды анимациялық жоба болғандықтан осы жылы аяқталмақ.

Ұлттық кино қоржыны

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Сондай-ақ биыл питчингтен өткен 17 жобаның тү­сірілім жұмысы басталады. Олардың қатарында әлеуметтік маңызы жоғары, кең ауқымды кө­рермен аудиториясына арналған фильм­дер, оқиғалы, бірлесіп шыға­ры­латын, анимациялық, деректі және дебюттік фильмдер де бар.

Мәселен, «Кенжем қайда?» көркем туындысында кенже баланың тағды­ры баяндалып, отбасы құндылығы сурет­теледі. Аталған фильм балала­рын жалғыз өзі асырап отырған Гүл­наз­дың тағдырын қозғайды. Кино­кар­тинаның продюсері – Анар Жүнісова, Анна Чакиртова. Режиссері – Диас Құлмақов.

Түсірілім жұмысы осы жылға жос­парланған тағы бір туынды – «Ақ­желең». Махаббатқа адалдық, қазақ әйе­лінің қайраткерлігі, бауырмалдық, ана­ға деген сүйіспеншілік суреттелетін фильм нәзік бір иірімге толы болмақ. Продюсері – Бағашар Арықбаев, режиссері – Бекзат Смадияров.

Қазақ киносы тарихындағы орманшылар туралы тұңғыш жеке кинокар­тина да биыл түсіріледі. Режиссер Рашид Сүлейменовтің «38» фильмі қарапайым еңбек адамының ерлігін ашып көрсетуді мақсат етіп отыр. Сондай-ақ детектив жанрындағы «Бүр­кітші» фильмінде ауылдағы жұм­бақ жағдайдың сыры ашылады. Шы­тырман оқиғаға негізделген кинокартинаның продюсері – Мәди­на Дүйсембаева, режиссері – Қуа­ныш Стаханов.

Мюзикл жанрындағы «Ар мен сезім» картинасы да биыл түсірілмек. Туын­ды көрерменді ар-намыс қасие­тін жоғары қоюға, адалдыққа, адам­гершілікке үндейді. Жастардың бо­йына ұлттық құндылықтарды сіңіруді мақсат етіп, ұлттық мәдениетіміз бен өнерімізді насихаттайды. Қазақтың атбегілік өнерін жаңғырту, ұлттық музыкасын жаңа қырынан көрсетуге негізделген фильм болмақ. Продюсері – Бақытжан Құлжабаев, режиссері – Батырхан Дәуренбеков.

Осы жылға жоспарланған дебюттік фильмдер де киноөндіріс саласына өз даусымен, өз қолтаңбасымен келмек. Әмір Әменовтің «Сағын­дым сені», Аяна Нұрдинованың «Мұға­лім» көркем картиналары адамгер­шілік, ізгілік, ұстазға құрмет сын­ды адам­заттық мұраттарды тақырып етеді.

Сондай-ақ швейцариялық сая­хатшы, жазушы Элла Майярдың Түр­кістан даласына сапары суреттелетін Қанат Төребайдың «Туркестан-Соло» деректі фильмінің түсірілім жұмысы да өз кезегін күтіп тұр.

Балалар аудиториясына арналған контентке де ерекше мән беріліп отыр. Жанат Жайлыбайдың «Адамзатқа іздеу саламын» анимациялық фильмі жа­санды интеллектінің мүмкіндіктерін көрсетпек. Туынды кішкентай көрер­менге адамдар арасындағы жылы қа­рым-қатынасты, табиғатқа іңкәр­лік­ті көрсеткісі келеді. Ал Әміржан Қазиев­тің «Жібек» анимациялық фильмінде Шығыс пен Батыс арасындағы мәдени байланыс баяндалады.

Сондай-ақ дебюттік фильмдер қата­рында Татьяна Шишкинаның «Батыл бол» анимациясы да түсіріл­мек. Бұл фильмде тіл мәселесі қауза­лып, еліміздегі береке-бірлік сынды ұлттық ұғымдар көтеріледі.

Иә, бұл түсірілім жұмысы биыл өтетін туындылардың бір бөлігі ғана. Экранға шығатын басқа да жаңа ­фильмдер қоғамды толғандырған та­қы­­рыптарды қамтиды.