18 Маусым, 2015

Ашықтық жемқорлықтан сақтандырады

407 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
Жогары сот Әділ болу оңай емес дейді. Ал әділ шешім айта алу одан да қиын екені сөзсіз. Кедейбай, бай құдай болсам деп біреуді біреу алдап, ебін тауып таптап өтуге айналған шақта адалдықтан тайынбаймын дейтін адамның болуы мүмкін бе? Оның үстіне әркім тек қара басының қамын ойлап, жеке басының байлығын арын сатып күйттеген заманда өзгенің жайы үшін әділдік айтуекінің бірінің қолынан келе ме? Алайда, солай бола тұрса да араша сұрағандарға қол ұшын береміз, әділдіктің ақ туын желбіретеміз, сөйтіп, адалдықтың әлі де бар екенін баршаға аян етеміз дейтін жандардың бар екені де жасырын емес. Ондай жандар көп емес, бірақ сөзі мен ісіне қарап оларды қолы таза емес адамдардан ажыратып алуға мүмкіндік бар. Сондай мүмкіндікті пайдаланып, біз Астана қалалық сотына бас сұқтық. Мақсатымыз Конституцияның 20 жылдығына орай атқарылып жатқан шаралар туралы және 100 нақты қадамның ішіндегі соттарға тиесілі мәселелерге орай не істелінетіндігі жайында, әрі жоғарыда айтылғандай, адам тағдырын шешетін сот саласына байланысты жиі көтерілетін сындарға сай қандай шаралар қолға алынып, түптеп келгенде, оның шешімі қалай болатындығын білу еді. Өйткені, сот жүйесіне сын аз айтылмайтыны белгілі. Және оның түп-төркіні ел үшін аса қауіпті дертте жатыр. Ол дертсыбайлас жемқорлық. ERA_6066Бұл орайда Астана қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы Асқаржан Кенжеғарин Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынған Ұлт жоспарыбес институттық реформасын жүзеге асырудың 100 нақты қадамында соттарға берген тапсырмалардың орындалу барысы жайлы үлкен толғаныспен сөз етті. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды өркендету жолындағы бес халықтық реформада «Бүгінде сот жүйесінің әлсіз буыны – судьялар корпусы арасындағы сыбайлас жемқорлық көріністеріне жиі-жиі соқтырып жататын судьяларды іріктеу, судьяларға қойылатын біліктілік талаптарының тиімсіздігі. Судьялар корпорациямен меңіреу тұмшаланбауы тиіс және қоғамдық сыннан тыс болмауы керек. Ашықтық – судьялар қатарындағы жемқорлықтан емдейтін дәрі», деді. Міне, осы судьялар қатарындағы жемқорлықты қалай, қайткенде жоюға болады? Қашанға дейін адамның жиіркенішін тудыратын жемқорлықты соттар өзіне серіктес ете бермек? Бұл қазіргі таңда Қазақстанның болашағын ойлайтын әрбір патриот жанның жанын мазалайтын үлкен сау­ал. Біздің мұндай уайымымызды дөп басқандай, Астана қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы Асқаржан Кенжеғарин де біраз мәселелерді айтып берді. Бәрінен бұрын, еліміздің сот жүйесі Мемлекет басшысы алға қойған талаптарға сай дамитыны, сөйтіп, әрбір қазақстандықтың Конституцияға сай өз құқын қорғауда заңсыздықтың кедергі келтіре алмайтындығына кепілдік ретінде жаңа атқарылар жұмыстар ауқымының кеңдігімен шынайылығы қуантты. Асқаржан Қапезұлы да қазіргі елордадағы лауазымға бірден аяғы көктен салбырап түсе қалған жоқ. Ол да сот саласының сырын әліппеден бастап, талай жерде қызмет етіп, білім мен біліктіліктің арқасында сан тарау тәжірибе жинады. Сол білім мен тәжірибе арқасында судья үшін ең басты мақсат – кінәліні кінәсізден айырып, айыпсызды айыпты қылмау екендігін үнемі есте ұстайды. Алайда, әттең бұл игі мақсат сыбайлас жемқорлықтың басымдылығынан әрқашан барлық жерде біркелкі орындала бермейтіндігі белгілі. Соның салдарынан тараптардың талабы қайырылып, талай жанның жаны жүдейтіні де рас. Міне, осындай келеңсіздіктерден сот жүйесін арылту үшін Елбасы баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекеттік бағдарлама – «Ұлт жоспары – 100 нақты қадамда» не істеп, не қою керектігін нақтылап көрсетіп берді. Енді тек, осы бағдарлама бойынша жұмыс атқарылуы тиіс. Ал оны ойдағыдай орындау барлық жағдайы толық қамтамасыз етілген соттар үшін қиындық келтірмейді. Елбасымыз Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде айтқандай, Ұлт жоспары – 100 нақты қадам мемлекетті жаңғырту жолындағы бағдарлама ретінде жаһандық және ішкі сын-қатерлерге қарсы күресуге жұмылдыратын әрі еліміздің әлемдегі дамыған мемлекеттердің отыздығы қатарына қосылуына жол бастайтын қауқары зор маңызды құжат, дейді. Онда кәсіби мемлекеттік аппарат құру, заң үстемдігін қамтамасыз ету, индус­трияландыру және экономикалық даму, біртектілік пен бірлік, есеп беретін мемлекетті қалыптастыру жалпыұлттық дамудың көрсеткіші болып табылады. Міне, осы орайда ұсынылып отырған 100 нақты қадамның 11 қадамы соттардың қызметіне тікелей қатысты. Атап айтсақ, реформаға сай бес сатылы сот жүйесіне тиесілі, яғни бірінші, апелляциялық, кассациялық, қадағалау және қайта қадағалау түріндегі жүйеден, енді үш сатылы: бірінші – апелляциялық, кассациялық болып орнығатын сот төрелігі жүйесіне көшу қарастырылып отыр. Сөйтіп, бұдан былай сот процестерін бейне және үнтаспаға жазу міндетті шартқа айналады. Қазірдің өзінде Астана қалалық сотының сот процестері бейне және үнтаспаға жазылу арқылы өтеді. Бұл, Елбасы айтқандай, соттардың жемқорлықтан ада болу үшін ашықтыққа бет бұруы. Демек, ашықтық бар жерде судьяның қарақан басының қамын күйттеп немесе қалтаның жайын ойлап бұра тартпайтындығына, тіпті, айдаһардай ақырған лауазымды шенеуніктердің тепкісінен де конституциялық заңды арқау етіп тайсалмайтындығына сенім зор. Ал жапа шеккен халық үшін осыдан артық қандай әділдік керек? Міне, осы әділдікті ту етіп, ашықтықты одан әрі орнықтыру үшін алқа билермен қаралатын істердің санаттары да кеңейтіледі екен. Айыптаушы мен қорғаушы жақтар арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету барысында азаматтардың құқын шектейтін барлық тергеу қызметі жөніндегі өкілеттіктер біртіндеп тергеу судьясының құзыретіне беріледі. Сот төрелігі институты мемлекеттік басқару академиясынан бөлініп, Жоғарғы Соттың жанында жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар, инвестициялық даулар бойынша жеке сот істерін жүргізу қадамы іске асырылатын болса, еліміздің Жоғарғы Сотында ірі инвесторлар қатысатын дауларды қарау үшін инвестициялық алқа құрылмақ. Бұл орайда, Астана қаласының сотында мамандандырылған судьялар құрамын қалыптастыру да қарастырылған. Бұл не үшін қажет? Бұл, жоғарыда айтылғандай, Жоғарғы Сотта құрылатын алқада ірі инвесторлардың қатысуымен болатын даулар қаралса, ал қалған инвесторлардың қатысуымен болатын дауларды Астана қаласы сотының мамандандырылған судьялар құрамы қарайды деп жоспарлануда. – Бұл таптырмас тамаша үлгі шетелдік сарапшылардың ғылыми-консультативтік кеңес жұмысына қатысуы арқылы инвестициялық даулардың қаралуына мүмкіндік береді. Астана қаласында халықаралық сот төрелігі орталығы құрылады. Бұған қоса, сот төрелігін одан әрі мамандандыру мақсатында инвесторлардың және Астана өңірлік қаржы орталығы қатысушыларының қатысуымен дауларды қарайтын облыстық сотқа теңестірілген мәртебеге ие «Мамандандырылған инвестициялық сот» құру мәселесі зерделенуде, – деп атап өтті Асқаржан Кенжеғарин. 100 қадамда көрсетілгендей, соттар­дағы келеңсіздіктердің алдын алу үшін «судья лауазымына кандидаттарды іріктеу тетіктерін көбейту және біліктілік талаптарын қатайту болып табылады. Міндетті түрдегі талап – сот істерін жүргізуге қатысудың 5 жылдық өтілі. Олардың кәсіби дағдысы мен іскерлігін тексеру үшін ахуалдық тестілер жүйесін енгізу. Судьялыққа үміткерлер соттарда стипендия төленетін бір жылдық тағылымдамадан және одан кейін әлгі судья бір жылдық сынақ мерзімінен өтеді. Сол сияқты 100 қадамда судьялардың есеп беру тәртібін күшейту ерекше қарастырылып отыр. Судьялардың жаңа этикалық кодексін жасау соның негізінде азаматтар судьялардың әрекеттері бо­йынша еліміздің Жоғарғы Сотының жанынан құрылған арнайы сот алқасына шағымдана алатын болуы керектігі айқындалған. Бұл жөнінде апелляциялық сот алқасының төрағасы Асқаржан Кенжеғарин судьялардың есеп беру тәртібін күшейту мақсатында судьялардың жаңа этикалық кодексі жасалынатынын, соның негізінде азаматтар судьялардың әрекеттері бо­йынша еліміздің Жоғарғы Сотының жанынан құрылған арнайы сот алқасына шағымдана алатынын жеткізді. Сондай-ақ, судья лауазымына кандидаттарды іріктеу тетіктері көбейіп, біліктілік талаптары қазірден-ақ күшейтілген. Енді судьялыққа кандидаттарға сот жүйесінде 5 жылдан кем емес жұмыс өтілі болуы керектігі міндетті түрде талап етіледі. Сөйтіп, судьялыққа кандидаттардың кәсіби дағдысы мен іскерлігін тексеретін ахуалдық тестілер жүйесі енгізіледі. Судьялыққа үміткерлер соттарда судья жалақысының 70 пайызы мөлшерінде шәкіртақы төленетін бір жылдық тағылымдамадан өтеді, дедік. Бұл туралы Асқаржан Қапезұлы «сот істерін жүргізуге қатысу өтілін енгізу судьялыққа кез келген адам өтіп кетпес үшін, яғни сот ісін жүргізуден нақты тәжірибесі бар, сот жүйесінде қызмет атқарған немесе сот процестеріне үнемі қатысып қалыптасқан кадрлардың келуіне септігін тигізеді. Ең бастысы, судьялықтан үміткерлерді судьяның көмекшісі ретінде пайдаланып, сотта істің қалай қаралатынын, сот процесінің қалай ұйымдастырылатынын, дәлелдемелерді заң нормаларына сәйкес зерделеу, сол арқылы сот актілерін сау­атты жазуға машықтану біліктілігін арттыруға ықпалы мол болады, дейді. Айыптаушы мен қорғаушы жақтар арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету барысында азаматтардың құқын шектейтін барлық тергеу қызметі жөніндегі өкілеттіктер біртіндеп тергеу судьясының құзыретіне беріледі дедік. Бұл орайда тергеу судьясы туралы толығырақ айтып беруді сұрағанымызда Асқаржан Кенжеғарин ойын былайша сабақтады. Оның айтуына қарағанда, тергеу судьясының өкілетті-гіне қылмыстық сот ісін жүргізу кезінде адам құқығы, бостандықтары мен оның заңды мүдделерінің сақталуына сот бақылауын кодексте көзделген тәртіппен жүзеге асыру жатады екен. Тергеу судьясының өкілеттілігі кодекстің 55-бабында көзделген. Сотқа дейінгі іс жүргізу барысында тергеу судьясы күзетпен ұстауды, үйқамаққа санкциялауды, лауазымынан уақытша шеттетуді, экстрадициялық қамақты, мүлікке тыйым салуды санкция­лауды жүзеге асырады. Сондай-ақ, сот-психиатриялық немесе сот-медициналық сараптама жүргізу үшін медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастыру, мәйітті эксгумациялау, күдіктіге, айыпталушыға халықаралық іздеу жариялау мәселелерін қарайды. Тергеу судьясының қаулысына процестік кодекстің 107-бабында көзделген тәртіппен шағым жасалуы, наразылық білдірілуі мүмкін. Адвокат тергеу судьясына айғақтарды сақтауға беру туралы, тиісті заң көмегін көрсету және лауазымды тұлғалар сұрауды орындаудан бас тартқан жағдайда қорғалушының мүдделерін қорғау үшін қажетті мәліметтерді, құжаттарды, заттарды талап ету хаттамасымен өтініш білдіре алады. Адвокаттың қорғауындағы азаматтың мүддесіне нұқсан келетін немесе қорғауына жататын кез келген санкцияны сұрауына мүмкіндік беріліп отыр. Тергеу судьясының шығарған қаулысына ол жария етілген кезден бастап үш тәулік ішінде облыстық және оған теңестірілген сотқа шағым жасалуы, сондай-ақ, прокурор наразылық білдіруі мүмкін. Азаматтар үмітінің ақталуы бұл, бірінші кезекте, судьялардың атқарып отырған лауазымына адалдық танытуымен байланысты. Бұл ретте тергеу судьясының сот саласындағы кәсіби даярлығы мол, жан-дүниесі таза, адамгершілігі жоғары, пайым-парасаты биік адам болуға тиіс, дейді ол. Ал енді осы жоғарыда айтылғандардың бәрі нақ қазірден бастап қолға алынып жатқан шарулар болса, атқарылған жұмыстар туралы да оқырмандарымызға айтып берсек деген сауалымызға Асқаржан Қапезұлы бірқатар жаңа мәліметтер келтірді. Жыл басынан бері қалалық сотқа 1334 іс түскен екен. Соның 1230-ы аяқталыпты. Қаралған 706 іске сай үкім шығарылған. 292 іс қысқартылып, 191 іс әлі аяқталмаған екен. Бұл сандар жұмыстың қызу жүріп жатқандығын көрсетеді. Әрине, бұл сандарды тілге тиек ету оңай, бірақ олардың әрқайсысының өз тарихы бар екені анық. Мәселен, Астана қаласы Есіл ауданының №2 аудандық сотында Спорт және денешынықтыру істері агенттігі төрағасының бұрынғы орынбасары А.Тұматаевқа қатысты үкім жарияланды. А.Тұматаев «Дан-Строй» АҚ өкілінен бірнеше рет ақшалай пара алғандығы, яғни «Астана қаласындағы олимпиадалық дайындық орталығы» спорттық кешеннің құрылысы бойынша орындалған жұмыс актілеріне заңсыз қол қойғаны үшін айыпталды. Сот жарыссөздері барысында мемлекеттік айыптаушы А.Тұматаевтың 1 миллион теңге көлемінде пара алу бөлігі бойынша іс-әрекеттерін 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап заңды күшіне енген ҚК-нің жаңа редакциясының 366-бабының 2-бөлігіне сәйкес қайта саралауды және оған айыппұл түріндегі жаза тағайындауды сұрады. Өйткені, мемлекеттік айыптаушы нақты дәлел жоқтықтан А.Тұматаевқа алдын ала тергеу органдары тарапынан тағылған пара алудың басқа бөліктері бойынша айып тағудан бас тартты. Сөйтіп, сот үкімімен А.Тұматаев 1 миллион теңге көлемінде пара алғандығы үшін, яғни Қылмыстық кодекстің 366-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған, оның жеке өзіне тиесілі мүлкін тәркілей отырып, алынған параның алпыс еселенген сомма көлемінде, яғни 60 миллион теңге құрайтын айыппұл түріндегі жаза тағайындалды. Сол сияқты Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты ҚК-тің 24-бабының 3-бөлігі, 366-бабының 4-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылған М.Оспановқа, ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігі, 367-бабының 4-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылған А.Ақтайға қатысты үкім етті. М.Оспанов Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы лауазымына тағайындалған болатын. Кейін Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен ТМРА мен департаменттің тарифті 4.22 теңгекВт.с мөлшерінде белгілеу әрекетіне акционерлік қоғамның шағым түсіруі нәтижесінде облыстық соттың апелляциялық және кассациялық сатыларының шешімдерін өзгеріссіз қалдыру салдарынан 2013 жылғы 25 қарашадағы №199-ОД бұйрығының күші жойылған болатын. Бұған қарамастан, М.Оспановтың бұйрығымен Атырау облысы бойынша ТМРА сот шешімінің төмендетілген тарифтің күшін жою туралы бөлігін орындаудан бас тартқан. «Атырау Жарық» АҚ басшылығының пікірінше, белгіленген тариф 1 млрд. теңгеден астам кірісті жоғалтуға, қоғамның қаржылық жағдайын нашарлатуға, инвестициялық бағдарламаның орындалуына қауіп төндіруге себеп болуы мүмкін еді. Осыған орай, «Атырау жарық» АҚ акционері, «Энергоинвест ЛТД» ЖШС-нің 40 пайыз көлеміндегі үлеске ие құрылтайшысы, «Атырау Жарық» АҚ-тың жалғыз акционері В.Сидельковский М.Оспановтың танысы А.Ақтайға жүгінген. А.Ақтай «Атырау Жарық» АҚ-тың мүддесі үшін М.Оспановпен кездескен. Кездесу барысында М.Оспанов қызмет дәрежесін асыра пайдалану арқылы бопсалау жолымен заңсыз сыйақы табуды ойлайды. Осы мақсатпен М. Оспанов табиғи монополиялар субъектісінің мүддесіне қызмет етуші А.Ақтай арқылы тарифті арттыру мәселесінің толығымен өзі шешетіндігіне қоғам басшылығын сендіре отырып, «Атырау Жарық» АҚ-тан 200 000 АҚШ доллары сомасында ақшалай түрдегі параны талап еткен. Акционерлік қоғамға кіру жоспарын көздеген және өзіне жүктелген міндетке сәйкес өз бизнесін сақтап қалу мақсатында А.Ақтай М.Оспановқа оның көмекшісі арқылы «Атырау Жарық» АҚ-тың тариф деңгейін арттыруға ықпал ету үшін жоғарыда айтылған соманы дайындайды. Содан А.Ақтай 2014 жылғы 27 маусымда М. Оспановпен кездесіп, оның талабы бойынша өзінде сақтаулы тұрған 200 000 АҚШ долларын М.Оспановтың көмекшісіне беруді сенімді өкіліне тапсырғанын айтады. 2014 жылғы 29 маусымда шұғыл-іздестіру іс-шараларының барысында ақшаны алып жатқан кезінде көмекшіні қаржы полициясының қызметкерлері тұтқындаған. 2015 жылғы 13 ақпандағы сот үкімімен М. Оспанов ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігі және 366-бабының 4-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған ҚК-нің 55-бабына сәйкес 1 101 060 000 теңге айыппұл салынып, өзіне тиесілі барлық мүліктері тәркіленіп, мемлекеттік және жергілікті өзін өзі басқару органдарында қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Әрі ҚК-нің 50-бабының 2-бөлігіне сәйкес М.Оспановты «Құрмет» ордені мемлекеттік наградасынан айыру туралы ел Президентіне ұсыныс енгізілді. Осы үкіммен А.Ақтай ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігі, 367-бабының 4-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, осы бапқа ескерту ретінде көрсетілген 2-бөлікке сәйкес қылмыстық жауаптылықтан босатылды. Міне, біз елордамыздағы қалалық соттың жұмысына қатысты бірқатар мәліметтер келтірдік. Мемлекет басшысының соттардың алдына қойған тапсырмаларына сай атқарылар және атқарылып жатқан бірқатар көңіл аударарлық іс-шаралар бар екенін көріп, білдік. Бәрінен бұрын келтірілген мысалдардан байқағанымыздай, сотта қаралатын қандай істе болмасын заңдылықты сақтап, қайткен күнде де тура шешім шығаруға әрекет ететіні анық байқалады. Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан». Суретте: Асқаржан Кенжеғарин.