
Сайыс ұйымдастырылған Оймякон ауылы – әлемдегі ең суық елді мекеннің бірі. Мұнда сынап бағанасы 1933 жылы – 67,7 градусты көрсеткен. Жалпы, марафонда Ресейдің түкпір-түкпірінен келген 50 шақты марафоншы бақ сынады. Олардың арасында әуесқой әрі кәсіби спортшылар да бар. Қатысушылар марафонның бірінші күні 5, 10, 15, 20 шақырымдық қашықтықты жүгіріп өтті. Ал екінші күні 42-50 шақырымдық мәре сызығын бағындырды.
Жүрек жұтқан
Әлемнің үш дүркін чемпионы Яан Руз тағы бір белесті бағындырды. Эстониялық слэклайнер Дубайдағы зәулім ғимараттардың арасын жалғаған 224 метр биіктіктегі арқанның үстімен жүріп өтті.
Керілген арқанның ұзындығы шамамен 100 метр. Спортшы бұл жетістігін үш мәрте қайталаған. Айта кетейік, бірер жыл бұрын Яан Руз біздің елге де келіп, әйгілі Бозжыра шатқалындағы «қос азудың» арасын жалғаған аспалы арқанмен жүріп өтті.
Қылмысты анықтайтын құрылғы
АҚШ-тағы сот жүйесі жаңа технологияларды қолдана бастады. Олар куәгерлерді тыңдап қана қоймай VR шлем арқылы оқиға орнына «барып», жағдайды бақылай алады.
Мұндай заманауи шешімдер – куәгерлердің немесе айыпталушылардың сөздерін тексеруге таптырмас құрал. Бұл виртуалды шындық болашақта сот жүйесінің толыққанды жаңаруына ықпал етуі мүмкін.