Фото: Ақорда
Президентке ұлттық компанияның былтыр атқарған жұмысы жөнінде есеп берілді. Асхат Хасеновтің айтуынша, «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобы өткен жылы мұнай және конденсат өндіру көлемін 23,8 миллион тоннаға жеткізді. Бұл – 2023 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,3 пайызға артық. Мұнай өндіру деңгейін сақтап тұру үшін Технологиялық сын-қатерлер бағдарламасы іске асырылып жатыр. Жоба әрбір кен орнындағы мұнай өндіру көлемін арттыруда сараланған әдістерді қолдануды қарастырады.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қаламқас-теңіз жобасын жобалау басталғаны жөнінде баяндалды. Оның құны құны 6,4 миллиард долларды құрайды. Былтыр Торғай Палеозой, Қаратон Подсолевой, Қаражар және Тайсойған ұңғымаларында бұрғылау жұмыстары басталды. Олардың мұнай қоры 800 миллион тоннадан асады.
Мемлекет басшысына былтыр мұнай тасымалдау көлемі 2023 жылмен салыстырғанда 4 пайызға артып, 83,6 миллион тоннаны құрағаны жайында айтылды.
2024 жылы отандық мұнай өңдеу зауыттарында 17,44 миллион тонна мұнай өңделді. Ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін жеңіл мұнай өнімдері өндірісін 2023 жылмен салыстырғанда 370 мың тоннаға ұлғайту шаралары қабылданды.
«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасының айтуынша, «CASPI BITUM» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде битум өндірісін жылына 750 мың тоннаға дейін арттыру бойынша жоба қолға алынды. Полиэтилен өндіретін зауыттың құрылыс жұмыстары басталды. Құны 7,4 миллиард долларға бағаланған кәсіпорын жылына 1 миллион 250 мың тонна өнім шығара алады.
Маңғыстау облысында су тұшыту зауыты салынып жатыр. Бұл кәсіпорын Жаңаөзен қаласының тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ қуаты 247 МВт болатын гибридті электр станциясының құрылысы жүргізілуде.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаевқа өңірлердегі әлеуметтік жобаларды іске асыру туралы да баяндалды.
Кездесу соңында Президент геологиялық барлау жүргізуге, ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға және мұнай-газ химиясын дамытуға қатысты жұмысты жүйелі жалғастыруды тапсырды.