Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Жуырда Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесі жиын өткізіп, онда ас беріп, жаназа шығаруды бір ізге түсіру жөні талқыға салынды. Облыс ардагерлері, дін өкілдері мен қоғам белсенділері қатысқан жиында тақырыпқа орай ұсыныс-пікір айтқандар көп болды.
«Ас берудің мәдениеті» атты алқа отырысында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев ас беруде артық кетіп жатқан тұстарымызды айтып өтті. Тіпті қазалы үйдің қазанын аңдып, жақынынан айырылып қайғыға батқан үйде жайылған дастарқан басында кеу-кеулесіп отыратындардың көбеюі әдетке айналып барады. Мұндайда алыстан келген туыстары мен марқұмның ет жақын ағайыны ғана қалып, ас үстінде алдағы шаруаны ақылдасар болар еді. Қазір бұл қазалы үйден қарын тойдырудың қамына айналып кеткен.
«Марқұмның жетісі, қырқы мен жүзі секілді рәсімдерде де дастарқанға құстың сүтінен басқаның бәрін қойып, мейрамханаларда атап өту көбейіп барады. «Өлім бардың малын шашатынын» жақсы білеміз. Сонда да қолында бар азаматтар ысыраптан тыйылып, осындай рәсімдерде артық шығыннан арылса деген тілегіміз бар. Әйтпесе дәл қазір «Аттыға еріп, жаяудың таңы айырылыпты» дегенге келіп тұрмыз. Марқұмды ақырет сапарына аттандыру, оның жөн-жоралғысын жасау сауаптан гөрі артық салмаққа айналып барады. Жұртты ас берудің рухани мәніне назар қойып, қарапайымдылық қағидаттарынан аттамауға үгіттеуде қоғам қолдауы аса қажет», деді кеңес төрағасы.
Облыстың бас имамы Дастан Құрманбаев жаназа мен жерлеу рәсімдерінен бөлек, зират және зиярат мәдениетін қалыптастырудың маңызы туралы айтты. Жаназа үстінде келгендерге ақша, орамал таратып, әр атаға бір шапан жабу да көңілге сыймайды.
Жиында пікір білдірген облыстың белгілі азаматы Қалқазбек Әжібеков осындай әдеттің өршіп бара жатқанына қынжылыс білдірді. «Бәленше әкесінің қырқына жылқы сойды, біз де содан қалмауымыз керек» деген бәсеке қоңыр тірлігі бар талай шаңырақты қарыз батпағына батырып болды. Мейрамханада аталып өткен ас беруден кейін қоқыс жәшігіне тасталатын нан обалын да ойлаудан қалып барамыз. Өзіміздің арамызда ұлты басқа болғанмен діні бір ағайынның ортасында мұндай дарақылық жоқ. Оларда үш күнге дейін қазалы үйде қазан көтерілмейді. Бір берекесіз бәйгенің соңында жүрген – біз ғана. Бұған бәлкім өлі разы болар, бірақ тірінің байып кетуі күмәнді», дейді ардагер.
Ұзақ жыл елге қызмет істеген ақсақал Қорғанбек Қайруллаев та ортақ мәселеге орай ұсыныс білдірді. Ардагер қазір той мен қазада шапан жабу арқылы құрметтің құнын әбден құлдыратып алғанымызды айтады.
«Біздің бала кезімізде жүздің біріне ғана шапан жабылатын еді. Ондай құрметке қолы жеткендер кемде-кем болатын. Қазір сол қасиеттің құнын түсіріп алдық. Әр үйде кемінде он шақтысы жатыр. Жұрттың құрметін көпсінгендей болмайық, бірақ тойға қатар барған 10 адамның бесеуі үйіне шапан арқалап қайтатынын көріп жүрміз. Оның қымбатын да, арзанын да көшеге киіп жатқан ешкімді тағы байқамайсың. Елдің ортасында өскесін жасы келген кісілер қайтқанда киген киімін тәбәрік деп алып жатқанын талай көрдік. Қазір марқұм болған жан тірісінде иығына ілмеген су жаңа киімдерді сатып алып, тарататынын байқап жүрміз. Біздікі осы не тыраштық?» дейді ақсақал.
Аталған кеңесте ұсыныс-пікір айтқандар жыртыс таратудан бұрын хабар жеткізу құралы ретінде қолданылғанымен, қазір бұл рәсім маңызын жоғалтқанын айтады. Қазіргі заманғы жыртыс – тек жарыс пен ысырап. Қаралы үйге бұл артық шығын әкелетін осы құбылыс марқұмға ешқандай сауап қоспайтынын ұмытпауымыз керек. Қыршын кеткен азаматтар үшін үй тігіп, мол дастарқан жаюды ойламай, қаралы отбасына рухани қолдау көрсеткен жөн.
Жиын қорытындысымен ардагерлер кеңесі мен ҚМДБ облыс бойынша өкілдігінің бірлескен үндеуі жарияланды. Ардагерлердің бұл бастамасы елді шектен тыс ысырапшылдықтан арылтып, ас беру рәсімдерінің түпкі мәнін сақтауға бағытталып отыр.
Қызылорда