ПАВЛОДАР. 1 мамыр Ел бірлігі күні мерекесі ,міне, осындай тақырыпқа арналды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Күн де жылынды. Айнала құлпырып жайнап тұр. Әсем әуендер шалықтап, бүкіл қаланы мерекелік көңіл-күй думанға бөлеп тұр.
Ал, осыдан бір күн бұрын облыс орталығындағы Достық үйінде облыс әкімі Қанат Бозымбаев өңірдің этно-мәдени бірлестіктерінің басшыларына арнайы гранттар табыс етті. Бірлік күні мерекесіне орай құрамында мордова, удмурт, коми-пермяцк, марий, венгр ұлт өкілдері бар Фин-угор этномәдени орталығы ашылды. Удмуртиядан қонақтар келіп, этно мәдени бірлестік ашылуына орай, алаң ортасында толқи сөз сөйледі. Осы жақсы жаңалықтардың соңы бүгін қала тұрғындары, қонақтары орталық алаң мен Ертіс өзені жағалауында, қалалық мәдениет және демалыс саябағында жалғасып, қызыққа толы думанды мерекелік шараларға толы болды.
Мерекенің «Тілегіміз – татулық, тірегіміз – тұрақтылық» тақырыбына сай экран арқылы арнайы жасалған мерекелік журнал парақтары ашылды. Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай этномәдени бірлестіктер және қала жастарының қатысуымен театрландырылған қойылым, этномәдени бірлестіктердің концерті және Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның концерттік бағдарламасы ұсынылды. Орталық алаңда халық көп. Облыс басшылығы, соғыс және еңбек ардагерлері құттықтау сөздерін арнауда. Мерекенің сән салтанатын қызықтаған үлкендер, ән шырқап, би билеп қуанышты жастар, қызық жасыл шарлар көтерген кішкентай бөбектер-айнала думан сәнін келтіреді.
Сағат түскі 12.00-де орталық алаңда этномәдени бірлестіктердің қолданбалы шығармашылық және дәстүрлі аспаздық «Этноқалашық» шеберлік көрмесі өтті. Балалар үшін Шапито циркінің мерекелік бағдарламасы, экзотикалық жануарлар мен хайуандардың зоопаркі ашылды. Жағалауда спорттық ойын-сауық бағдарламасы қызса, «Татулықтың тұтқасы, бірліктің бесігі», - қалалық мәдени сауық орталығы мен балалар шығармашылық және тәрбие орталығы ұйымдарының «Бейбіт болсын болашақ» мерекелік концерттік бағдарламасымен жарасым тапты.
Фарида Бықай.
Дерек: egemen.kz
Сурет: Валерий Бугаев.