XIX ғасырдың ортасына таман Ақмола уезі Нілді болысында көк-жасыл (қазақша «ніл») түсті тау жыныстарынан тұратын мекенде (бүгінгі Қарағанды облысы Шет ауданы Өспен ауылдық округі Нілді стансасы) 1847 жылы мыс кені ашылды. Кейін Нілдідегі Успен руднигі деп аталған бұл тұңғыш мыс кеніші туралы сол кезеңде уақытша иелік еткен ағылшындық металлургия кәсібінің білгірі Нельсон Фелл: «Бұл кеніш – әлемдегі аса жоғары сапалы бірегей мыс кен орны», деп айтқанын біреу білер, біреу білмес.
ХХ ғасырдың басында елімізде француз-ағылшындық «Спасск мыс кендері акционерлік қоғамы» (The Spassky Copper Mine, Ltd) құрылардың алдында 1768-1774 жылдар аралығында, Ресей ғылым академиясы экспедиция ұйымдастырып, оны П.Паллас басқарады. Экспедицияға қатысушылардың бірі Н.Рычков болды (1746-1784). 1772 жылы Санкт-Петербургте «Капитан Николай Рычковтың 1771 жылы Қырғыз-Қайсақ даласына жасаған саяхаты туралы күндізгі жазбалар» атты кітабы басылады.
Осындай экспедициялардан кейін 1846 жылы орыс сарбаздары Ұлытауда бекініс салған. 1847 жылы қарашада Көкшетау уездік бұйрығына сәйкес, Ұлытауда алты мыс кен орнын ашуға орыс көпесі Никон Ушаков өтінім береді. Бірақ кен орындары ашылмай, игерілмей қалады. Себебі бұл өңір бүгінгі Қарағанды қаласынан оңтүстікке қарай орналасқан Спасск зауытынан шамамен 500 шақырым қашық, жер шалғай.
1847 жылы 16 шілдеде Ресейден келген тау-кен маманы Н.Ушаков Ақмола өңірлік бұйрығына сәйкес, Сарыарқаның Нілді төбелі-қыратты мыс кен орнын жергілікті тұрғын Қарабақсы Боздақовтан 86 рубльге теңелген күміске сатып алса, 1848 жылдың 1 сәуірінде Қарағандының төбелі бұйратты Игілік тамы өңірін сол жерлердің иелері Қошқарбай және Саттыбай Жұмановтардан 114 рубль 30 тиынға сатып алады.
1852 жылы 16 ақпанда Екатеринбург қаласында Сораң (Сарань), Нілді өңіріндегі қазба байлықтарды игеруге байланысты жаңа компания құрылып, А.Рязанов 35%, Т.Зотов 30 %, Н.Ушаков 20% және кейінірек Н.Себастьянов 10%-бен кіреді. Осылайша, Сарыарқаның Нілді елді мекенінде ресейлік кәсіпкерлер «Успенский руднигі» деп аталған, жеке капиталы бар, елімізде алғашқы акционерлік қоғам пайда болады. Компания Ақ-Бұйрат-Адыр шатқалында Спасск мыс балқыту зауытын салады (бүгінгі Спасск елді мекені, Қарағанды облысы). Бұл зауытта Успен мыс кенішінен алынатын мыс рудаларын балқыту үшін, Қарағандыдан өндірілетін көмірдің кесектерін 1855 жылы Оралдың химиялық зертханасына және 1856 жылы Барнаулдың бас зертханасына жібереді. Көмірдің талдауы мыс рудасын балқыта алатынына зертхана анықтама береді.
Қарағанды бассейніндегі ұзындығы мен ені 10 шақырымды құрайтын жерді Утеповтер 1856 жылы 14 наурызда Никон Ушаковқа 250 рубльға сатады.
Содан 1857 жылы Спасск мыс қорыту заводын іске қосады, ол Қарағанды көмір бассейнінен 35 шақырым, ал Нілді мыс кенішінен 105 шақырым қашықтықта орналастырылып, экономикалық тұрғыда өндіріс ошақтарын дамытуға ыңғайлы етіп салынады. Сөйтіп, 1860 жылдан бастап мысты таза Қарағандының тас көмірімен балқытудың дәуірі басталады.
1867-1868 жылдары Урал химиялық лабораториясы Нілдідегі «Успенский руднигінде» өндірілген мыстың керсеткішін тексергенде, ондағы таза мыс 99,5 %-ды құрайды, бұл Ресейдің басқа өңірлеріндегі заводтардың өнім сапасынан әлдеқайда жоғары болып шығады. 1870 жылы Санкт-Петербург қаласында өткен Бүкілресейлік мануфактура көрмесінде Успен кенішінің мыс рудасы сапалылығы жөнінен күміс мадаль иеленеді.
Санкт-Петербург, Екатеринбург, Нижегород қалаларында өтетін жәрмеңкенің көрмесіне Успен руднигінің мыс кені арнайы Спаскіден 1200 шақырым жерге арбаға жегілген түйелермен жеткізілген. Осыншама қыруар еңбек үшін 1 пұт (16 кг) кеннің Петерборға жеткізілуі 60 тиынға ғана бағаланған.
Сол кезеңдегі Ресей императорының «қазақ даласына шетел азаматтарын жібермеу туралы» жарлығына қарамастан, 1904 жылдың 1 шілдесінен бастап, Рязановтың барлық өндіріс ошақтарын мәскеулік дворян П.Ф. фон Штейннің араласуымен, француз кәсіпкері Клод Эрнест Жан Карно 176 000 рубль төлеп, кен орындарын үш жылға жалға алады.
XIX ғасырдың жетпісінші жылдарына дейін Н.Ушаков, 1902-1904 жылдарға дейін Рязановтар иелік еткен бұл компанияны француз, ағылшын кәсіпкерлерінің жалға алу құқығы 1904 жылы күшіне енгеннен кейін, құрылтайшылар құрамы өзгереді. Компанияның басқарма төрағасы болып, Англия мемлекеті парламентінің мүшесі Артур Фелл (1850-1935), вице-президенті болып Жан Карно, ал АҚ-ның атқарушы директоры болып Нельсон Фелл тағайындалады. Спасск компаниясының акциялары бір кезеңде Париж және Лондон биржаларында бір уақытта нарықтық белгілеуге (котировка), листингке жатады. Бақылау пакеттерінің акциялары тек ағылшын-француз катысушыларында ғана емес, сонымен қатар акциялар Америка, Германия, Швеция, Аустрия, Испания, т. б. елдердің қаржыгерлерінің де қолында болады. Спасск қоғамына шетелдік Лондон-Ливерпуль коммерциялық банкі, Неміс банкі және ресейлік Азов-Дон, Орыс-Азия, Сібір, Мәскеу, Ресей сауда-өнеркәсіп, Петербург жекеменшік коммерциялық банктері қызығушылық танытады.
Шетелдіктердің келуімен 1908 жылы Қарағанды шахталарына салмағы 400 кг-лық 600 кг жүк көтеретін «Воссе» заводының 30 вагонеткасы әкелінеді. Сонымен қатар шетелдіктер еуропалық технологияларды енгізе бастайды. 1905-1906 жылдары Успен руднигінен, Қарағандыдан мыс рудалары мен көмірді енді Спасскіге түйелермен емес, Франциядан әкелген екі үлкен жүк автомобиль пойыздарымен жеткізді. Ақмоладан Спасскіге, Успенге телеграф, телефон сымдарын тартады. Шетелдіктер өндірістің дамуымен қатар жұмысшылардың да әлеуметтік жағдайларын жақсарта түсу мақсатында, Қарағандыда 10 тас және саман үйлер тұрғызады. Қарағанды жерінде тұңғыш рет қызыл топырақтан күйдірілген бірінші кірпіш үй салынады. Мұны Қарағандының байырғы тұрғындары «қызыл аурухана» (красная больница) деген атпен жақсы біледі.
1906 жылдың көктем айында Успен руднигінің басшысы ағылшын Мартин мен жұбайы Нельданың қолдауымен Нілді аулында мектеп салынады. Оны ұйымдастыру 1905 жылы мұндағы жұмысшылар ереуілін бастаған осы елдің қайраткері Әлі Байшағыровқа жүктеледі. Сонымен күзде орыс-қазақ бастауыш мектебі ашылады.
Нілдідегі Успен руднигінде мыс өндіру кеңес өкіметі кезінде жалғасын тауып, түсті металдардың ірі кен орындары Сарыарқада Жезқазған, Қоңырат, Ақшатау кен орындарының ашылуына байланысты 1964 жылы жабылады. Еліміздің өнеркәсібіне өлшеусіз үлес қосқан тау-кен өндірісінің аса ірі ғалымдары ретінде танылған, кейін мемлекет қайраткерлеріне айналған Қаныш Сәтбаев, Дінмұхамед Қонаев, Әбілқас Сағыновтар осы Нілді мыс кенішінде өндірістік практикадан өткен.
Қазір Қарағанды облысы Шет ауданына қарасты Нілді (Өспен) ауылы – өндіріс саласы ұмытқан өңір. Қ.Сәтбаевтың осы аудандарда мыс өндіруді жандандыру жоспары, идеясы осы күнге дейін өзекті болып отыр. Мұнда тек қана мыс емес, алтын мен күмісті де өндіруге мүмкіндік бар. Кезінде Қ.Сәтбаев бұл жердің кен орындарын жоғары бағалап, мұнда бағалы металдарды өндіру ерте ме, кеш пе жанданатынын айтқан еді.
Жұмағали МАҒЗИ,
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері