
Сурет: hrono.ru
– Мөрханға «сауап» болды. Әйел, бала-шағасы құп қатырды оны, – деді біріншісі әзіл ыңғайында.
– Айтпа... Енді ол не істейді екен? – деді екіншісі жымия.
– Білмедім...
– Тосынсыйды тапсырып жатқандағы Мөрханның түрін көріп жаным ашып кетті. Қызарақтап, ыржалақтап... Не болса да сыйлық атауы жазылған сертификатты ұстағанда қолдары дірілдеп, құты қашқанын байқатып алды ол.
– Иә, қиын ғой... Іші қу, әрнеден хабары мол Мөрхан армандамаған, қаламаған тосынсыйды ауыр қабылдады.
– Бұл тартудың соңында үлкен жауапкершілік, оны орындау машахаты бар екенін жақсы білетін оған, әрине қиындау. Нәпсісіне ауыр тиері сөзсіз.
– Негізі, әлгі сыйлықты беруді ұйымдастырған әйелі деп ойлаймын.
– Мен де солай есептеймін.
– Кім ұйымдастырса да оны айыптауға болмас. Өйткені, аузы арақтан босамайтын, отбасының берекесін үркітуден талмай келе жатқан Мөрханның бетін иманға бұру, намазға жығу амалы ғой бұл.
– Иә, ілгері ниет, ілкімді ой десейші. Қасиетті Қағбаны көріп, Мекке топырағын басып келсе, қажы атанса оңды жолға түсіп, орнымен жүріп-тұруға бет бұруы да ғажап емес қой.
– Әй, қайдам... Мұндай тосынсыйға ие болғандардың талайын көргенбіз. Ондайлар қажылыққа барып келген соң екі-үш ай тәпсісін қолынан тастамай, аузынан «біссімілләсі» мен «әлхамы» түспей жүреді де кейіннен баяғы жырын қайта жырлап кетеді. Құдай мазақ, Мекке ермек пе бұл қазаққа?
– Бәрін Құдай біледі. Бәлкім, Мөрхан бұл сапардан кейін ес кіріп, тура жолға түсіп кетер. Лайым солай болғай.
– Біз тым артық сөйлеп кеткен жоқпыз ба? Бейне бір өзіміз тура жолда жүргендей...
Екеуі де үнсіз қалды. Сөзді біріншісі жалғады.
– Мөрханға күлмейік. «Күлме досқа, келер басқа» деген бар. Ертең дәл осындай тосынсый топ етіп алдымыздан шығып тұрса қайтеміз?
Сұрақ жауапсыз қалды. Екі құрдас қоштасты да өз үйлеріне қарай бұрылып кетті. Екеуі де түнімен ұйықтай алмай шықты. Олардың алпыс жылдық мерейтойлары келесі айда бірінен кейін бірі болатын еді. Бар ойлары: «Мөрханның кебін киіп жүрмесек жарар еді».
Жұрт «Халал» той деп атайтын жиынды ақ шәугімге жасырыла құйылып еркін аралайтын «ақ шай» – жынды судан ептеп-ептеп ұрттап қайтқан екеу Мөрхан алған тосынсыйдың өздеріне бұйырмауын Тәңірден тіледі. Бұл не, Құдай алдындағы жауапкершіліктерін терең сезіну ме?
Екеуінің де өздерін ақтап алатын сөздері көп еді.
Армандамаған, қаламаған тосынсый талайларды күтіп тұр... Сол үшін ниетімізді түзеп жүрейік, ағайын. Әйтпесе...