Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Өткен жылдың қорытындысы бойынша елімізде фармацевтикалық препараттар өндіру көлемі айтарлықтай ұлғайған. Мысалы, дәрі-дәрмек шығару 22,5%-ға, ақшаға шаққанда 113,5 млрд теңгеге дейін, басқа фармацевтикалық препараттар 10,9%-ға, яғни 9 млрд теңгеге дейін өсті. Соған қарамастан отандық өндірістің үлесі – ұлтарақтай ғана. Energyprom дерегінше, былтырғы сату қорытындысы бойынша отандық дәрі-дәрмек сұраныстың 18% пайызын ғана жапты.
Оның үстіне дәрі-дәрмек шығаруда жергілікті шикізат іс жүзінде пайдаланылмайды, ал әкелінген компоненттердің сапасына тиісті талаптар қойылмайды.
Мұның қатарында жылдық динамикада ұдайы қымбаттап, қалтаны тескен дәрі бағасы да жағдайды күрделендіріп жіберді. Жекелеген фармацевтикалық препараттардың бағасы елдегі инфляция деңгейінен едәуір жоғары. Мысалы, ацетилсалицил қышқылы бір жылда 48,9%-ға, белсендірілген көмір 31%-ға, «Хилак форте» пробиотигі 25%-ға, «Флемоксин Солютаб» антибиотигі 21,5%-ға қымбаттады.
Жүйелік олқылықтар, контрабанда, сертификатталмаған дәрілік заттардың нарыққа дендеп кіруі тұтастай алғанда фармакология саласына құрылымдық өзгерістер қажеттігін, өкілетті органдар арасында өзара іс-қимылды күшейтудің өзектілігін айғақтап отыр. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінен алынған соңғы мәліметтерге сәйкес, бір жылда фармацевтика саласындағы қылмыстар саны екі еседен астам өскен. Өткен жылы фармацевтикалық қызмет нормаларына қатысты, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналымы саласында 1,2 мың бұзушылық тіркелді. 1,1 мың адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұрын-соңды болмаған, азаматтардың қауіпсіздігі мен медициналық қызметтердің тиімділігіне нұқсан келтіретін деңгей (130%). Сол секілді медициналық, фармацевтикалық қызметпен айналысуға рұқсат беру құжаттарын алу кезінде көрінеу жалған мәліметтер мен ақпарат беруге қатысты 29 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Контрафактілік дәрі-дәрмек салықтар мен кедендік алымдардан түсетін бюджет түсімдерінің көлемін де айтарлықтай азайтады. Фармацевтика саласын ашық түрде жайлаған үрдіс нарыққа теріс әсер етіп қана қоймай, адамдардың өміріне, ұлт денсаулығына елеулі қауіп төндіреді.
Өткен жылы халықты дәрі-дәрмекпен, медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету бөлігінде Денсаулық сақтау министрлігі мен оның ведомстволық бағынысты ұйымдары қызметінің тиімділігіне жүргізілген аудит қорытындысы отандық өндірушілерді қолдаудың төмен деңгейіне, сапаны бақылаудағы, бағаны белгілеудегі олқылықтарға қатысты 36 жүйелік кемшіліктерді анықтады. Денсаулық сақтау саласындағы бағдарламалық құжаттардың іске асырылуын талдау фармацевтика саласын дамытуда кешенді тәсілдің жоқтығын көрсетеді. Қолдау шаралары отандық фармацевтикалық өндірісті дамытудың басым бағыттары ескерілмей, жергіліктендіру деңгейіне қарамай қабылданады. Бұдан бөлек, бірыңғай дистрибьютор жүйесінде сатып алуды сапасыз жоспарлау медициналық ұйымдардың 2,8 млрд теңге сомаға сатып алынған препараттардан бас тартуына әкелді. Нәтижесінде, 279,5 млн теңгенің препараттары жарамдылық мерзімінің өтуіне байланысты тұрып қалып, кейіннен олардың бір бөлігі есептен шығарылған. Бағаларды мемлекеттік реттеу тиісті дәрежеде жүргізілмейді. Шекті бағаларды қалыптастыру «пайызға пайыз» қағидатына сәйкес үстеме бағаны белгілеуге негізделгендіктен, бұл нормативтік түрде препараттардың құнын өндіруші зауыт бағасынан 172%-ға дейін арттыруға себеп болды.
Сонымен бірге мемлекеттік аудит баға белгілеу тетігінің кемшіліктері «СК-Фармация» ЖШС-ның жекелеген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды нарықтық бағадан 40%-365% жоғары бағамен сатып алуына әкеліп соққанын анықтады (бұл 8 млрд теңгеден асып отыр). Сатып алу рәсімдерін жүргізу кезінде ашықтық қағидатына қайшы келетін бұзушылықтар анықталды. Сөйтіп, 3 млрд теңге сомасына тіркелген баламалары болса да, «СТ-KZ» сертификатымен жергілікті қамтуды растаусыз бір көзден алу тәсілімен 182 млрд теңгеден астам дәрі-дәрмекті сатып алу жүзеге асырылды.
Жекелеген өнім берушілердің дәрі-дәрмекті сақтау нарығын монополизациялауы, бірыңғай дистрибьютерде өзінің логистикалық инфрақұрылымының болмауы логистикаға жұмсалатын шығыстардың 1,5 есе (соңғы екі жылда 6,8 млрд теңгеден 10,2 млрд теңгеге дейін) өсуіне әсер етті. Сондай-ақ Ақмола, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау облыстарының денсаулық сақтау ұйымдарына арналған дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды сақтау жедел қоймаларының болмауы логистика шығындарын ұлғайтып, төтенше жағдайлар кезінде дәрілік заттармен қамтамасыз етуге теріс әсер етуі мүмкін. Тариф белгілеу саясатының ойластырылмауы, логистика, есепке алу, шығыстарды бақылау үдерістеріндегі автоматтандыру деңгейінің төмендігі 17,2 млрд теңге экономикалық шығындарға, 538 млн теңге сома қаражатты артық төлеуге әкеп соққан, оның 220 млн теңгесі қалпына келтірілді.
Нарықты контрафактіден тазартуға өткен жылғы шілдеден бастап елімізде енгізілген барлық дәрілік препараттарды міндетті таңбалау көмектесуге тиіс. Таңбалау дәрі-дәрмектің дәлдігі мен сапасына кепілдік беріп, жүйеде тауардың бүкіл жолын көрсетеді. Шара ықпалы сонымен қатар бюджет түсімдерінің азаюы, жергілікті кәсіпкерлер үшін мүмкіндіктің тарылуы сынды жағымсыз салдармен күресуде байқалмақ. Соңында таңбалау жүйесі мемлекеттік медициналық бағдарламалар мен МӘМС шеңберінде пайдаланылатындарды қоса алғанда, дәрі-дәрмектің заңсыз саудасын тоқтатуға, халық денсаулығын қорғау мен дәрі-дәрмек бағасын реттеуге ықпал ететініне үміт зор.