
Мен жолсерігіме ренжіп қалдым. Бірақ мұнымды оған білдірмедім. Жасы менен үлкен әрі ашық-жарқын кісі екен. Діттеген жерімізге жеткенде жылы қоштастық. Әлгі кісінің рең-басы, түр-түсі әлі күнге жадымда. Өзі қазақы ауылда өсіп, есейгенде оқу іздеп қалаға келіпті. Келген шаһарында мұғалімдікке оқып, сол мамандықпен зейнетке шығыпты. Өзі таза қазақтілді. Ал мен оған неге ренжідім?
Басқаны былай қойғанда, үлкендер тарапынан, кітаптардан неше түрлі мақалдар мен мәтелдер, тұрақты сөз тіркестерін естіп, оқып, құлағымыздың құрышын қандырып, санамызды байытып, оны қолданып өскен біз жасы ұлғайған жан кездесіп, онымен әңгімелесу мүмкіндігі туа қалса, жүрегімізде аз-кем қуаныш оты жылт ете қалатыны бар. Бұл қуаныш оты әлгі жасамыс кісіден бір ұлағатты сөз күтпесек те қазақ тілінің құнарын сезіндіре білетін, мақал-мәтелдер, тұрақты сөз тіркестері кеңінен қолданыла отырып баяндалатын әңгіме естіп қалу үмітінен туындайтын. Ал менің жолсерігім сөзшең болғанымен тілі жұтаң екен. Көңілім толмады. Ұзақ жыл мұғалім болған кісінің тілі сонша «кедей» болады деп ойламайсың. Әңгіме барысында мен оған басқасын айтпайын, кәдімгі «ит өлген жер» деген тұрақты сөз тіркесінің нені меңзеп тұрғанын түсіндіріп беруіме тура келді. «Әңгіме бұзау емізер, бұзау таяқ жегізер» деген мәтелді менен бірінші рет естіген секілді. Таңғалдым. Бұрын естімеуі мүмкін емес қой негізі. Өзі мұғалім, пәленбай жыл мектепте дәріс оқыған. Басқа мамандық иесі болса бір сәрі... Басқа салада қызмет етсе де тілі қазақша шыққан, қазақы ортада өскен кез келген адамның бәрін болмаса да қарапайым, жиі қолданылатын мақал-мәтелдерді, тұрақты сөз тіркестерін білмеуі ыңғайсыз секілді көрінеді, шынында.
Әлгі кісі секілді тілі жұтаң замандастарымыздың аз емес екенін соңғы кездері айқын аңғарып жүрміз. Орыстілді болса мейлі, түсінейік, ал таза қазақтілді замандастарымызға не жорық?
Осыдан біраз бұрын бір замандасымызға «көре алмау», «іші күю», «зығырданы қайнау» сынды қарапайым сөздердің мағынасын түсіндіріп бергенімді қайтесің. Тағы бір бауырымызға «тақа бір», «айдамал», «нәйеті», «күдерін үзу», «ділгір», «бөжек» сияқты т.б. сөздерді қазақшаға «аударып» бергенім бар.
Мұндай мысалдарды көптеп айтуға болады. Ана тілімізге тән қарапайым сөздерді жастарды айтпағанда, егде тартқан кісілердің аузынан «таппай» бара жатқанымыз алаңдатпай қоймайды. Бұл мақалдатып, мәтелдетіп, тұрақты сөз тіркестерін кеңінен қолданып сөйлейтін үлкендер жағын үлгі етуі тиіс буынның естіген-ұққанын ұмытып бара жатқанын немесе кітап оқудан алыстай түскенін білдірсе керек.
Білім ошақтарына жиі ат басын бұрып тұрамыз. Ұстаздар, білім алушылар тілдерінің жұтаңдығын зерттемей-ақ сезіп қоясың. Қазақтың бай тілінің ең маңызды, мәнді, құнарлы, майлы, жілікті, екпінді, есті, әсерлі, әдемі сөздері кітаптарда, дұрысы архивтерде ғана сақталып, жалпы қолданыстан шығып қалмаса екен деп тілейсің. Бұл мәселеде ұтылсақ, кінә өзімізде ғана болады, басқада емес.
Кешегі аға буын мақалдатып, тұрақты сөз тіркестерін қоспай сөйлемейтін. Ал біз олардай болмадық. Мақал-мәтелдердің, тұрақты сөз тіркестерінің, қазақтың керемет сөздерінің орнына ағылшынша, орысша, қосып сөйлейтін болып алдық. Біздің сиқымыз осы.
Қазақтың қаршадай бір қызы шыр-шыр етеді: «қазақ «жұмыс жасайды» демейді, «жұмыс істейді» дейді, «қазақ «көретін боламыз», «баратын боламыз» деп айтпайды, оның орнына «көреміз», «барамыз» дейді, «болып табылады» дегенді «тізгіндей» алмадық...». Шырылдауы орынды. Иә, жастар өсіп келеді, ұлтқа жаны ашитын. Соларға қарап қуанасың.
Құнарлы ана тілімізді құнттап қолдану әрбір қазақ баласының парызы. Бұл тек қазақтың шаруасы, басқа ешкімдікі емес. Әсіресе, мінбелер мен баспасөз, теле-радиоларда, әлеуметтік желілерде сөз ұстап жүрген жамағат пен білім, тәрбие беретін орындарда қызмет ететін ағайынның, ата-аналардың «құлағына алтын сырға». Қынжылтатын дүние көп... Түсіністікпен қарауға тырысасың. Десек те тізгінді бос тастауға, арқаны кеңге салуға құқымыз жоқ.