Тарих • 14 Қаңтар, 2025

«Қолымды далада жоғалтып алдым» немесе құжаттары құпия деп танылған 106-кавалерия дивизиясы хақында

1475 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Ауылда мектепте оқып жүрген кезім. Көктемгі демалыста Көкше­тау облысына (қазіргі Солтүстік Қазақстан) қарасты Сырым­бет селосынан Дәу­қара ауылына келдім. Бақ­тар күлімдеп көз тартып, ағаштар жамырап, құстар ұя салып, әнде­тіп тұрған күндер еді. Бір күні Құрманғали аға­тайым мені шақырып алып: «Балам, өзіңмен сөйлесетін әңгімем бар» деді.

«Қолымды далада жоғалтып алдым» немесе құжаттары құпия деп танылған 106-кавалерия дивизиясы хақында

Суретте: соғыс ардагері болған, Харьков шайқасына қатысқан сарбаз Құрманғали Жағыпарұлы (бірінші қатарда)

Кішкентай кезімде ағатайым­нан: «Екін­ші қолыңыз неге жоқ деп?» деп артынан қалмай сұ­рай беретінмін. Ол кісі әзіл­деп «Да­лада жоғалтып алдым ғой» дейтін.

Ағатайым дегенім әкемнің ағасы, ол кезде ауылда мұғалім еді. Ауылдастарым Құрманғали Жағыпарұлын ерекше сыйлайтын, мәселелер шешілмей жатса, «батыр ағадан сұрайық» десіп ағатайыма келетін. Жаны шуақты, адал, кімге болсын қол үшін беріп жүретін қайырымды жан еді. Сондай-ақ оқушылары ол кісінің жайдары ашық мінезді, мейірімді, дәрісті қызықты етіп өткізетін ұстаз екенін айтатын. Олар жазда шөп шабу науқанына барғанда ұстаздарының сыңар қолымен шөмеле шөпті автокөлік қорабына қалай лақтыратынын айтып, күшіне таңдай қағысатын. Ұлы Жұмабек те әкесінің қайрат­тылығын, жалғыз қолымен қасқырды соғып алғанын жыр қылып әңгімелеуге құмар еді.

– Айналайын, ауылға келіп қалыпсың. «Айтпаса сөздің ата­сы өледі» дегендей, балам, бұрын­да өзің сұрай беретін «далада жоғалтып алған қолым» туралы айтып берейін, – деп бастады Құрманғали ағатайым кезекті әңгімесін. – Есіңде болсын, Екінші дүниежүзілік соғыс басталып, елімізге қиыншылық туғанда Ақмолада жасақталған 106-кавалерия дивизиясының құрамында болдым. Алдымен үш айлық кавалерис­тер дайындайтын курстан өтіп, 1942 жылы Украинадағы Харьков жерінде болған қанды қырғын шайқастарға қатыстым. Ал мамыр айында Красноград бағытында болған ұрыста қолым­да жалғыз қылышым бар, ақ боз ат тұл­пармен жаудың танкілеріне жекпе-жек шығып, қан кешіп, жараланып, жолбарыстай жортып, мына қолдан айырылдым. Жаудың танкісі от жалынын шашып тұрса да, ар-намысымды фашистерге бермедім.

Артынша көп ұзамай Құрман­ғали ағатайым өмірден озды. Мен ағатайымның қай сөзіне сенерімді білмей, тебіреніп, толқып қалдым. Әттең, ағатайым Харьков жерінде болған шайқас жөнінде бұдан басқа ештеңе айтқан емес. Бірақ та қысқа әңгімесі әлі ойымнан кеткен жоқ.

Өсе келе Харьков жеріндегі шайқас жөнінде мұрағаттарды ақтарып, мәлі­меттер іздей бастадым. Алғашқыда шын­дыққа жету қиынға соқты, құжаттар құпия болды. Айтылған шайқас­қа қатысқан адамдардан сұрас­тырып, мұрағаттарды арала­ғанда 106-кавалериялық дивизия жөнінде құжаттар жойыл­ғанын білдім. Кейіннен шындық ашыла бастады: Харьков шайқа­сында көптеген жауынгер қаза тап­қанына байланысты диви­­зия­ны таратып жіберген, мәлім­демелерді құпияға айналдырған.

Харьков ұрысы жөнінде шай­қас­тың жоспарын құруға қатыс­қан, әске­ри кеңесінің мүшесі, екі мәрте Кеңес одағының батыры, маршалы Иван Багра­мянның естеліктерінен де қарастыр­дым. Ол өзінің «Осылай жеңіске қа­рай қадам бастық» («Так шли мы к победе», Москва: Воениздат, 1977 г.) деген естелі­гінде «Харьков шайқасына» тоқта­лып, Иван Христофорович ұрысты атақ­ты қолбасшылармен бірігіп жос­парлағанын, шайқастың қалай болға­нын еске алады. Со­нымен қатар басқа бөлімдермен 106-кавалерия дивизиясы генерал А.Носков басқарған 6-кавалерия корпусы құрамында болып, жауға тойтарыс берген ең негізгі күш болғаны туралы да айтады.

Ал 1-таулы-атқыштар диви­зия­сының мұрағатында вермахтың таулы әскерінің генерал-майоры Хуберт Ланц Харьков бағытындағы шайқасты өз естелігінде: «Бұл ұрыс мәңгілік есте қалатын ең ауыр, қанды шайқас еді. Бұл күндері кеңестің қызыл әскерлері біздің шабуылға бетпе-бет келді, қоян-қолтық айқаста тіресе соғысты. Мен олардың ерекше ерліктеріне, әскери шеберліктеріне әлі күнге таңғаламын. Бораған оқтың астында командирлер, комиссарлар қолдарындағы пистолеттерімен жауынгерлерге команда беріп: «Алға! Жүгіре бас!» деп ержүректілігімен өнеге көрсетіп, бізге қатты соққы берді. Бірталай адам қаза болды, ал тірі қалғандар бір-бірінің жарақатын таңып, қатты жаралғандарды тастамай, оттан алып шығып, саулары қайтадан ұрысты жалғастырды. Бізден ешкім сес­кенген жоқ, өз жері үшін бір қадам шегінген емес...» деп суреттейді. Кезінде осы тақырыпты зерттеген отставкадағы полковник Мағжан Қахарманов біраз шындықтың бетін ашыпты. Ол: «Мен 7-сыныпта оқып жүргенде әкеммен бірге Мәскеуге бардым, онда Харьков шайқасына қатысқан ардагерлердің кездесуі болды. Сондағы естеліктер әлі есімде. Кейіннен осы шайқасты зерттеген талай азаматпен кездестім. 1942 жылы фашистермен болған қырғын ұрыста 106-кавалерия дивизиясының мыңдаған жауынгері құрбан болыпты. Харьков қанды «қазанынан» аман шыққандардың саны – 22 мың, оның бәрі – 3-кеңес армиясының жауынгерлері. Бірақ та сарбаздар қазақ жігіттерінің шексіз батырлығы жөнінде, фашистердің танкілеріне қорықпай қылышпен бетпе-бет шығып, дұшпандарды жойғандарын еске алғанда, бойымды қуаныш кернеді. Қаншама сарбаз қаһармандығымен қаза тапса да, ерліктері ел есінде қалды.

Мәселен, Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері Сәкен Мұқанов 1942 жылы мамыр айынан тамызға дейін 106-кавлерия дивизиясының 306-кавалерия полкында қылыш бөлімінің командирі болып жаумен соғысқан. Ол майданға 17 жасында Солтүстік Қазақстан облысынан шақырылған.

«Біздің дивизия негізі қазақтардан құрылған. Көбі қайратты, тепсе темір үзетін жас жігіттер еді. «Ат басына күн туса, ауыздықпен су ішер, ер басына күн туса, етігімен су кешер» дегендей, Красноград жеріндегі шайқаста жаудың түтін бықсыған танкілеріне қарсы жалаң қылышпен қарсы тұрдық. Зіркілдеп ұшқан снарядтарға, пулеметтен бораған оққа атпен қарсы ұмтылдық. Дұшпандар шабуылға шығар алдында «юнкерстері» көтеріліп біздің бекіністі бомбалайды, олардың қасқырдай ұлыған даусы құлақты жаратын. Зеңбіректер атқылап, снарядтар жарылып, төңірегіміз тарсыл-гүрсілге айналып, жер жарылғандай болатын. Сонда да майдандастарым қансырап жараланса да жігерімен ерлік көрсетті. Әсіресе нағыз батырлығымен көзге түскен жерлесім, командирдің саясат жөніндегі орынбасары Бигәлі Бейсенбаев еді. Ол «өзің қорықпасаң, жау қорқады» демекші, дұшпан бекінісіне бөлімді шабуылға көтерді. Бигәлі орта бойлы, денесі шымыр, айтып отырған шайқасқа дейін Халхин-Гол өзенінің жағасында 1939 жылы қарулы қақтығысқа қатысып, айрықша ерлік танытқан батыр еді. Осы ұрыста да жекпе-жек фашистерге қарсы шыққанда Бейсенбаев аяғынан жаралы болды. Мен жарасын таңып, тығырықтан жол тауып, жаудың ортасынан алып шықтым. Ержүректік, табандылық танытқандардың ортасында басқа да сарбаздар болды», деп еске алған С.Мұқанов.

Жау әскері өздерінің күші басым екенін сезгеннен кейін дивизия сарбаздарын қоршауға алып, қарусыз кавалеристердің бірталайы дұшпанның тұтқынына түскен. Кавалерия дивизия­сы таратылғаннан кейін С.Мұқанов соғыс жолын 96-пулемет батальонында жалғастырған. Екінші дүниежүзілік соғыста бораған ажал оқтың астында жүріп біреулер қаһарман атанса, кейбіреулері құрбан болып ажал құшты. Қаншама жауынгер із-түзсіз жоғалды. Әлі күнге дейін жүздеген, мыңдаған жерлесіміздің дерегі табылмай жатыр. Тіпті майдандағы сұрапыл шайқастар туралы ақиқат та түгел ашылған жоқ. Кеңес Одағы құлап, тәуелсіздік алғаннан кейін ғана майданның құпия шындығы ашыла бастады.

Мысалы, Харьков жерінде Красноград-Мерефа-Лозовеньки аудандарында болған шайқастардың жұмбағына қараңыз. Мұрағаттың «өте құпия» атты құжатында 106-кавалерия дивизиясы жөнінде мынандай мәліметтер жазылыпты: Шайқасқа кірген сарбаз саны – 4 091 (шайқасқа кірерде 4 323) адам, қару-жарақ: автоматтар – 0, нагандар – 0, винтовкалар – 102, минометтер – (55 мм) 43, минометтер – (82 мм) 18, қылыш – 3 100, жылқылар – 3 180. Фашистердің кеңес әскерінен күші басым болғандықтан, сондай-ақ 106-кавалерия дивизиясының қару-жарақ жетіспегендіктен 26-27 мамырда өткен шайқастарда дивизия қоршауда қалып, сарбаздары қаза тауып, аз ғана бөлігі тұтқынға түсіп хабарсыз жоғалды».

Украинадағы, өзіміздің зерттеушілер­дің, «Бірлік» қоғамдық ұйымының басшысы М.Қаражанованың, отставкадағы полковник Мағжан Қахармановтың, т.б. азаматтардың арқасында Харьков ұрысының құпияланған мәліметтері ашылып жатыр. Қазақстан елшілігінің бастамасымен, «Бірлік» қоғамдық ұйымының қолдауымен Красноград қаласында 106-кавалерия дивизиясы жауынгерлерінің құрметіне ескерткіш стелла орнатылды. Осы орайда «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігінің белсенді жұмысы туралы да айтып кетуіміз керек. Осы ұйымның басшысының орынбасары Әбубәкір Смаиловтың арқасында аталған шайқастарда қаза болған сарбаздардың жерленген жерлері табылып, елімізге сүйектері жеткізіліп, әскери құрмет көрсетіліп жерленіп жатыр.

 

Сапарғали ЖАҒЫПАРОВ,

әскери журналист