ВВС таратқан мәліметке сүйенсек, 7 қаңтарда басталған Лос-Анджелестегі өрттен 180 мыңға жуық адам эвакуацияланған, шамамен 10 мың ғимарат қызыл жалынға оранған. Лос-Анджелес округінің патологоанатом дәрігері 24 адам өрттің құрбаны болғанын мәлімдеді. 16 адам Итон ауданында, тағы 8-і Палисейдс ауданында табылған. Өрт 3 ауданда – Пасифик-Палисейдс (шамамен 96 шаршы шақырымды қамтиды), Итон (шамамен 57 шаршы км) және Херст ауданында (шамамен 3,2 шаршы км, бақылауға алынды) орын алған. Жұма күні Лос-Анджелестегі қатты жел аздап басылып, өрт сөндірушілер біршама жерді ауыздықтаған. Алайда жел қайта күшейген. Синоптиктердің болжамынша, жексенбі күні басталған «Санта-Ана» желі сәрсенбіге дейін жалғасып, жылдамдығы сағатына 96 км-ге жетуі мүмкін. Сондай-ақ АҚШ ауа райы қызметінің мәліметі бойынша, ең қатты жел сейсенбіде, яғни бүгін болады деп күтіліп отыр. Пасадена өрт сөндіру бөлімінің бастығы Чед Огастин: «Өкініштісі, жексенбіден бастап сәрсенбіге дейін «Қызыл Жалау» режіміне ораламыз. Жел екпіні сейсенбіде күшейгелі тұр. Біз біраз жерде өртті сөндірдік, алайда күрес әлі біткен жоқ», деді ВВС-ге берген мәлімдемесінде. Ал Калифорния өрт сөндіру бөлімінің өкілі Тодд Хопкинс жексенбіде Палисейдстегі өрт шамамен 90 шаршы шақырым аумақты жойып, Брентвуд ауданына таралу қаупі бар деп мәлімдеді. Онда көптеген Голливуд жұлдыздарының, соның ішінде Арнольд Шварценеггердің және Риз Уизерспунның үйлері орналасқан. Сонымен қатар Брентвудта Гетти көрме орталығы орналасқан, онда баға жетпес өнер туындылары, соның ішінде Рембрандт пен Ван Гогтың суреттері бар. Өрт шамамен 1,8 миллион адам тұратын Сан-Фернандо алқабына да таралуы мүмкін.
Лос-Анджелес шерифі Роберт Луна жексенбіде қаланың 105 мың тұрғынына эвакуациялауға нұсқау берілгенін, тағы 87 мыңға эвакуациялау туралы бұйрық берілгенін хабарлады. Айта кетейік, АҚШ-тың Калифорния штатында 73 отандасымыз білім алып жатыр, оның ішінде «Болашақ» бағдарламасымен 56 студент және «ғылыми тағылымдама» бағдарламасымен 17 адам оқиды. Олардың барлығы қауіпсіз және кураторлармен байланыста. «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ жағдайды мұқият қадағалап отырғанын хабарлады. «Стипендиаттар жергілікті биліктің нұсқауларын орындап, бізге жағдай туралы жедел хабарлайды. Біз университеттермен тұрақты байланыста отырмыз және кез келген жағдайда жауап беруге дайынбыз», деп мәлімдеді «Халықаралық бағдарламалар орталығы» қызметкерлері.
Сондай-ақ Калифорнияда 2,5 жылдан бері тұрып жатқан отандасымыз Жасұлан Серік «Лос-Анджелес қаласының өзінде өрт болған жоқ. Тек шеткі аймақтарындағы орман мен тауға жақын қалаларында орын алды», деп жазды Facebook парақшасында. Оның мәліметінше, жалпы Лос-Анджелес округінде 10 миллион халық тұрады.
«Желіде жасанды интеллекттің жалған видеолары көптеп жүр. Соның бірін айта кетейін: Голливуд жазуы жанында өрт болған жоқ. Өрт себептері: адамдардың табиғатта байқамай өртеп алуы, әдейі өртеуге әрекет жасаған адамдар да ұсталған, Санта-Ана желінің сәйкес келуі (бізше Бесқонақ желі), күннің ыстық (құрғақ) болуы, өрт сөндіру инфрақұрылымы бюджетінің азаюы. Өрт басқаруға келгендей, бірақ өрт сөндірушілер әлі толық тоқтата алмады. Қуаныштысы, өртті елді мекендерден алыстатты», деп түсіндірді ол.
Ал Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров: «Ол жақтағы Қазақстан азаматтары бізге көмек сұрап хабарласқан жоқ. Жалпы, сол жергілікті халық эвакуация жасағанда барлығы бірге көшіріледі», деп пікір білдірді.